«Қайсар» футбол клубында біршама ауыс-түйіс болып, үш жылға жуық клубқа басшылық еткен Садық Мұстафаев орнын босатты. Сыр спортының дамуына елеулі үлес қосқан менеджердің орны енді Талғат Әбдіғаппарұлына тиесілі. Талғат Әбдіғаппарұлы бұған дейін Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «Ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру дене тәрбиесі клубы» ШЖҚ КМК директорының орынбасары, «№4 облыстық мамандырылған олимпиадалық резервтік балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Ғани Мұратбаев атындағы стадион» КМҚК директорының міндетін атқарушы және директоры, 2023 жылдан бастап «Мұз айдыны» ШЖҚ КМК директоры қызметтерін абыройымен атқарып келген.
«Қайсар» клубы жайлы жанкүйерлер арасында, жалпы қоғамда айтылып жатқан сын көп. Соның бірі – басшылық. Садық Мұстафаевтың директорлық еткен тұсында оның бұрын-соңды атқарған қызметіне, негізгі саласына байланысты неше түрлі критика айтылды. Бірақ, ескеру керек, «Қайсар» келе салысымен гүлдендіре салатын, ресурстық жағдайы толыққанды қамдастырылған клуб емес. Сол себепті Садық Шоңмұрынұлының да команданы аяғына қайта тұрғызу қиынға түскені анық. Қарыз мәселесі бір жақтан, жалақы жағдайы екінші жақтан клубты әбден қыспаққа алды. Басқа клубтарға қарағанда қызылордалық командаға бюджеттен аз қаражат берілетіні де анық болды. Алайда, Садық Мұстафаевтың басшылығымен «Қайсар» лигада жақсы демегенімізбен, орташа ойын өрнегін көрсетіп, ең болмағанда премьерадағы орнын сақтап қалды. Осыдан бірер уақыт бұрын аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың өзі «Қайсардың» нәтижесіне аса көңілі толмайтындығын, қаражаттың көп бөлінбейтіндігінің өзіндік себебі барын айтқан-тұғын.
Тағайындау барысында клубтың жаңа басшысын таныстырған басқарма басшысы Бақтияр Артаев осы уақытқа дейін «Қайсардың» спорт директоры қызметін атқарып келген Мақсат Байжановтың жұмысында қалатындығын атап өтті. Атап айту керек, Мақсат Байжанов – команда аңызы, ел футболын жақсы білетін, бір кездері ұлттық құрамада доп тепкен спорт менеджері. Бақтияр Артаев өз кезегінде Мақсат Дүйсенбекұлына команданы жасақтау, чемпионатқа дайындық жұмыстарын пысықтау және де футбол орталығының жұмысын жандандыруды тапсырды.
Бақтияр Артаевтың легионерлер жайлы айтқан мәлімдемесі де тақырыпқа тұздық болып отыр. Бұған дейін «Қайсар» клубы өзге командалар секілді легионерлерге басымдық бермегенімен, ара-тұра ойында келімсек ойыншыларға көп үміт артатын. Соңғы уақыттары қорғаныста болсын, жартылай қорғаныста болсын, шабуылда болсын «қасқырлар» шетелдік ойыншыларсыз алаңға шыққан жоқ. Әсіресе, ел біріншілігінде легионерлердің көп пайдасы тиді десек те, артық айтпағанымыз болар. Дей тұрғанмен, Бақтияр Артаев кешегі жиында енді «Қайсар» футбол клубы тек қазақстандық ойыншылармен ойнайтындығын мәлімдеді. Бұл өзгеріс аяқдоп жанкүйерлерін екі тарапқа бөлді, сәйкесінше, пікірлер де әрқилы. Бірі легионерсіз командаға қиын болатындығын алға тартып, бұл шешімді жалған патриотизм мен қаражатты үнемдеу деп баласа, енді бірі басшылық шешімімен түбегейлі келіседі. Бұл тараптың айтуынша, шетелдіктерге соншама қаржы бөлгенде, сол соманы өз футбол орталығына бөлген абзалырақ. Одан да, болашаққа инвестиция жасап, ел футболын алға ілгерілету кубоктан да маңызды.
«Қайсардағы» өзгерістер легі осындай. Маусым басталуына аз уақыт қалғанда бұл үлкен жаңалық болды. Нақты пікір айту қиын. Өзгеріс нәтижесін матчтар қарсаңында ғана байқай аламыз. Мүмкін, бұл шешім дұрыс та болар. Неде болса, «қасқырларға» жаңа маусымда сәттілік тілейміз.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!