Қызылорданың басты клубы «Қайсардың» әр ойынын жанкүйерлеріміз асыға күтсе, журналистеріміз де «қасқырлар» құрамындағы әртүрлі өзгерістерді қалт жібермейді. Бұған дейін газетіміздің №8 санында (23 ақпан) «Қайсардың» ел чемпионатындағы өз алаңымызда және түзде өткізетін ойындар кестесін жарияласақ, №9 санында (2 наурыз) «Қайсардың құрамы мен қарқыны қандай?» деген тақырыпта мақала жаздық. Шыны керек, жанкүйерлер былтыр ғана бірінші лигадан жоғары лигаға жолдама алған жерлестерінен тым жоғарғы нәтиже талап етпейді. «Ең бастысы, жақсы ойын көрсетсе, футбол атмосферасын сыйласа да жеткілікті» дейді. Бұл сырбойылық клуб жеңіле берсін дегенді білдірмейді. Футболсүйер қауым маусым қорытындысы бойынша «Қайсардың» үздік үштіктен көрінуі өте қиын жай екенін топшылап отыр.
Осы орайда, «Қайсар» жанкүйерлеріне 3 сұрақ қойып көрдік. Сұрақ мәтіні мынадай:
1. «Қасқырлардың» биылғы құрамына көңіліңіз тола ма?
2. Команданың өткізген ойындары туралы пікіріңіз?
3. «Қайсар» маусымды қалай аяқтайды?
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ
Сіз не дейсіз?
Бектұр АМАНБАЙ, «Қайсар» футбол клубының жанкүйері:
«Бас бапкерге билік берілмей тұр»
1. Жоқ. Бірден айтайын, бұл премьер-лигаға дайын құрам емес. Шетелден алған ойыншылардың статистикасының өзі айтып тұр ғой, қаншалықты әлсіз екенін. Ойында да соны көрдік. Жаңа ойыншыларды келе сала негізгі құрамға шығару – ақымақтық. Меніңше, ойын тактикасын өзгерту керек. Келесі ойын өзіміздің үйреншікті құрамды, жергілікті жігіттерді шығару керек. Себебі, бір-бірімен түсіністік бар, намыс үшін ойнайды.
2. Характер жоқ. Үйдегі ойында («Қызыл-Жар» ФК – ред.) ештеңе көре алмадым, «Атыраумен» ойында да сол. Тек жанкүйердің жүйкесін аядым. Бізде неше жыл ойнаған Иван Граф қандай мықты ойын көрсетті? Сондай ойыншыны неге осы жылы қайтып алмады? Бір түсінбегенім, Сикач неге «Қайсарда»? Оның Салайдиннен қай жері артық? Менің ойымша, бас бапкерде әлі билік жоқ… Кеш болмай тұрғанда мұны біржақты ету керек. Осының өзінде үш тур артта қалды.
3. Дәл осылай өнер көрсетер болса, бірінші лигаға қош келдік деп барамыз. Өзгеріс керек… Кумыков – өте тәжірибелі бапкер. Билік толықтай өзіне берілсе, мен 100 пайыз сенемін, біз 5-тікке іліне аламыз. Себебі, бұл жылы мықты – «Ордабасы», «Астана», «Қайрат», «Ақтөбе». Қалған командамен ойнауға болады. «Қайсардың» ойынын көру үшін стадионға барамыз, 90 минут бойы қолдап, айғайлап жанкүйер боламыз, нәтижесі – жеңіліс, тең ойын. Жеңіске деген ұмтылыс жоқ. «Қайсардың» ең үлкен кемшілігі – гол соқса, қорғанысқа жатып алатыны. Ең жақсы қорғаныс шабуыл емес пе? Сондықтан, бас бапкер тактикасын өзгертіп, жергілікті ойыншыларға сенім білдіруі керек.
Райымбек СЕРІК, футбол сарапшысы:
«Өзіміздің жігіттер де дәл солай ойнап береді»
1. Биылғы құрамға мүлдем көңілім толмайды. Әсіресе, мына «Ақжайықтан» келген қорғаушы Виталий Приндета және қақпашы Степан Сикачқа. Бұл футболшылар төңірегінде «келісілген матчтарға қатысы бар» деген сөздер айтылады. «Әдейі қателіктер жасап, гол жібереді, қарсыластың аяғына доп салып береді» деген секілді. Мұндай элементтерді бірінші турда-ақ байқадық. Сондықтан, құрамды күшейту керек. «Қайсар» дәл осы құраммен ұзаққа бармайды.
2. Бас бапкер жақсы. Тек ойыншыларда үйлесімдік жоқ. Жазға дейін қоштасу керек легионерлермен, өзіміздің жігіттер де дәл солай ойнап береді. Шабуылшы Бақдәулет Зульфикаров және «Тараздың» негізгі құрамында ойнап келген Әділет Кеңесбекті негізгі құрамнан түсірмеу керек. Олар әлі-ақ өзін мойындатады.
3. 11-орын. Иә, мен бұдан басқа болжам жасай алмай отырмын. Дәл осы құраммен, дәл осы орын ғана.
Жалпы, клубтың қаржылық мәселесін футболдың айналасындағылар жақсы біледі деп ойлаймын. Бірінші турдағы футболшылардың жейдесіндегі нөмірдің түсіп қалуы, жалбырап жүруі отандық БАҚ-тың назарына ілінді. Әрине, бәрі сыни көзбен қарады. Кейіннен білгеніміздей, ол админстратордың қателігі екен. Мұндай қателік болмауы керек. «Қайсардың» жанкүйері ретінде бұған жанымыз ауырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!