Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пандемия «Australian Open» турниріне қалай әсер етті?

11.02.2021, 11:40 328

Апта басында төрткүл дүние көз тастаған аламан сайыстардың бірі «Australian Open» турнирі басталды. Теннис жанкүйерлерінің есінде тартысты матчтармен қалған бұл сайысқа айдарынан жел ескен әлемнің қас шеберлері ғана жиналады. Турнир жеңімпазына табысталатын «Үлкен Дулыға» мен миллиондаған сыйақы жарыс көркін одан әрі қыздырады. Алайда жанкүйерлер сағына күткен теннис додасы биыл пандемияның әсерінен біраз өзгерістерге ұшырады. Ұйымдастырушылардың талабына спортшылардың да көңілі толмай, сайыс үш аптаға кеш басталды. 1905 жылдан бері өткізіліп келе жатқан сайыс тарихында алғашқы рет ақпан айында басталып отыр.

«Күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырған» пандемия спортты да айналып өтпегені белгілі. Әсіресе, «Үлкен Дулыға» сайыстарына коронавирустың кеселі түрпідей тиді. Олай деуге себеп те бар. Мәселен, өткен жылғы Уимблдон сайысы толықтай тоқтатылса, «Ролан Гаррос» күзге дейін шегерілді. Ал US Open өз уақытымен басталса да көрермендердің қатысуынсыз өтті. Сол үшін де турнир аясында қолданылған кейбір қатаң шараларды түсінуге де болады. Себебі, Аустралия елінде ең алғашқы коронавирус індеті дәл осы «Australian Open» турнирінің алғашқы аптасында пайда болған. Естеріңізде болса, өткен жылы болған турнирдің алғашқы аптасы осындай жағымсыз жаңалықпен басталған еді. Уханьнан Мельбурнға ұшып келген жолаушыдан аурудың нышандары табылып, содан кейін ел арасына тараған еді. Одан бері тура бір жыл өтті. Ендігі сайыстың басты назары спорт кешенінде емес, карантиндік шараларда болды. Алдымен, Аустралияға келген теннисшілердің барлығын карантинге қамап, жарысты 3 аптаға кейінге қалдырды. Жылдың басты сайысына сақадай сай болып келген теннисшілерге алдымен жаттығу жасауға рұқсат берген. Одан соң, спортшылар мінген ұшақтан індет белгілері шығып, толық карантиндік шараларды ұстануға тура келді. Әрине, ойыншылар тарапынан сын мен мін өте көп болды. Өздерінің физикалық дайындықтарына алаңдаған теннисшілер «бір бөлмеге қамалып, теннис ойнауды ұмытып қаламыз ба?» деп алаңдаушылықтарын білдірген.

Өзге елде жүріп қолайсыз жағдайға түскендердің арасында отандасымыз Юлия Путинцева да бар. Ол өзінің жатын бөлмесінде тышқан тауып алып, ұйымдастырушыларға шағымданған екен. Қазақстандық теннисшінің шағымын қабылдап, ойыншыны басқа бөлмеге ауыстырған. Алайда мәселе онымен шешілмепті. Бірнеше күн өткен соң Юлия тағы да осындай мәселемен шағымданып, ұйымдастырушылардың жауапсыздығын әлеуметтік желі беттеріне жария етті. Басқа да спортшылар әлемдік рейтингте жоғары сатыда тұрған ойыншыларға жасалған жағдайдың тым жақсы екенін айтып, өздеріне көрсетілген қызметтің нашарлығына наразылығын білдірген. Бірақ, ұйымдастырушылар мұның барлығына індетті кінәлады. Десе де турнирдің айналасында жағымды жаңалықтар да бар.

Бұл жылғы Australian Open сайысындағы сыйақы көлемі пандемияға қарамастан рекордық көрсеткішке жеткен. Сайыстың жалпы сыйақы қоры 61 миллион долларды құрамақ. Алайда түскен қаржыға көңілі толмайтындар да кездесуі мүмкін. Оған себеп сайыс жеңімпазының сыйақысын 33 пайызға қысқартқан екен. Ал бірінші айналымнан шығып қалған теннисшілердің сыйақысын біршама қалыңдатыпты.

Сайысқа қатысқаны үшін барлық спортшы 80 мың долларға жуық кепілді сыйақы ала алады. Ал чемпиондардың биыл асығы алшысынан түспейтін көрінеді. Салыстыра кетсек, өткен жылы жекелей ойынның чемпиондары Новак Джокович пен Софья Кеннин 3 миллион долларға жуық сыйақы алса, осы жылы чемпиондарға төленетін жүлде 2 миллионға түсіпті. Бұл жаңалық сайыс фавориттеріне ұнамайтыны белгілі. Алайда ортаңқол ойыншыларға қосымша мотивация болмақ.

Карантиндік талаптардан туындаған дауларға қарамастан, сайыстың алғашқы айналымдары басталып та кетті. Оның үстіне көрермендерге де қатысуға мүмкіндік туып отыр. Аустралия билігі қолданған қатаң шаралар енді ғана өз жемісін беріп жатқан көрінеді. Себебі, сайыс әзірге байсалды өтуде. Шетелден ағылып, иін тірескен адамдардың көптігіне қарамастан эпидахуал тұрақты.

Айта кететін жайт, бұл сайысқа әлемнің бесінші ракеткасы Роджер Федерар қатыспайтын болды. Аты аңызға айналған атақты ойыншы өткен жылғы өзіне жасалған отадан кейін дайындығын жеделдеткісі келмеген. Алайда кейбір БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Роджер жай ғана карантиннің қамауында отырғысы келмеген. Одан бөлек, сайысты қыздыратын жойқын соққының иесі Джон Изнер де қатысудан бас тартты. Америкалық спортшы отбасынан ұзақ уақытқа айырылғысы келмейді. Теннисші Аустралия билігі ұсынған қатаң талаптарға көнбеген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: