Бүгін облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қатысуымен актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келген Әкімов Олжас Азатұлы басқа лауазымға ауысуына байланысты қызметінен босату жөнінде шешім қабылданғанын айтты.
Олжас Азатұлы өңірде 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келді. Қызмет атқарған жылдары аймақта спорт саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 30,2 пайызға көтеріліп, олардың нақты саны 243 мың адамға жеткен. Жыл сайын 1500 астам бұқаралық спорттық шаралар өткізіліп, оған 500 мыңға жуық адам қатыстырылған. Бір ғана «Алтын белбеу» турнирі 8 мыңнан астам спортшының басын біріктірген. Аймақ басшысы өткен жылы облыс спортшылары халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсеткенін айтты.
«Атап айтқанда, Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, төрт айналым элемент секірген әйелдер арасында тұңғыш рет тарихқа енді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлдені иеленіп, 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарына жолдама алды. Басты жаңалық – «Қайсар» футбол командасының Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атануы болды. Команда 20 жыл уақыттан кейін екінші рет финалға шықты. Алдағы меже – Еуропа лигасында лайықты өнер көрсету. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен «Алтын Самғау – 2019» Ұлттық спорттық жүлдесі байқауы бойынша 2019 жылы республикада Қызылорда облысы «Үздік спорттық өңір» номинациясының жеңімпазы атанды. Спорт нысандарының материалды-техникалық базасының нығаюына ерекше көңіл бөлінді. Осы оң жетістіктер Олжас Азатұлы басқарған басқарма ұжымының бірлескен, жүйелі және тиімді жұмысының нәтижесі деп білеміз», – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Сондай-ақ, Олжас Азатұлы мінсіз мемлекеттік қызметі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал, бүгін аймақ басшысы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғарғы наградасы Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!