HALYQLINE.KZ Күншығыс еліндегі 2020 жылғы Олимпиада биыл өтпейтін болды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Томас Бах «Әлемде болып жатқан коронавирус індетіне байланысты спортшылардың денсаулығы маңызды болып табылады. Осыған орай, келер жылы Токио Олимпиадасы 23 шілдемен 8 тамыз аралығында өтеді», – деп мәлімдеді.
Еліміздің былғары қолғап шеберлері наурыз айының 3-11 күндері Иорданияның Амман қаласында өткен лицензиялық турниріне қатысып, 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль мен командалық есепте екінші орыннан көрінді. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев шәкірттері Токио олимпиадасына толық құраммен баратын болды. Осы мақаланы жаза отырып әуесқой бокстан қанша спортшы қатысатыны туралы айта кеткенді жөн көрдім.
Токио олимпиадасында ерлер құрамасы 8 салмақта 186 боксшы қатысып, бақ сынайды.
52 кг – 28,
57 кг – 28,
63 кг – 28,
69 кг – 24,
75 кг – 24,
81 кг – 22,
91 кг – 16,
+91 кг жоғары – 16.
Иорданияда өткен іріктеу турниріне аруларымыз да қатысты. Жалғыз жолдамаға 19 жасар Надежда Рябец қана ие болды. Ол жартылай финалда аустралиялық Кэйтлин Паркерден ұтылып, қола медалді қанағат тұтты. Ал қалған төрт аруымызға лицензия бұйырмады. Бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерік Алғабек шәкірттеріне тағы да жолдама алуға мүмкіндік бар. Ол – Францияның Париж қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнир.
Жалпы, Токио олимпиадасына әйелдер құрамасы 5 салмақта 100 боксшы қатысып, жүлдеге таласады:
51 кг – 26,
57 кг – 20,
60 кг – 20,
69 кг – 18,
75 кг – 16.
Айта кетелік, бокстан 2016 жылы Рио-де Жанейро Олимпиадасында ерлер (10) мен (3) әйелдер 13 салмақ дәрежесі бойынша өткізілді. Қазақ боксшылары толық құрамымен қатысып 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медалға қол жеткізді. Олар 69 келі салмақта Данияр Елеусінов – алтын, 81 кг-да Әділбек Ниязымбетов пен 91 кг-да Василий Левит екеуіде күміс алса, ауыр салмақта Иван Дычко мен 75 кг-да Дариға Шакимова қола медалға ие болды.
Айбек МҰХАНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!