HALYQLINE.KZ Терри Савчук – NHL-дің аты аңызға айналған қақпашысы. Нешеме жыл көк мұздың үстінде жүріп, хоккейдің отымен кіріп, күлімен шыққан. Алған жарақаттары адам төзгісіз. Бет сүйектері сынған. Қыңқ етпеген. Бүкіл денесі көгерген. Шыдаған. Мұрны сынған. Онысына неше рет операция жасатқан. Шабуылшылармен болған көптеген қақтығыстардан кейін Терри иық буындарына зақым келтіріп, ауыр жарақаттанды. Бірнеше рет саусақтарын сындырып алған. Осындай қырық жамау жарақаттары аздай, жығылғанға жұдырық, ол бала кезінен артритпен ауырған екен.
Савчук бірнеше жылдар бойы қорғаныс баскиімінсіз ойнады. Әріптестері бұл баскиімді кие бастаған кезде, ол қорғаныссыз ойнауды жалғастыра берді. Оны алғаш рет 1962 жылы әрең көндіріп киіндірген көрінеді. Осы уақытқа дейін оның беті тыртыққа толып, тіктірген. Қақпашының жанкештілігі сол, адам айтса сенгісіз азапты ауыртпалықтар көрсе де, ешқашан ойыннан бас тартпаған. Ол керемет реакция келтіріп, бар ынты шынтымен, батылдықпен ойнады. Бұл өлермендігі оған Стэнли Кубогының төрт дүркін иегері және НХЛ үздік қақпашысы атағының төрт дүркін иесі марапатын жеңдірді. Мансабында барлығы 1034 матч, чемпионаттарда 447 жеңіс және абсолютті рекорд – 103 «құрғақ» матч болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!