Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен қалай спорт журналисі болдым?

24.10.2020, 15:00 971

HALYQLINE.KZ Əңгіменің əлқиссасын ауылдан бастасақ. Жамбыл облысы, Тараз қаласының маңындағы Түрксіб ауылында балалық шағым өтті. Ол кезде «спорт журналисі боламын» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейді. Басқа балалар сияқты жатып алып президент, космонавт болуды көксеген қара сирақ кез. Ал, спорт журналистикасы, жалпы журналист болу деген түсінік болған емес. Бұл туралы тіпті елестетпеген де едім. Алайда теледидардан көретін футболға қызығушылық, спорт статистикасына деген қызығушылық баршылық еді. Ағам Дінмұхамед қалың дəптерге АҚШ-та өткен 1994 жылғы Əлем чемпионатының ойындары мен онда гол соққан футболшыларды тегіс теріп жазып жүрді. Мен де соған еліктеп бір дəптерді арнадым. Көрген матчтарымның нəтижесін жазып жүруге айналдым. Бірақ ол кезде өздеріңіз білетіндей, теледидардан футбол ойындары көп көрсетіле бермейтін. Əйтеуір, не керек, 1998 жылы жазда Францияда өтіп жатқан Əлем чемпионатын «Хабар» арнасы көрсете бастады. Қырсық қылғанда, үйдегі Кеңес үкіметінен қалған «Рекорд» деген теледидар күйіп кеткен. «Қырсық шалса, қайыршыға жел қарсы» деген – осы. Үшінші сыныпты тамамдап жазғы демалыста жүрген уағым. Күн ала қараңғы түскенге дейін бұзаулы сиырды сазға жайып сала, құдықтағы мұздай суға аяқты бір жуып ойынға дайындалам. Үш үйден кейінгі көрші Орал апаның үйінде түрлі-түсті теледидар болатын. Ол кез үшін кəдімгі импорт техника. Телехикаялардың хит бола бастаған шағы да осы кез. Атың өшкір «Даллас» деген телесериал созылған сағыздай бітпейтін ғой, тегі.

Қалпақ киген, мұнай қазушы Джейа Юйнгтен əбден мезі болдық. Телехикаяның əр сериясын талқылау ауылдағы жеңешелерімнің күнделікті дағдысы еді. Ал мен күн сайын қайталанатын осындай шай үстіндегі «көркемдік кеңестердің» арқасында футбол көруге мүмкіндік алдым. Мейлі, үзіп-жұлып болса да. Жүгіріп барып теледидар тетігін «Хабарға» ауыстырамын дегенше ойынның 19-минуты болып жатады. Бұл оқиға чемпионат біткенше тура бір ай қайталанды. Күнде келем, ойынның 19-минуты. Оның үстіне матчтар күнара көрсетіледі. Комментатор – Амангелді Сейітхан.

Давор Шукердің голдарына тамсанып, Франциядағы футбол мерекесін осылайша бақылап жүрдім. Сөйтіп жүргенде футболды тамашалайтындардың қатары толыға түсті. Өзімнен жасы əлдеқайда үлкен бірнеше көршім де футболды қалдырмай көруге көшті. Бірақ біздің көшеде матчтың дəл уақытын жəне кімдердің ойнайтынын білетін жалғыз мен ғана. Тіпті, түс ауа əлгі футбол көретін үлкендердің бірі маған «кешкі футболдың ақпаратын біліп кел» деп баласын жіберетін.

Амангелді ағаның оқта-текте айтып қалатын кейбір қағытпа сөз тіркесіне теледидар алдындағылар ду етісіп күліп жатады. Сонда дəл осылай орақ тілді комментатор да болғың келіп кетеді.

Сол жылы Франциядағы футбол тойы туралы қайдан білдім десеңізші! Ағам Дінмұхамедтің өтінішімен шешем бір газетке жазылған. «Sport&KS» дейтін жасыл газет. Өзі сенбі күні ауылға келетін. Оны тарататын – көшенің соңында тұратын пошташы неміс қыз. Кейде түске дейін газет келмесе, үйіне барып есігін тарсылдатып, иттерін абалатып жүріп газетті алып келетінмін. Содан ал кеп жата қалып оқимын. Сонда Несіп Жүнісбаев деген журналист кісінің алғашқы мақалаларымен таныса бастадым. Кəдімгі Францияда отырып жазғандары. Чемпионаттан кейінгі жазғандарынан сол жерде болған жағдайларды өз көзіңмен көргендей əсер аласың. Қонақүйдің терезесінен «Франция чемпион!» деген сүйінші хабарды естіп, салқын шампанды чемпионның құрметіне ұрттайтын жазушы естелігінің əсерімен əлгі сусынды өзің де сыздықтата ішкендей боласың. Өзіңді құдды бір «Сен-Дени» стадионының маңайында жүргендей сезінесің. Ойындардың нəтижесі, кім қай минутта қалай əдемі гол соқты – соның барлығын оқимын. Себебі көптеген ойынды көре алмадық. Сол кезде, бəлкім, əлгі мақаладағы автордың фотолары да арманшыл баланың көкейіне спорт журналисі болудың дəнегін еккен шығар. Балалық шақтың бір ерекшелігі де сол емес пе, күнде бір қызығушылық пайда болып тұратын. Зиданның баспен соққан голдары қандай еді, шіркін! Оның нағыз аңыз ойыншыға айналғанын көріп, Зидан болғың келеді. Оның үстіне ауылда футбол ойнағанда бəрі Роналдо болатын. Ал мен ешкімге ұқсамайтын, өзгеше ойыншы болуға тырысатынмын.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

комментатор, спорт журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: