Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ламин Ямаль – каталондықтар басына біткен бақ

23.01.2025, 10:00 60

Бұл ойыншы жайлы қазірде еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін жақсы біледі. Әңгіме әлемге аты әйгілі, аздаған уақытта көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген, модерн футболдың жаңа жұлдызы Ламин Ямаль туралы болмақ. Не үшін десеңіз, бұл ойыншының жасы – небәрі он жетіде. Жас болса да бас болып, «Барселонада» болсын, Испания ұлттық құрамасында болсын атой салып, жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп жүр. Таяуда ғана Германия төрінде өткен Еуропа чемпионатында кәрі құрлықтың мен деген ұлттық құрамаларын елеген жоқ, голды да салды, небір тәжірибелі қорғаушылардың ығырын да шығарды, шабуылшыларға аянбай ассист те таратты. Бұл баланы сол себепті де жұрт «Алтын бала» деп атайды. Алтын демекші, Ямаль 2024 жылдың ең үздік жас ойыншысын анықтайтын «Kopa Trophy» номинациясын да, сондай-ақ, «Golden Boy-ды» да иеленді. Онсыз да Еуропа чемпионатында командасын әбден сүйрелеген талант биылғы «Барсаның» сәтті маусымына ықпал етуде. Бұл жайлы да  толығырақ  тарқататын  боламыз.

Ямаль жайлы жалпы қарабайыр авто­биография жетерлік. Сондықтан, бұл мақаламызда оның қайда дүниеге келгені жайында, кіммен өскені секілді қолжетімді ақпараттармен мақаланы ұзартуды жөнсіз деп есептейміз. Қысқаша қайырғанда, Ямальдың түпкі ұлты – марок­кондық. Жалпы, Испанияда сонау депор­тациялау кезінен бері жан-жақтан қоныс  аударып келушілердің қарасы қалың. Сол себепті де нағыз Еуропаның ошағы қайнаған Испания сынды мем­ле­кеттің намысын қара баланың қор­ғауы – заңды дүние. Негізінде бала күнінен қиыншылықта өскен, аштықты көзі көрген балалар көбіне жетістікке құмар, ерекше амбициялы болып өседі емес пе? Ламин  де  солардың  қатарынан.

«Барселона» өзінің Ла Масиясын, яғни академиясын мақтан етеді. Месси, Иньес­та, Хави сынды ойыншылар өсіп-өнген, артынша әлемдік деңгейдегі талайдың кумир­лерін тәрбиелеп, доп тебу­ді үйреткен ұстахана Ламиннің де аяқдоп аламанындағы алғашқы мансабының бастау алуына себепкер болды. Бала кезінен ойынымен барселоналық скауттарды сүйсіндірген бала Ямаль жасөспірімдер қатарынан ересектер қатарына да қатар­ластарынан тез қосылды. Нақтырақ айт­қан­да, 2022 жылдан бастап «Барселонаның» 19 жасқа дейінгі командасында доп тепсе, одан соң Хави жаттықтыратын негізгі команданың да көзіне  тез  түсті. 2022/23 маусымның соңында испаниялық «Реал Бетиске» қарсы ойынның соңғы минуттарында  алаңға  шығып,  ойынымен көптің назарын аудартты. Нәтижелі гол не ассистпен көзге түспесе де, белсенділігі және жас бола тұра доппен  сенімді қимыл­дай білуі тек «Барса»  фанаттарының  емес, жалпы футбол жанкүйерлерінің құрмет-қошеметіне  бө­ленді.  Ямаль  жайлы бұл матч­қа дейін де көбі білетін-тұғын. Біріншіден, «Барселона» әлемдегі ең таны­мал брендтік футбол клубтарының бірі болған соң, есесіне Ла Масия да бедел­ді ойыншылардың ұстахана­сы болғаннан ке­йін  Ямаль БАҚ-тың назарына көп ілінді. Тіпті 17 жасқа дейінгі құрамада доп тепкен шағынын-ақ әр голы мен ассис­ті, допты иірімінде ұстаған көзтартар скиллі  әлемжеліде көп жарияланып та жүрді. Ал «Барселона» сапын­дағы  дебюті онсыз да шектен тыс дамып келе жатқан таны­малдылықты одан сайын арттыра түсті десек, артық айтқанымыз емес. Сол дебюттен кейін Ямальдың  «Барселона»  сапын­да қойма­ған рекорды  жоқ. Алдымен 2023/24 мау­сымның  алғашқы  ойын­дарының  бірінде, «Кадис» футбол клубына қарсы матчта  негізгі  құрамға  шығып,  небәрі 16 жас, 38-ші күнінде Испа­ния  премьерасының  негізгі құрамда шыққан 21-ғасыр­дағы ең жас ойын­шысы атанды. Одан соң сол маусым­ның қазан айында Чемпиондар  лигасының  топтық кезеңінде португалдық «Портуға» қарсы  алғашқы  минут­тардан негізгі құрамға ілігіп, турнир тари­хында негізгі құрамға шыққан ең жас ойыншы ретінде футбол  әлемін  тағы  бір  дүр сілкіндірді. Жас ойын­шы  аталған  маусым­да  шама­мен  50 шақты ойын ойнап, 7 гол  соғып, 9  ассистпен ерекшеленді. Бұл – ересек ойыншы үшін ортаңқол нәтиже болғаны­мен, Ямальдың жасындағы  ойын­шы үшін таңғаларлық статистика. Олай дейтін себе­біміз, Ламин 16 жаста болғанына қара­мастан  габариты  өзінен  кемі екі есеге мықты, физи­калық  тұрғыда  мығым ойыншылармен текетіресіп жүр. Оның үстіне,  бала  жас болған  соң  мейлінше сақ ойнап, нәтиже­ден  гөрі, денсаулығын да көбірек ойлайтыны айдан анық. Әйтпесе, талантты саналған Ансу Фати секілді футболшылардың жарақаттың кесірінен қандай күй кешіп, тіпті клубына қалайша әп-сәтте  керек  болмай  қалғаны  белгілі.

Енді кейіпкеріміздің  жұлдызды сәтіне, әзірге мансабының ең маңызды бөлігіне кезек берейік. Айтқымыз келіп отыр­ғаны – Германияда өткен 2024 жылғы Еуропа чемпионаты. Құрама бас бапкері Де Ла Фуэнте негізгі құрамды жариялар алдында тіпті ойланған да жоқ. Үлкен жауап­кершілікті талап ететін тұста алды­мен Ламин Ямальды құрамаға шақыртып, тек қана негізгі құрамға шығарып отырды. Алғашқы минуттардан сапқа ілінгені түгілі, 16 жастағы ойыншының білдей Испания ұлттық құрамасының кеңейтілген құрамына шақырту алуының  өзі бір әжептәуір сенсация-тұғын. Ал Ямаль болса, өзіне артылған үмітті арты­ғымен атқарды десек те болады. Топтық кезеңде жас ойыншы шаң жуытқан жоқ. Құдды допты аяғына желімдеп алған секілді. Бір кездері мұндай сөз тіркесі тек  Мессиге  ғана  айтылатын. Топтық кезең­де Хорватияға, Албанияға және Италияға қарсы ойындардың бәрін жоғары деңгейде өткізді. Ал плей-офф кезеңінен бастап, ойыны одан сайын түрленіп сала берді. Құрама 1/8 финалдық ойында грузиндерді қапы қалдырды. Ал ширек финалдағы тар­тысты ойында немістерден  айла­сын  асыр­са, Ламин жартылай финал­да керемет гол соғып, Әлем біріншілігі фина­листері француздарды минималды есеппен жеңуге септігін тигізді. Турнир соңында ең үздік жас ойыншы атанып, ассист бойынша басқа плэймейкерлерге  шаң  жуытпады.

EURO-дағы ойынынан соң Ямальдың танымалдылығы одан әрі арта түсті. Instagram және TikTok парақшаларындағы жазылушы саны сағат сайын артып, әп-сәтте Ламин медиажұлдызға айнал­ды десек болады. Еуропа біріншілігі аяқталған соң жаңа маусым да басталды. Дәлірек айтқанда, Испания біріншілігінің 2024/25 маусымының алғашқы ойындары өтті. Тиісінше, Ямальдың да физикалық тұрғыда біраз күш қосқаны, ойынды көре білуі және реализациялық қабілеті де артқаны байқалады. Бүгінде Ямальдың қоржынында 24 ойында 8 гол және 12 ассист бар. Ойын санын ескерсек, ортас­татистикалық тұрғыда Ямальдың нәти­жесі айтарлықтай жоғарылаған. Испан­дық қара маржан биылғы маусымдағы «Барселонаның» барлық маңызды ойынында дерлік гол не ассистпен көзге  түсті. Нақтырақ айт­сақ, көптен  күткен «Баварияға»  қарсы ойын­да голдық  пас­пен, мадридтің «Реалы­на» қарсы өткен  екі матчта екі голмен, сондай-­ақ  дортмундтық  «Борус­сияға»  қарсы  ойында  бір  ассистпен  ерекшеленді.

Былайынша айтқанда, жас болса да бас болып жүрген жас ойыншылардың саны  көп. Ямальды олардан ерекше ететін – ойын стилі. Ямаль өзге жас ойыншылар секілді индивидуалды нәтиже үшін алға ұмтылып, асығыс шешім қа­былда­майды. Алайда, олар­дан аз тәуе­кел етсе де, ста­тистика­ның қай жағы­нан болсын жоғарырақ. Бұл ойыншы­ның жа­сына  тән  міне­зі, медиа аумақ­та  белсенді болса да, соған сәйкес ойын   өрне­гін  көрсете алуының өзі – көп ойыншы­ның  бойы­на дарымаған қа­сиет. Оның қарсылас алаңға ойланып кіруі, қарсы­ласын еш агрессиясыз, класси­калық түрде алдау қасиеті Ямальды нағыз  модерн  футболдың  символы ре­тінде  ерекшелендіре  түседі.  Әзірге Ямаль  бір  ай  шамасында  жарақатынан айы­ғып, енді-енді қайта адаптация­ға  бейім­деліп келеді. Расын айту керек, «Барса» ішкі біріншілікте қаты­рып ойнап жүрген жоқ. Жаңа бапкер Ханси Флик мейлінше Чемпион­дар лига­сына  басым­дық  беріп отыр­ған секілді. Бір қызығы, атап өткендей, «Барса» жеңіліс тапқан лига ойын­дарының көп бөлігінде Ямаль негіз­гі құрамға шықпаған не жарақатына байланысты қатыспаған. Бұл статис­тиканың өзі Ламин Ямальдың коман­дасы үшін қаншалықты маңызды екен­дігінің дәлелі сияқты. Футболшыны көпшілік ойыны­на, «Барселонада» атқаратын функция­сы мен жейдесіндегі нөміріне қарап Мессиге ұқса­тады  екен. Алайда, өзінің  айтуынша,  кумирі – Неймар. Ойын стилі расымен Неймарға көбірек келе­ді. Креативке баса назар  ауда­ратындығы  бра­зилиялық  ойын­шы­дан аумайды. Бірақ, Месси секілді сол аяқпен ойнайды. Неде болса, Неймар секілді ойна­сын, бірақ ол сияқты футболдан гөрі ақшаны ойлап кетпесін дейміз. Мінез бен қарапайымдылықты Мессиден үйреніп, Неймартектес ойнаса, оның өзі – бір  ғанибет.

Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ

Тақырыпқа  тұздық

Жандос  БАЙДІЛДӘ,

журналист

ЛАМИН  ЯМАЛЬ  ФЕНОМЕНІ:  БАЛА  ЕМЕС,  «БӘЛЕ»!

Футбол әлемге Ламин Ямаль дейтін вундеркиндті сыйлады. Жұмыр жердегі нөмір бірінші спортқа осындай құбылыстар келмесе, футбол бұрынғы сиқырынан айыры­лып, спорттан гөрі индустрияға жақын – өнерден гөрі маркетингке бейім кейпі басым болып барады. Сондық­тан  футболдың  ұлылығын  сақтау  үшін  феномендер  керек.

Бұрын әр футболшы кесек тұлға еді. Алаңда абадан көкжалдай күжірейіп жүретін Гаттузо, аяғы жетпеген жерге тілі жететін Матерацци, «шылымқор» Платини, «нашақор» Марадона, қызқұмар Джордж Бест, алқаш Гаскойн, тарпаң мінезді Эрик Кантона, өктем Рой Кин, жанкешті Мальдини, зерделі Зидан, гламур Бекхэм, гладиатор Тотти, ұшпайтын Бергкамп, заңғар Златан, сиқыршы Роналдиньо…

Беріде дүлей Рамос, мисыз Балотелли, жалқау Азар… Осылай кете бере­ді. Әрқайсысы талантынан бөлек ерек тұлға болатын.

Қазіргі футболшылардың дені талантты болғанымен, өзіндік «мені» жоқ. Уақытымен ұйықтайтын, заң бұзбайтын, дұрыс тамақтанатын, желіде белсенді, әр сөзін аңдып айтатын, қалыптан шықпайтын «тәртіпті» футболшылар.

Өйткені заман басқа. Секірсең сексист, қисайсаң расист, гүрілдесең гомофоб атана­сың. Сол үшін бәрі сауысқаннан сақ. Репутацияң бұзылса, жарнамадан қағыласың, ойыңды ашық айтсаң, клубтан шеттетілесің. Имидж үшін именіп, маркетинг үшін мипазданып   жүргенің  сол…

Енді  Криштиану  мен Месси бутсысын шегеге ілсе, футболда бұрынғыдай ұлылық қала ма? Футболдан  қос алып  кетсе,  жаңғырығы  шартарапқа  бұрынғыдай  естіле  ме?

Қайталап айтам, футбол ұлылығынан алыстап барады. Таразы басына тактика шықты. Өнер  маркетингтен  кейін тұратын  болды. Матч көп, магия аз. Ақша көп, абадандар жоқ. Қазір  футбол  емес, матчтан кейінгі  экс-футболшылардың  сараптамасы  қызыққа  айнал­ды.

Осындайда Ламин Ямаль деген вундеркинд футболға құбылыс болып келді. Елдің аузында сол, газет бетінде сол, букмекер жарнамасында сол, ФИФА мұқабасында сол. Жап-жас Ямаль тек футболға емес, маркетингке де азық болып жатыр.

Ламин Ямаль менің де көңілімнен шықты. Болмысы бөлек, жүрісі ерек. Өзі бала болғанымен, ойыны есейген. Шоу үшін дриблингке бармайды, әр қадамы өлшеу­лі. Зерделі. Ойынды сезінуі, алаңды көруі ғаламат. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» демекші, Ламин Ямаль физикалық тұрғыда зумерле­рдің замандасы болғанымен, ақыл-ойы бумерлердің құрдасы сияқ­ты. Іркілмейді, жол тауып шығады. Аяғына доп тигенін күтпейді, теңбіл доп магнитше өзі тауып келеді. Менмұндалап тұрмайды, керек болса қорғаныстан допты жұлып шығады. Қимылында магия да, мазмұн  да  бар. Қысымды сезбейді, мақтауға мастанбайды. Бетал­ды көпірмейді, ашуланса ешкімге секірмейді. Артық күшен­бейді, бірақ оңай берілмейді. Мінсіздікке емес, кемелдікке ұмтылады. Кумирі көп болған, бірақ ешкімді қайта­ламайды. Жап-жас болса  да  байсалды, бала  болса  да  бәле!

Арсеналында айла-тәсіл көп. Бірақ бәрін ашпайды. Гол салуға көп ұмтылмайды, голеадор рамкасынан шыға алмай қаламын деп қауіптенеді (онысы әбден жөн). Есесіне, қандай  пастар  береді.  Жұрттың бала­сы әбден толысқанда беретін тривелла пастарды  бұл  матч сайын үлестіріп жүр. Ямаль 17  жасында  Испания құрамасы мен «Барселона» клубының бүгіні, ертеңі екенін біледі. Бірақ сыртқа көрсетпейді. Футболдан тыс бала кейпін сақтағанымен, алаңда бэкграунды  бай  футболшы  сияқты  әрекет  етеді.  Расымен  феномен.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: