Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күрестен Азия чемпионаты. Қазақстандық балуандар үшінші орынға жайғасты

03.04.2025, 7:00 62

Иордания астанасы Амманда қаласында осыдан бірер күн бұрын күрес түрлері бойынша Азия чемпионаты өткен-тұғын. Әлемде бұл спорт түрінен атағымыз дүркіреп тұрмаса да, құрлық деңгейінде әжептәуір өнер көрсететініміз бар. Олай деуімізге себеп, күрестен алтын медальді осыдан екі жыл бұрын ғана Ризабек Айтмұхан қоржынға салған еді. Одан кейін араға бір жарым жыл салып, олимпиадалық  емес  70 келі салмақта Нұрқожа Қапанов алтын еншілеген. Ал бұл екі балуанның, нақтырақ айтқанда, Нұрқожаның Азия біріншіліктерінен жеңген үш алтыны бар, Ризабек жас та болса екі алтынды иеленіп үлгерген. Бір әттеген-айы, әлемдік додаларда әлі күнге дейін олимпиадалық салмақ түрі бойынша жеңіс тұғырынан көрінбеппіз. Бұл сценарий биыл да өзгере қойған жоқ. Тың есімдер де аталмады. Әдетінше, қорытынды кестені үшінші орынмен тамамдадық. Бірінші орын – ирандықтарға, ал екінші орын күн асты елі – Жапондарға бұйырды. Сонымен, аталмыш чемпионат отандас балуандарымыз үшін қалай өтті, кім жүлдегер болды, кім  сүрінді,  талдап  көрелік.

Жарыстың соңғы екі күнінде еркін күрес түрі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Ұлттық құрама балуандары бір алтын, екі күміс және екі қола медальді қанағат тұтты. Құрама бас бапкері Мадияр Құрамысов жігіттердің нәтижесіне көңілі толатындығын айтады. Айтуынша, Азамат Дәулетбеков, Нұрқожа Қайпанов секілді спортшылар бұған дейінгі үйреншікті  салмақтарында  өнер  көрсетпеген.

– Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Төрешілер құрамы жақсы жасақталған. Өз жұмысын жоғары деңгейде атқарды. Барлық нәтиже жоспарлағанымыздай болды. Жігіттердің барлығы дайын­дық деңгейіне байланысты күресіп шықты. Мысалы, Нұр­қожа Қайпанов, Азамат Дәулетбеков өз салмағында өнер көрсеткен жоқ. Алайда жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл  балуандардың  деңгейін  көрсетеді, – дейді  бас  бапкер.

Әлем чемпионы болып елді бір қуантқан Нұр­қожа Қапанов араға көп уақыт салмай, тағы  да ақжолтай жаңа­лықпен оралды. Еркін күресшілер  арасында  жалғыз  болып алтын  алған  ол  биылғы доданың финалында айыр­қалпақты аға­йын балуаны Орозбек  Токто­мамбетовты 2:1 есе­бімен тізе бүктірді. Осылайша, 74 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. Отандасымыз осыған дейінгі жүлделерін 70 келі  салмақ  дәрежесінде  жеңген  болатын.

Атап айту керек, жаңа салмақта күш сынасқандар қатарынан Азамат Дәулетбеков те жүлдесіз қайтпады. Олимпиада ойындарында 86 келі салмақта жолы болмаған спортшымыздың бағы 92 келі салмақта жанды. Негізінде, бұл спортшыны әлемдік спорт сарапшыларының өзі олимпиада ойындары кезінде фавориттер санатына қосып, кемі күміс алады деп ниеттенген болатын. Бірақ та, алғашқы жекпе-жекте американдық балуан, 86 келі салмақтың королі саналған Тайлорды қапы қалдырған Аарон Бруксқа есе жіберген. Содан бері Азаматқа қазақстандық жанкүйерлер тарапынан біраз сын да айтылды. Құрлық дәрежесінде өз салмағының үздігі есептелетін Азамат бұл жолы 92 келіге дейін салмақ көтеріп, қоланы  қанжығасына  байлады.

Турнирде жүрек жұтқан, жарақатына қарамай өнер көрсеткен балуандарымыз да болды. Дәлірек айтқанда, Иорданияда өткен жарыста 97 келідегі нөмірі бірінші қазақстандық спортшы, болашағынан мол үміт күттіретін Ризабек Айтмұхан күміс медальді қанжығалады. Осыдан шамамен бір ай бұрын кәсіпқой күрес бойынша Алма­ты   қаласында  өткен PWL 8 турнирінің басты кардында олимпиада чемпионы Кайл Снайдермен белдескен Риза­бек жарақат алып қалды деген ақпарат шыққан. Сол жек­пе-жекте Ризабек жеңіліп қалған болатын. Еңсесін түсірмеген жас балуан финал­ға де­йін барлық қарсыласын еш қиналмастан ұтты. Тек финалда ғана турнир­дің Тажудиновтан ке­йінгі фавориті де саналған  жа­пон­дық Араш Йшидаға 1:7 есебімен есе жіберді. Осылайша, Ризабек  күмісті  қанағат  тұтты.

Жарақат зардабынан өз деңгейінде күресе алмағандар­дың  бірі – Болат  Сақаев.

– Сонымен  қатар Болат Сақаев (86 келіге дейін) жарақатына  байланысты  финалда дұрыс күресе алмады. Балуанымыз Қытай спортшысымен белдесіп жатқан сәтте мұрнын қатты соғып алды. Соның кесірінен қан ағып, тоқтамай қалды. Бірақ қазір  жағдайы  жақсы,  аса ауыр жарақат емес, – деді бас бапкер  Ма­дияр  Құрамысов.

Азия чемпионатында қазақстандық балуандардың жетістігі тек ерлермен шектелген жоқ. Әйелдер күресінен Жәмилә Бақбергенова 72 келі салмақта алтын медальға ие болып, ел абыройын асқақтатты. Ал Зейнеп Баянова 53 келіде қола жүлде жеңіп алды. Бұл – әйелдер құрамасы үшін алдыңғы жылмен салыс­тырғанда үлкен прогресс. Өткен жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында тек 4 қола жүлде бұйырса, биыл алтын  жүлде  еншіленді.

Грек-рим күресінен де Қа­зақ­стан құрамасы жүлдесіз қалған  жоқ. Омар Сатаев (82 келі) пен Әлімхан Сыздықов (130 келі) күміс медаль еншілесе, Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Грек-рим күресі қашанда Қазақстан үшін мықты бағыттардың бірі болған, бұл жолы да балуандар өз деңгейін дәлелдей  алды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Ма­дияр Құрамысов Азия чемпионатының қо­рытындысын шығарып, коман­да енді әлем чем­пиона­тына да­йын­дыққа кірісетінін мәлімдеді. «Жігіттер 10 күн демалады, содан кейін Кавказда жаттығу өткізіп, ары қарай әлем чемпионатына іріктеуге дайындалады», – дейді бас бапкер.

Қазақстандық балуандардың бұл Азия чемпионатындағы өнері олардың Азия күресінде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Қазақтың күрес өнерін әлемдік деңгейде паш ету үшін спортшыларымыз алдағы додаларда да барын салатыны  анық.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: