Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конференция лигасы: «Тобыл» тамсандырып, «Ақтөбе» ән салдырды

28.07.2023, 10:36 361

HALYQLINE.KZ

Кеше түнде Еуропа Конференция лигасының 2-ші іріктеу кезеңі өтіп, оған қатысып жатқан еліміздің үш командасы да жанкүйерлер көңілінен шықты.

Алдымен «Ордабасы» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Польшаның «Легиясын» қабылдады. «Ордабасы» шабуылшысы Всеволод Садовский 13-ші минутта есеп ашса, 48-ші минутта Асхат Тағыбергеннің бұрыштан көтерген добына Мамаду Мбодж бұрын жетіп, есепті еселеді. 2:0 есебімен алға шыққан «Ордабасы» шабуылын тоқтатқан жоқ. Ұрымтал сәттің бірінше Бауыржан Исламхан тамаша мүмкіндікті мүл жіберіп алды. Осыдан кейін сен соқпасаң, саған соғады қағидасымен «Легия» «Ордабасы» қақпасын екі рет дәл көздеді. Ойын аяқталар тұста «Легия» қорғаушысы Абдухоликовқа қарсы ойын ережесін бұзып, төреші пенальти болмады деген шешім шығарды.

Екінші ойын сырт алаңда «Торпедо» Кутаиси мен «Ақтөбе» арасында өтті. Мұнда алдын ала болжанғандай, қонақтар айқын басымдық танытты. Есеп – 1:4. Қазақстандық команданың сапында Әлібек Қасым(34), Райкович (43), Максим Самародов (73) және Андре Филипович (90+3) көзге түссе, Грузия командасынан Арабидзе 89 минутта гол соқты. Айтпақшы, «Ақтөбенің» Грузия жеріне ұшып баруы біршама қиындық тудырды. Тәжірибелі «Ақтөбе» соған қарамастан өз білгенінен жаңылған жоқ.

Ең қызықты ойын атақты «Базель» мен «Тобыл» арасында өтті. Ойынның 25-ші минутында Тьерно Барри швейцариялықтарды алға шығарып, жанкүйерлерін бір серпілтіп тастады. Бұдан кейін де қаншама қысым көрсеткен алаң иелері қонақтардың қақпасын дәл көздей алмады. Екінші таймда «Тобыл» керемет мінез көрсетіп, 11 метрлік айып добын тебуге мүмкіндік алды. Алайда, Рамазан Оразов қақпашыдан айласын асыра алмады. Есесіне араға бірнеше минут салып, гол салған Барридің алаңнан қуылуына себепші болды. Яғни, 57-ші минутта Оразовтың баспен қақпаға қарай ұрған добын добын Барри қолмен қайтарды. Екінші пенальти Сердж Деблеге беріліп, Қостанайлықтар есепті теңестіріп кетті. Ойынның 62-ші минутында Оразовтың айып алаңының сыртынан тепкен добына Салви ілесе алмады – 1:2. Жығылғанға жұдырық демекші, сағат тілі 69 минутты көрсете бастағанда «Базельдің» италиялық легионері Калафори алаңнан қуылып, алаң иелері 9 футболшымен қалды. Осылайша, ойын алдында Қазақстандық команда ірі есеппен ұтылады деген мамандардың пікірі теріске шығып, «Тобыл» еркінси бастады. Тек еркінсіп қана қоймай, 71-ші минутта ойынның үздік футболшыларының Чесноков есепті 1:3 қылып өзгертті.

Енді араға апта салып, қарымта ойындар өтеді. Бұл кездесулерде «Ордабасы» мен «Тобылға» өте қиын болады.

Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: