Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрермендер жекпе-жегімді көріп отырып, ұйықтап қалғанын қаламаймын

12.12.2024, 10:00 55

Дамир  РАҚЫМЖАНОВ:

Біздің бұл кейіпкеріміз – аралас жекпе-жек шебері және актер. Қысқасын айтқанда, әмбебап жан. Instagram және TikTok желісінде арнайы аудиториясы бар, көпке белгілі жұлдыз десек те болады. Дамир жақында елімізге белгілі Salem Media-ның «60 кг» сериалына түсті. Бұған дейін біршама республикалық және халықаралық турнирде көк туымызды желбіреткен спортшы өзінің актерлық қырымен де танылды. Сұхбаттасайық деген сөзімізді екі етпей, арнайы уақытын бөлгені үшін алғыс білдіреміз. Басылымның кезекті санында Дамирмен оның болашағы және аралас жекпе-жек  жайлы  әңгіме  өрбіттік.

– Ассалаумағалайкүм, Дамир! Жағдайың қалай? Жаттығу барысы  қалай  өтіп  жатыр?

– Уағалайкүмассалам, шүкір, менде бәрі жақсы. Бірақ, жаттығуға келер болсақ, өкініштісі, қазір жаттығумен айналысып жүрген жоқпын. Бірер уақыт бұрын жаттығу барысында ауыр жарақат алып қалған болатынмын. Сол себепті қазіргі таңда жаттығудан тыс жұмыстармен айналысу барысындамын. Ағайларым мен дәрігерлердің айтуына сүйенсек, маған біраз уақыт демалыс қажет. Олар маған спортқа тек жарақаттарымнан толық айыққасын  ғана  қайта  айналыса бастау­ға болатындығын  айтты. Қазір менде тек емделу.

– Жалпы, ММА спорты қазір елімізде қарқынды дамып келе жатыр. Нақты ММА аталмағанымен, панкратион, жекпе-жек, грэпплинг спорт түрлері арқылы халықаралық дәрежеде кең көлемде еліміздің мерейін үстем етіп жатқан спортшылардың қатарында сен де барсың. Осы тұста осы спорт жолына қалай түскенің жайлы, ММА-ға нақты базасыз келу қиын, бұған дейін қандай спорт түрлерімен айналысқаның  туралы  да  тарқата  кетсең.

– Иә, бұл сөзіңізбен толық келісемін. ММА қазіргі кезде тек елімізде ғана емес, әлемде дамып келе жатыр десек, артық айт­қанымыз емес. Негізі мен спортқа күрес түрлері арқылы келгенмін. Қазақша күрес, дзюдо, самбо бәрі бір-біріне ұқсағасын, қатар-­қатар айналысып жүрдім. Одан соң муай-­тай спортына жазылдым. Бірақ, расын айту керек, менің базам – бокс. Себебі, басқа спорт түрлеріне  қарағанда бокспен көбірек айналыстым, спорт шеберлігіне үміткер атандым. Бокстан республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдегер болып та жүрдім. Бокс менің базам болғанымен, анау-мынау күрес шеберіне дес бермеймін. Ал бұл  ММА-ға  ағаларым  алып  келген.

Спортқа келмегенде, шыны керек, жаман жолға түсіп кетер ме едім. Бала кезімнен бастап энергияға толы, бұзық бала болғанмын. Жүрген жерімде төбелесіп жүретінмін. Ағаларым еркелігімді байқап, күшімді жақсы жаққа жұмсауым­ды қалады. Мектеп кезінде дене шынықтыру мұғалімдерінің ықпалымен күрес түрлерінен бірқатар жарысқа қатысуыммен басталды спорттық мансабым. Бірақ, күрескенге қарағанда, тұрып төбелескен, жалпы бокс, муай-­тай секілді спорт түрлерін жақсы көретінмін. Қазір универсал жауынгер болғаныммен, негізі боксшымын десем  болады.

– Спортшы кумирсіз болмайды ғой. Жалпы, жекпе-жек өнерінде кімді үлгі тұтасың?

– Орынды әңгіме айтып отырсыз. Әрбір спортшының кумирі болатыны анық нәрсе. Ал енді менің өзім айналысатын спорттағы кумиріме келер болсақ, бірінші кезекте ол – Конор Макгрегор. Конорды тану үшін міндетті түрде ММА фанаты болу керек емес. Бұл UFC жауынгерін бәрі таниды. Конор Макгрегордың төбелесу стилі менікіне ұқсас. Макгрегордан бөлек, Дастин Порье және Илья Топурия және Джастин Гейджидің төбелесу өнерін жаным сүйеді. Осы төрт файтер сияқты тұрып айқасқанды жақсы көремін. Мейлінше күрестен алшақ, ұрып төбелесу – атап өткен жауынгерлердікіндей менің де ұнататын стилім. Қысқасын айтқанда, менің жекпе-жектерімді көріп отырып, көрер­мендердің ұйықтап қалғанын қаламаймын. Бәрі менен сұмдық  нокаут  күтуін  қалайтындай  төбелескім  келеді.

– Спорттан тыс, жалпы медиамен, отандық киноиндустриямен де елге белгілісің. Тіпті кейбірі сені спортшы деп емес, актер немесе блогер ретінде танып жатады. Егер екі жақпен де үлкен мүмкіндік туып тұрған жағдайда қай жолға көбірек  акцент  қояр  едің?  Спорт  немесе  медиа?

– Иә, спорттан бөлек мені блогер және актер деп те таниды. Себебі, мен әлеуметтік желідегі парақшаларымды белсенді түрде жүргізіп отырамын. Ал егер сіз айтқандай, екі саланың бірін таңдау мүмкіндігі туса, ойланбастан спортты таңдар едім. Өйткені, мен ең алдымен – спортшымын. Менің медиа саласында жүргеніме екі жыл уақыт болса, спортта жүргеніме сегіз жыл болды. Көп уақытымды спортқа арнағасын, осы салаға басымдық беретінім айқын. Сол себепті, медиа немесе спорт деген сұрақ туса, спорт дер едім. Жаңа  айтып өттім, мені спортшы деп емес, актер  немесе  блогер  деп те танып жатады. Бұл, шыны керек, өкінішті  жағдай.

– Жақында «Nomad Fighting» организациясының кезекті турнирінде қырғыз файтері Марсельмен көз түйістірген едің. Сол  жекпе-жек  қашан  ұйымдастырылмақ?

– Осы қыркүйек айында қырғыз жауынгері Марсельге ұсыныс тастаған болатынмын. Өйткені, өзге ұлт өкілі Алматы­ның ортасында тұрып, «Кез келгенін айырамын» деген соң, намысым оянып кетті. Ешкім шықпағасын, өзім шығуды құп көрдім. Жас болғаныммен, неде болса осы сала төңірегінде жүргесін жеңетініме сенімді болдым. Дей тұрғанмен, онымен жекпе-жек кейінге шегерілді. Өйткені, тек менде емес, онда да ауыр жарақат бар екен. Егер екеуміз де жарақаттан айығып, толық дайын болсақ, екеуміздің де қашқымыз  жоқ.

– Жалпы, аралас жекпе-жек шеберінің стилі, имиджі жайлы әркімнің пікірі әрқилы. Сенің ойыңша әр жекпе-жек түрінің базасын меңгерген, бірақ шарықтау шегіне жетпеген универсал жауынгер мықты ма, әлде бір базаны толық меңгеріп, соған акцент қоя білген жауынгер мықты ма?

– Иә, аралас жекпе-жекте әр спортшыда өзіндік стиль болады. Ал енді сұраққа тоқталсақ, универсал жауынгер мықтырақ болатын сияқты. Универсал файтер қандай сәт болмасын, тұрып төбелесетін адамға қарсы күресті пайдалана алады, ал күресті меңгерген қарсыласқа керісінше төтеп беруге қауқарлы. Ал тек бір жекпе-жек өнерін білетін болып, қарсыласың оған төтеп бере алса, жағдайың қиындай түседі. Сондықтан да, кез келген жауынгер бір спортты толық меңгеріп, қалғанын бір сарында білуі қажет деп ойлаймын. Осы орайда мен тұрып мықты төбелесемін, ал күресім де нашар деңгейде емес. Қазіргі сәтте екі жақтан да өзімді  еркін  сезінемін.

– Алдағы уақытқа жоспар қандай, 2025 жылға қандай амби­ция  қойғалы  отырсың?

– Алла қаласа, 2024 жылды жарақаттың кесірінен еш жекпе-жексіз аяқтауға тура келіп тұр. 2025-те «Nomad», «Octagon», «Naiza» лигаларында өнер көрсету жоспарда бар. 2025 жылы менің жұлдызым жанатын уақыт бола­тынына күмәнім жоқ. Бұған бұйырса, бәріңіз куәгер боласыздар. Өзіме деген сенімім мол. Себебі, мен өзімнің потенциалымның қай жерге дейін баратындығын білемін. Алдағы жылы мені қолдаушыларға, жанкүйер бауырларыма  сәтті  әрі  қызықты  болғалы  тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет,  тек  сәттілік!

Сұхбаттасқан  Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: