Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көкпар: қайсарлық пен ептілік

20.03.2025, 7:20 66

Елімізде қазақы қалпымызға тән спорт түрінің бірі – ат спорты. Оның ішінде көкпар ойыны. Көкпар – қайсарлық пен ептілікті талап ететін спорт. Мұнымен жас жеткіншектерімізден бастап еркін айналысады.

Көкпардан ұлттық жарыстарда абыройымызды асырып жүрген жерлестерімізді мақтанышпен атай аламыз. Олардың жеңісті жолы кейінгі толқынға үлгі-өнеге. Осы орайда, өңіріміздегі ат спорты төңірегінде қалам тербемекпіз.

– Қазір Қызылорда өңірінде көкпардың жағдайы жақсарған, – дейді облыстық ат спорты түрлерінен аға жаттықтырушы Исламхан  Боранбаев.

Аймақта  алғаш  рет ұлттық ат  спорты  2005 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында жастар мен жасөспірімдер арасында бес мәрте финалға шығып, үздіктер қатарынан көрінді. Кейін жастар арасында екі рет, ересектер арасында үш рет жүлделі орындарды да иеленген. Бұл біздің өңірдің көкпар ойынындағы тәжірибені көрсетеді.

Көкпар ойынында жас ерекшеліктерге байланысты әр командада 12 адамнан ойын көрсетеді. Біріншісі, 14-17 жас аралығында. Екінші, 17-20 жас арасында. Ересектер құрамасына 21 жастан жоғары жігіттер қабылданады. Онда сом білекті, жалын жүректі атпалдай азаматтар ойнайды. Өйткені, көкпарда бірінші айла-тәсіл, екінші қажыр-қайрат керек. Көкпарға  балуандар  9-10 жастан бастап қабылданады екен. Мұның өзінде жігерлі жігіттерді іріктеп алады.

Қазір облыс атынан қатысатын 12 көкпаршы – арнайы стипендия иегері. Демек, бұл салаға өңірімізде оң көзқарас бар. Бұл спортшылар ересектер тобында өнер көрсететінін айта кету керек.

 – Көкпарға шабатын жылқы мықтының мықтысын іріктеп береді. Ежелден жылқы мен қазақ – егіз ұғым. Қазақты жылқы мінезді халық деп тегін айтпаса керек-ті. Әрине, көкпардың аты мен үстіндегі адамның өзара тұтасып, түсінісуі міндетті. Жылқымен ішнара сырласатын адам ғана оны өз бақылауында ұстай алады. Бұған көп еңбек пен уақыт жұмсалады. Мәселен, салым салатын сәтте немесе серкені іліп әкетер тұста тығырықтан жол тауып шығатын – адам. Ал  мұны жеңіске жетелейтін жылқының жүйрігі ғана. Әрбір жылқы жануарының бейімі мен болмысы бөлек болады. Ел арасында көкпар мен бәйге спортын салыстырып қарайтындар да бар. Екеуінің өз ерекшеліктері бар. Бәйге тек жүйрікті таңдайды. Сол үшін бәйгесін алады. Ал, көкпар ептілікті, күштілікті қажет етеді. Екі ат спортының бағу, баптау әдісі мен мақсаты басқаша. Көкпар спортына шабылатын серке жасөспірімдерге  22-25 келі, жастарға 25-30 келі, ал ересектерге 30-35 келі аралығында тасталады. Бұл республика көлеміндегі жарыстарда. Ал, халықаралық додаларда  муляж, яғни, құйма серкемен тасталынады, – дейді облыстық ат спорты түрлерінен аға жаттықтырушы Исламхан Боранбаев  бізбен  әңгімесінде.

Көкпаршы аттың талабы, біріншіден, жылдам  болуы маңызды  саналады.  Жалпы құрамда 4 шабуылшы болу міндеттелген. Шабуылшы мінетін аттар жатағандау, екі жағына қайтқыш, орнына тоқтағыш болады. Құрама сапында шабатын 6 ат команданың қорғаушысы саналады. Олар қарсылас команданы  жерден көкпар ілдірмейді және ілген жағдайда қорғаныс  жағдайын жақсартады. Команда  құрамында  екі  жекпе-жек  ат  болады. Бұл – қарсыластың атын  жібермей,  шабандозға  серкені  алуға ықпал  жасайтын  үйретілген  ат.

– Киім мәселесіне келер болсақ, спортшылардың киімдерін арнайы тапсырыспен тіктіреміз. Бір спортшыға жылына екі киім тігіледі. Бөрік, кеудеше, шалбар, етік. Көкпар тартысты ойын болғандықтан, киім көбіне төзімсіз боп келеді. Ал ойынға үнемі дайындығымызды пысықтап, әзір тұрамыз. Болашақта үлкен жарыстарда Сыр өңірінің мерейін үстем ету – біздің басты парызымыз. Көкпардың аты мен ойыншысы бір-біріне үйлесімді үйретілген болу маңызды. Көкпаршыда ойын барысын түгелімен танитын, қай жерде қалай қадам жасау керектігін білетін қасиет  керек  деп  ойлаймын, – дейді аға  жаттықтырушы  Исламхан Боранбаев.

Иә, көкпар – қазақтың  ұлттық ойыны. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жаңғыра бермек. Қазақтың ат үстінде ойнайтын озық спорт ойыны атүсті қалмақ емес. Өйткені көкпар және көкпар аты  – қазақпен  егіз  ұғым.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: