Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпқой бокс тарихындағы үздік 10 боксшы

07.08.2025, 10:40 198

Бокс – бәріміз білетіндей, корольдық спорт түрі. Кәсіпқой рингте сансыз шеберлер болды. Бірақ олардың ішінен тарихта қалғаны санаулы. Солардың қатарынан үздік ондықты іріктеп алып, назарларыңызға ұсынбақшымыз.

1. Мұхаммед Әли (56-5, 37 KO)

«Мен көбелектей қалықтап, арадай шағамын»

Әлемге Кассиус Клей есімімен танылып, ке­йін ислам дінін қабылдап, Мұхаммед Әли атанған боксшы – спорт тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Үш дүркін ауыр салмақтағы әлем чемпионы. Әли тек рингте ғана емес, нәсілдік теңдік, ар-ождан, соғысқа қарсы ұстанымымен де есте қалды. Джо Фрейзер, Джордж Форман, Сонни Листон сынды мықтылармен жекпе-жектері – бокс  әлеміндегі  ең  ұлы  айқастар.

2. Сугар Рэй Робинсон (174-19-6, 109 KO)

Жеңіл, орта және жартылай ауыр салмақтарды бағындырған техникалық шебер

Робинсон – «pound-for-pound» ұғымын тудыр­ған  боксшы. Оның шапшаңдығы, тайминг пен комбинациялары – әлі күнге дейін эталон. Ол тек жеңіспен өлшенбейтін шеберлік иесі еді. Мұхаммед  Әлидің  өзі  оны «ең үздік» деп атаған.

3. Флойд Мейвезер (50-0, 27 KO)

Кемел қорғаныс, есеппен жұмсалған соққылар және  мінсіз  рекорд

50 кездесу – 50 жеңіс. Бұл – Мейвезердің ұйымдасқан, жоғары IQ-мен өрілген мансабының жемісі. Ол ешқашан жеңілген емес. Флойд рингте қарсыласына мүмкіндік бермейтін қорғаныспен және өткір қарсы соққысымен (контрпанч) ерекшеленді. Оскар де ла Хойя, Пакьяо, Канело  сынды  атақтылармен  айқасқан.

4. Майк Тайсон (50-6, 44 KO)

«Темір» Тайсон – рингтегі құбыжық

20 жасында ауыр салмақтағы әлем чемпио­ны атанған ең жас чемпион. Оның рингке кірер алдын­дағы көзқарасының өзі қарсыласын сындыратын. Тайсонның жарылғыш күш пен қысым­ға құрылған стилі миллиондаған жан­күйерді өзіне қаратты. Жеңілістері көп нәрседен хабар береді, бірақ ол өзінің табиғи дарыны мен харизмасымен  бұл  тізімде  болуы  тиіс.

5. Мэнни Пакьяо (62-8-2, 39 KO)

Сегіз салмақ дәрежесінде чемпион атанған жалғыз  боксшы

Филиппиндік аңыз Пакмен – нағыз феномен. Оның рингтегі жылдамдығы, комбинациясы, стилі ерекше. Ол жартылай жеңілден бастап, жартылай орта салмаққа дейінгі қарсыластарын жеңді. Әлемдік беделі мен қара­пайым өмір салты оны миллиондардың кумиріне айналдырды.

6. Джо Луис (66-3, 52 KO)

Ұзақ жылдар бойы ауыр салмақты билеген аңыз

1937-1949 жылдар аралығында 25 мәрте ауыр салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғаған ең ұзақ билік құрған чемпион. Оның Макс Шмелингке қарсы екінші айқасы – тек спорт емес, АҚШ пен Германия арасындағы идеологиялық қақтығысқа айналды. Луистің бейнесі – ұлт мақтанышы.

7. Рокки Марчиано (49-0, 43 KO)

Ешқашан жеңілмеген ауыр салмақ чемпионы

Италиялық текті америкалық боксшы – ауыр салмақтағы мінсіз рекорд иесі. Ол өзінің қысымға толы шабуылымен танылды. Мар­чиано физикалық көрсеткіштерден гөрі, ерік пен жүрекпен  күрескен  боксшы.

8. Рэй Леонард (36-3-1, 25 KO)

«Төрт корольдың» бірі, жартылай орта салмақ  аңызы

1980-жылдардағы «Төрт корольдың» (Лео­нард, Хирнс, Дюран, Хаглер) мүшесі болған Рэй Леонард – қарсыласына бейімделе алатын, жоғары IQ-лы, техникасы мен харизмасы бар боксшы. Ол  үш  салмақты  бағындырған.

9. Бернард Хопкинс (55-8-2, 32 KO)

49 жасқа дейін чемпиондық белбеуді ұстап келген  феникс

Орта және жартылай ауыр салмақтарды бағындырған ең жасамыс чемпион. Оның ұзақ мансабы, тактикалық күресі, өзін күте білуі – жастар  үшін  үлгі.  Ол  20  мәрте  титул  қорғаған.

10. Оскар де ла Хойя (39-6, 30 KO)

«Алтын бала», жан-жақты техника иесі

Олимпиада чемпионы, алты салмақта әлем чемпионы. Оскар – 90-жылдар мен 2000-жылдардың басты медиа тұлғаларының бірі. Ол Кане­ло мен басқа да мықтыларға жол ашқан промоутер  ретінде  де  тарихта  қалды.

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: