Головкин кәсіпқой бокста 21 рет титулын қорғап, Бернард Хопкинстің рекордын жаңартты, деп жазады penalty.kz.
Аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин орта салмақтағы боксшылар арасында мансабында тапқан табысы бойынша көш бастады.
Кәсіби бокста ең коммерциялық дивизиондардың бірі саналатын орта салмақта өнер көрсеткен Головкин мансабы барысында шамамен 150 миллион АҚШ долларын табыс еткен.
Бұл соманың 82 миллион доллары мексикалық жұлдыз Сауль «Канело» Альвареспен өткізген үш жекпе-жектен түскен. Аталған трилогия кәсіби бокстағы ең табысты сериялардың біріне айналды.
ОРТА САЛМАҚТАҒЫ ТАБЫС РЕЙТИНГІНІҢ ҮЗДІКТЕРІ
- Бернард Хопкинс — шамамен 60 млн доллар (51 жасқа дейін жұдырықтасқан);
- Оскар Де Ла Хойя — орта салмақта 50 млн доллар, кейін суперорта салмаққа ауысқан;
- Крис Юбанк-кіші — 12,5 млн доллар;
- Джермалл Чарло (WBC чемпионы) — 5 млн доллар;
- Эрисланди Лара — 3 млн доллар табыс тапқан.
ЕҢ ІРІ СЫЙАҚЫЛАР
Орта салмақ тарихындағы ең ірі жекпе-жек гонорарларының қатарында:
- Головкиннің Альвареспен екінші айқасынан алған 30 млн доллар;
- Хопкинстің Де Ла Хойяны жеңгені үшін алған 10 млн доллар;
- Альварестің орта салмақтағы соңғы жекпе-жектерінен тапқан 40 млн доллар аталады.
ГОЛОВКИННІҢ СПОРТТЫҚ МҰРАСЫ
Геннадий Головкин кәсіби бокста:
- 42 жеңіске жетіп (оның 37-сі – нокаутпен),
- 2 рет жеңіліп,
- 1 жекпе-жекті тең аяқтады.
Ол орта салмақта екі мәрте әлем чемпионы атанып, WBA (Super), WBC, IBF және IBO белбеулерін иеленді. Головкин 21 рет титулын қорғап, Бернард Хопкинстің рекордын жаңартты.
Ал әуесқой бокста Головкин, Афина-2004 Олимпиадасының күміс жүлдегері. 2003 жылғы әлем чемпионы. Ол әуесқой рингтегі мансабын 345 жеңіс пен 5 жеңіліспен аяқтаған.
ҚАЗІРГІ ҚЫЗМЕТІ МЕН МОЙЫНДАЛУЫ
- 2025 жылы Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына (IBHOF) енген алғашқы қазақстандық атанды;
- 2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып келеді;
- 2025 жылдың қарашасында боксты Олимпиада бағдарламасында сақтау мақсатында құрылған World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды.
Ғани ТҰРҒЫМБЕКОВ,
сарапшы, спорт журналисі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!