Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Футбол клубтарын жаппай жекешелендірудің соңы неге әкеліп соғуы мүмкін?

26.02.2026, 8:20 60

Президент пәрменінен соң Қазақстандағы футбол клубтарын жаппай жекешелендіру процесі басталғанын бәріміз білеміз. Былтырдан бастау алған бұл қуанышты жаңалық биыл да жалғасып жатыр. Мұны әсіресе елдегі спорт журналистері мен сарапшылары сарыла күтті. Бұған дейін «Футбол клубтары мемлекетті «сауын сиыр» етпеуі керек» деген сарында мыңдаған мақала жазылып, бірталай сюжет түсірілді.

Ақыры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында отандық футбол клубтарына бизнес-индустрия ретінде қарау керегін айтып, осы мәселеге нүкте қойды.

«Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы  қолдап,  арнайы  заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек.

Футбол  клубтарын  жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің 4 футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Дегенмен, футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.

Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн» деп шегелеп тапсырған болатын ел Президенті.

Әлбетте, ханның сөзін қара да айтады. Бірақ, ауызының дуасы жоқтың кері…

Осы орайда, біз «Футбол клубтарын жаппай жекешелендірудің соңы неге әкеліп соғуы мүмкін?» деген сұраққа жауап іздейміз. Шыны керек, мұндай маңызды өзгерісті күмән-күдікке айналдырғымыз келмейді. Десе де, бұл процесс тарихта бірінші рет ғана кездесіп тұрған жоқ. Сол себепті, футбол клубтарына бизнес-индустрия ретінде  қараудың  болашақтағы  салдарына  бір  үңіліп  қою  еш  әбестік  етпейді.

Біз пікірін білген спорт журналисі, комментатор Жандос Айтбайұлы «Зейнеткерлерді әкеліп, қазақ футболының көсегесін көгерте алмаймыз» деп отыр. Оның  сөзінше, қазақ футболының болашағын  елестету әлі де қиын.

– Қарыштап дамып кетеді немесе құрдымға кетеді деп кесіп-пішіп айта алмайсың. Жаппай жекешелендіру өз жемісін береді деген де үміт бар. Өйт­кені, қазірдің өзінде «Қайсар» секілді клубтар Мозес сынды тәжірибелі ойын­шыларды шақыртып, қысқасы құрамын күшейтіп, ұлттық біріншілікте мықтылармен иық тірестіргісі келеді. Ендеше, бұл – ел чемпионатында бәсекелестік арта түседі деген сөз. Алайда, «асарын асап, жасарын жасап болған» Нани секілді зейнеткерлерді жинап, футболдың көсегесін көгерте алмаймыз. Одан сол қыруар қаржыны балалар ака­де­миясына, инфрақұрылымға жұмсаса, ел  футболының ертеңі  жарқын  болмақ! — деді  ол.

Қазақстан футбол федерациясының кәсіби жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр осыған дейін еліміздегі барлық кәсіби футбол клубы 2-3 жыл аралығында жеке инвесторлардың қара­мағына берілетінін айтты. Президент айтқан 4 футбол клубының жеке басқаруға өткенін отандық БАҚ сүйіншілей  жазды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов алғашқылардың бірі болып Freedom Holding Corp. компаниясының енші­лес ұйымы Freedom Finance Қарағандының «Шахтер» футбол клубы үшін стадион мен футбол академиясын салу­ға қызығушылық танытқанын хабар­лаған  болатын.

Одан өзге кәсіпкер Сергей Канға тиесілі «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» Петропавлдың «Қызылжарына» иелік етсе, Михаил Ломтадзе тең иелік ететін Kaspi Group Астананың «Жеңіс» клубын басқарып, футбол инфрақұрылымын дамытуға қаржы құятыны белгілі болды. Артынша кәсіпкер Исламғали Қозбақовтың «қасқырларды» жекеменшікке алғаны айтылды.

– Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы жеке кәсіпкерге берілді. Инвестор екі жылда 12 миллиард теңгеге жаңа академия салуға міндеттеме алды. Негіз­гі назар балалар футболына және жаттықтырушыларды даярлауға аударылады, — деді Бақытжан  Пазылхайыр.

Қалай десек те, Қазақстан Премьер-лигасын жаңа қауіп күтіп тұруы мүмкін. Бұл мәселе спорт төңірегін­дегілерді  қазірден-ақ  ойландырып жатыр.

Спорт журналисі Иван Резванцев алдағы уақытта елдің футбол клубтарын жаппай жекешелендірудің соңы неге әкеліп соғуы мүмкін екенін болжап көрді. Оған «Ресей немесе Беларусь тәжірибесін қайталауымыз мүмкін  бе?» деген  сауал  қойылған.

– Мұндай қауіп бар, әсіресе жергілікті бизнес өкілдері иелік еткен клубтарда кездеседі. Егер актив шығын әкелсе, олар одан бас тартуы мүмкін. Команданы ұстап тұру – өте қымбат әрі ауыр жүк, — деді  ол.

Еске салайық, миллиардер Сүлейман Керимов бастапқыда қаржы құ­йып, кейіннен тастап кеткен «Анжи» клубының жайын спортсүйер қауым жақсы  біледі.

Журналистің айтуынша, капитал жинай алған кәсіпкерлер команданы да дамытуға қауқарлы. Әсіресе, «Ақтөбе» футбол клубының жайы. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, жеңілісті кешірмейтін өте талапшыл жанкүйерлері тағы бар. Сол себепті, мұның  маңызы  тереңде  жатыр.

Әріптесінің сөзін журналист Жандос Айтбайұлы қос қолдап қолдайды.

– Иә, президенттің пәрменінен ке­йін футбол клубтарын жаппай сатып алу жалғасып кеткені рас. Бірақ, барлығы сол клубтарды шын ықыласымен алып отыр деп айта алмас едім. Енді бұрынғыдай аспаннан келіп жатқан ағыл-тегіл ақша жоқ. Яғни, инвесторлар берген әрбір тиынның сұрауы болады. Сондықтан, клуб басшылары қаржыны оңды-солды шаша бермей, ойланып барып жұмсайтыны анық. Егер шыққан шығынның кірісі болмаса, инвесторлардың да ұзаққа шыдамасы түсінікті. Сол себепті, жекенің қолына өткен клуб қожайындары енді жеке бастың қамын емес, команданың өсіп-өркендеуін ойлауы  тиіс, — деп  ашығын  айтты  ол.

2026 жыл басталғалы да бірнеше клуб жекеге өтті. Олардың қатарында «Ақтөбе»,  «Ордабасы»  және  «Оқжетпес» футбол  клубы бар.

– «Ақтөбе» футбол клубы Qazaq Stroy Properties компаниясының жеке­меншігіне өтті. Аталған компания «Ақтөбе» футбол клубын ұзақмерзімдік даму стратегиясы бар, жүйелі әрі тұрақты спорттық жоба ретінде қабыл­дайды. Жаңа басшылық өз алдына бірнеше  нақты  жоспар  қойды:

– клубтың спорттық нәтижелерін тұрақты  түрде  жақсарту;

–  балалар мен жасөспірімдер футболын  дамыту;

– академия мен инфрақұрылымды жаңғырту;

– басқару жүйесін халықаралық стандарттарға  сай  жетілдіру;

– жанкүйерлермен ашық әрі сенімді қарым-қатынас  орнату  және  т.б.

Нағыз  жанкүйерлер үшін бұл ақпарат қуанышты жаңалық ретінде қабыл­данды, — деп жазды клубтың ресми парақ­шасы  осыдан  бір  ай  бұрын.

Ал «Ордабасы» футбол клубын енді Integra Construction компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп басқармақ. Ол компанияның клубты дамытуға қатысуын ұзақмерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастыратынын  жеткізді.

– «Ордабасы» – тарихы терең, жанкүйер қолдауы берік клуб. Біздің міндет – инфрақұрылымды дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптас­тыруға басымдық бере отырып, клубтың  тұрақты дамуын қамтамасыз ету, — деді  клубтың  сужаңа  иесі.

Тағы бір клуб «Оқжетпесті» ком­мер­цияландыру және басқарудың жаңа моделіне көшіру процесі Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов­тың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Онда «Оқжетпес» футбол клубы қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданып, қордың құрылтайшысы ретінде Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері, «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Адамович Сауэр таныстырылды. Оған өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға қолдау көрсету міндеті жүктелді. Яғни, «Оқжетпес» футбол клубы да өңірлік бизнестің қатысуымен жаңа басқаруға  көшеді.

Шынында, қазақстандық клубтар бірінен соң бірі жекеге өтіп жатыр. Бірақ, оларды басқарушылар кімдер? Бәрі бірдей «Қайрат» футбол клубының иесі Қайрат Боранбаев сияқты бола ала ма? Спорт журналисі Әлібек Байшүленов мәселенің тек ақшада емес  екенін  айтады.

– Футболға жаны ашитын, еңбек­қор, осы сферадан шыққан адамдар келуі керек. Клуб басшылығына болсын, бапкерлікке және ойнауға болса да. Тоқетері, ақша көп нәрсені шешеді, бірақ бәрін емес. Мұны осы жылдарға дейін ұғындық деп ойлаймын. Енді жеке­ге өткен футбол клубтарына жақсы бапкер, мықты менеджер керек, сол ақшаны дұрыс жұмсап, командадағы атмос­фераны ұстап тұра алатын. Клуб қожайындары қалай болғанда да, өзі құйған ақшаны қайтаруға тырысады. Балалар академиясын салып, ойыншыларды сатып, ақша табуға болады. Шынымен, олар футболға бизнес ретінде қарауға көшеді. Бірақ, ең бастысы командаға жаны ашитын адамдар келуі керек. Әйтпесе, өзгеріс күту қиындау, — дейді  ол.

Қорыта атқанда, «жекешелендірудің болашақтағы ықтимал салдары қандай болады?» деген сауалға жауап беріп өтсек. Әлбетте, клубтар бюджетке емес, нарық заңына тәуелділікті бастайды, сондықтан қаржылық тәртіп күшейеді. Бұрынғыдай «өткен жылғы қарызы бар» деген сынды сылтаулар айтылмайды немесе айтылмауы керек. Басшылар қысқа мерзімде нәтиже талап етеді, өйткені әр қаржының есебі мен сұрауы бар. Әрі бизнесмендер атақ-абыройы үшін жанталасады. Бұл өз кезегінде менеджменттің кәсібиленуіне әкелуі тиіс. Мемлекеттік клубтарға тән «жалақы үшін ойнау» психологиясы ұшты-күйлі жоғалуы шарт. Жекеменшік клубтар трансфер саясатында қолды емін-еркін сермеуін доғарып, әрбір келісімшартқа жіті мән беруді бастайды. Десе де, демеуші мен инвестор таба алмаған немесе клубты еркінен тыс алған кәсіпкерлердің  командалары нәтиже көрсете  алмайды. Бұл – бесенеден  белгілі жайт. Ең бастысы, барлық басқарушы футболға бизнес-индустрия  ретінде  қараса  болғаны.

Рыскелді  ТӘЖІ

Коллаж: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: