Маусымның 1-інде Балаларды қорғау күнімен бірге үлкен спорт мерекесі қатар келді. Нақтырақ айтсақ, көптен күткен Чемпиондар лигасының финалы өтіп, сондай-ақ үлкен бокс кеші мен ең үздік ММА лигасы UFC-дің кезекті нөмірлі турнирі сәтті аяқталды. Біз күткен сенсация болмағанымен, фаворит саналғандар артылған үмітті ақтап, жеңіске жетті. Нақтыласақ, «Реал Мадрид» футбол клубы Уэмбли төрінде дортмундтық «Боруссияны» аяған жоқ. Араға небәрі бір жыл салып қалқанқұлақ кубокты төбеге көтеріп отыр. Сол түні 2-сінің таңы атқан тұста UFC 302 турнирі де жалауын желбіретті. Бұл кардтың мэйн-эвентінде жеңіл салмақ дәрежесінің белдігін Дастин Порье мен Ислам Махачев сарапқа салды. Мұнда да жағдай солай. Тура «пик» формасында тұрған дағыстандық спортшы екі мәрте бұған дейін чемпион болу мүмкіндігінен айырылып қалған Порьенің тағы да титул иемденуіне кедергі келтірді. Бұл – Ислам Махачевтың жеңіл салмақ дивизионы белдігін үшінші рет қорғауы.
«МАРКО РОЙС, МЕНІҢ СҮЙІКТІ МАРКО РОЙСЫМ…»
2023/24 маусым да өз мәресіне жетті. Топ-5 лига ойындарымен қатар, кіл мықтылар күш сынасатын Чемпиондар лигасының да жеңімпазы анықталды. Расын айту керек, финал нәтижесі аса қатты таңғалдыра қоймады. Есеп «Реал Мадридтің» еншісінде – 0:2. Матч болатын күні Уэмблиде ине шаншыр орын болмады. Қос команданың да бас бапкерлері құрамға аса өзгеріс енгізе қоймады. «Реал» сапынан жарақатына байланысты Алаба шығып қалып, орнына Начо негізгі құрамға шықты демесең, қос клубтың да құрамы сол қалпы. Ойын басында «Боруссияның» еті тірілеу көрінді. Қайта-қайта шабуылдап, Куртуа торуылдаған қақпаның біраз шаңын шығарды. Десе де, неміс шабуылшылары Адейеми мен Фюллькругқа сәттілік жетіспеді. Осы тұста мадридтік клубтың қорғанысы жөнінде айтып өткеніміз жөн. Рюдигер мен Начо, сондай-ақ екі фуллбэк Менди мен Карвахаль тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Екіншісі тіпті гол да соқты. Екінші тайм бастала салысымен, кешеуілдеп «Реалдың» дем алатынына көзіміз үйреніп қалғалы қашан. Финалдық ойында да тура сол жағдай қайталанды. Ойынның 74-минутында Тони Кроостың бұрыштамадан көтерген добына бірінші болып басын тосқан – Дани Карвахаль. Қарға бойлы Карвахальдың баспен доп ұратынына ешкім сене қоймаса керек, қорғаушылар оны ашық қалдырып қойыпты. Осылайша «Реал Мадрид» есепті 0:1-ге жеткізді. Бірінші гол салғаннан кейін «Реал» әдетіне салып, қорғанысқа көбірек мән береді деп ойлап едік, қателестік. «Реал Мадрид» қос қапталдан да шабуыл жасай берді, жасай берді. Ақыры араға 9 минут салып Кобель қорғаған қақпаға екінші голды да топ еткізді. Есеп – 0:2. «Боруссияға» тәжірибе жетіспегендей болды. Ройс пен Хуммельстен басқасының бәрі бұған дейін Чемпиондар лигасының финалында өнер көрсетіп көрмеген. Қанша барын салғандарымен, «Реалды» қапы қалдыру дортмундтықтарға бұйыра қойған жоқ. Ройстың «аралар» сапындағы соңғы маусымы әдеттегідей трофейсіз тамамдалды…
UFC 302: ТРАМП КӨЗ ТІККЕН ТУРНИР
ММА жанкүйерлері жамандыққа қимайтын, өздерінше «Peoples champ» атап кеткен Дастин Порьеге UFC президенті үшінші рет жеңіл салмақтың титулын иемденуге мүмкіндік берді. Естеріңізде болса, Дастин 2019 жылы дағыстандық файтер Хабиб Нурмагомедовпен жекпе-жек өткізіп, қылғындыру әдісімен жеңіліс тапқан-тұғын. Одан соң бразилиялық джиу-джитсу шебері Чарльз Оливейрамен кездесті. Ол жекпе-жекте де Порье «қылғынып қалды». Жалпы, Дастин Порье күрес, грэпплинг шеберлеріне қарсы қатты қиналады. Ислам Махачевпен өткен жекпе-жек те бұл сөзімізге дәлел болып тұр. Ислам мен Порье турнирдің алдында өтетін баспасөз мәслихатында кикілжіңге келіп қалған. Порье «face to face» екеуара әңгімеде Исламды «жексұрын» деп айтып қалған екен. Америкада бұл сөз норма болып есептелсе, ал кавказ жігіттері үшін өте жағымсыз естіледі. «Жекпе-жекте осы сөзің үшін жауап беретін боласың» деді дағыстандық файтер. Ал Дастин оның бұл сөзіне «Жекпе-жекте бәрі басқаша болады, мен сені нокаутқа жіберемін. Әлі-ақ аяғымның астында тізерлейтін боласың» деп жауап қатты. Жекпе-жекте Ислам бүкіл раунд бойы доминация жасады, Дастинге жұдырықтасуға мүмкіндік бермеді. Көптеген эксперт пен аналитик кездесуді дәл осылай жоспарлап еді. Тек төртінші раундта ғана Порье партерден шығып, Исламды біраз соққылады. Десе де, қатты шаршаған Дастиннің джебтері де, хуктары да Исламды есеңгірете қойған жоқ. Бесінші раундта Ислам Махачев қылғындыру әдісімен жеңісті жұлып әкетті. Енді Ислам Махачев екі титулды қатар иеленген балуандардың қатарына кірсем бе дейді. Дәлірек айтсақ, жақын арада армениялық Арман Царукянға қарсы бір рет титул қорғап, Леон Эдвардс пен Белал Мухаммадтың жекпе-жегінде жеңіске жеткен файтермен белдеспек ниетте. Айта кету керек, бұл дивизионда отандасымыз Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Шавкаттың титулға таласта үшінші келе жатқанын ескерсек, Ислам мен Шавкат арасындағы сұмдық жекпе-жекке куә болып қалуымыз бек мүмкін.
Кардта сонымен қатар орта салмақтың экс-чемпионы Шон Стрикленд бразилиялық жетінші нөмірлі Пауло Костамен күш сынасты. Екеуі де ұрыс пен тебісті жөн көретін, партердегі айқасты суқаны сүймейтіндердің қатарынан. Дегенмен, жекпе-жек көпшілік күткендей бола қоймады. Көрермен бес раунд бойы мәнсіз жұдырықтасуға ғана куәгер болды. Тек Шон Стрикленд жекпе-жектің аяқталуына таяу қалғанда ғана Костаны сабалап, шоу көрсеткендей болды. Бірақ оның соңы нокаутқа апармады. Жекпе-жек жеңімпазы – Стрикленд.
Айтпақшы, Трамп та өзіне сайлауалды жарнама жасауды жөн көрген секілді. АҚШ-тың экс-президенті де арена трибунасынан көрінді. Турнир соңында Хабибпен тілдесіп, Стриклендпен суретке түсіп алды.
Жалпы, биылғы жаз спорт жанкүйерлері үшін біраз тосынсый болғалы тұр. Олай дейтін себебіміз, алда күллі әлем көз тіккен олимпиада ойындары келе жатыр, Онымен қоса футболдан EURO-2024 турнирі де бар. Маусымның соңы Конор Макгрегор октагонға оралып, Майкл Чендлермен жұдырықтаспақ. Сонымен қатар, Шавкат бауырымыздың потенциалды қарсыласы Хамзат Чимаев та австралиялық файтер Роберт Уитаккермен жекпе-жек ұйымдастырып жатыр.
Айтілес АБАЙҰЛЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!