Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХV халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, Елеу Көшербаевтың ұрпақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері келді.
Жарысқа Өзбекстаннан, Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 25 команда қатысуда.
Аймақ басшысы турнир қатысушыларына ізгі тілегін білдірді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз», – деген болатын.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Өткен жылы 13 спорт кешені салынып, бүгінде 9-ы ел игілігіне табысталды. Биыл 10 спорт кешенінің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, халықаралық стандарттарға сай келетін 10 000 орындық Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталды, жақында пайдалануға беріледі. Құрылысы жоспарланған «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінде 2000 көрерменге арналған арена, олимпиадалық стандартқа сай келетін бассейн және 600 адамдық көрермен залы, жаттығу, конференц және хореография залдары болады. Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасымен Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өткізілуде. Осылайша біз жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастырудамыз. «Спорт – денсаулық кепілі» десек, нысандарды көпшілікке қолжетімді ету арқылы халық денсаулығын жақсарту біздің басты міндетіміз болып қала бермек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты ашылу рәсімінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербай мен Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, іс-шарада турнирді ұйымдастыруға атсалысқан спорт саласының қызметкерлері марапатталды.
Е.Көшербаев Тереңөзек, Сырдария аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Зейнетке шыққан соң да облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде игі істер атқарған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!