Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің ширек финалында америкалық Джессика Пегуланы жеңіп, әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілуге бір табан жақындай түсті. Кездесу 1 сағат 30 минутқа созылып, Рыбакинаның айқын басымдығымен аяқталды. Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:1, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.
Осы жеңістің арқасында Елена турнирдің жартылай финалына жолдама алып қана қоймай, әлемдік рейтингте польшалық Ига Швёнтекті басып озуға мүмкіндік алды. Енді ол финал жолдамасы үшін украиналық теннисші Элина Свитолинамен кортқа шығады. Бұл нәтижеден кейін Елена Рыбакина өз мансабында алғаш рет әлемнің екінші ракеткасы атанбақ.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы биылғы маусымдағы басты мақсаты ретінде әлемнің бірінші ракеткасы атануды көздеп отыр. Осы мақсатқа жету жолында дайындықты күшейту үшін ол Билли Джин Кинг кубогының матчтарына қатыспау туралы шешім қабылдаған.
Коллаж: ChatGPT/Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!