Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«DAMU BALA» бағдарламасы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде

28.11.2024, 9:55 40

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің жұмысы зерделенді. Нәтижесінде аймақ басшысының қадағалауымен балалардың шығармашылық үйірмелерге, спорттық секцияларға нақты қатысуы зерделеніп, негізсіз көмек алғандардың қаржысы мемлекетке қайтарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова және облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев мәлімдеді.

– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес тамыз айынан бастап мәдениет басқармасы және спорт басқармасының жанынан арнайы зерделеу топтары құрылды. Жұмыс тобы қаржыландырылған барлық үйірме мен секцияға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Екі айдың ішінде мәдениет бағытында тапсырыс алып отырған 136 өнім берушіні зерделей келе, 47 кәсіпкердің жұмысында келісімшартқа сәйкес талаптардың орындалмауы анықталды. Мемлекеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына байланысты кәсіпкерлермен келісімшарт біржақты бұзылды. Кәсіпкер мен басқарма арасындағы келісімшарттың 3.1-тармағына сәйкес олар 19 түрлі талапты орындап, балалардың қауіпсіздігіне, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаулары қажет болатын, – деді басқарма басшысы Мира Жомартқызы.

– Спорттық үйірмелерге зерделеу жұмыстарын жүргізгенде нысан ішінде жуыну бөлмелері, киім шкафтары жабдықталмағаны және жылы судың болмауы анықталды. Осындай кемшілік жіберген 42 өнім берушімен келісімшарт бұзылды. 25 кәсіпкер қызметін тоқтатуға өз өтінішін берді. Бүгінде 111 өнім беруші жұмысын жалғастыруда. Ата-аналардан түсіп жатқан түрлі шағым бойынша тиісті шаралар қолға алынуда, – деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев.

Сонымен қатар, бейнебақылау камералары орнатылмаған, 30 күндік сақтау жады жоқ, басқа аудан балаларын заңсыз тіркеу фактілері болған. Өрт қауіпсіздік талаптары сақталмаған, өрт дабылы қондырғысы жұмыс істемейді, санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.

Зерделей келе, шығармашылық үйірмелер бойынша 600,0 млн теңге, ал спорттық секциялардан 2 млрд 603 млн теңге бюджетке кері қайтарылды. Бүгінгі күнге мәдениет бағыты бойынша 18474 бала, спорт бойынша 12278 баланы қамтиды.

Айта кету керек, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес мониторингтік топтың құрамы жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлерімен қайта жасақталды. Жаңа құрам қала және аудандардағы шығармашылық және спорттық үйірмелердің жұмысын қатаң зерделеуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: