Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Чемпиондар лигасы таңғалдыруын тоқтатар емес

25.04.2024, 10:00 300

Өткен аптада футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалының қарымта ойындары өтіп, жартылай финалға шыққан клубтардың тізімі анықталды. Чемпиондар лигасының биылғы маусымы әзірге қызықты әрі тартысты өтуде. Бірінші ойында мадридтік «Атлетикодан» 2:1 есебімен жеңіліс тапқан немістің «Боруссия Дортмунд» клубы өз алаңында өткен реваншта 4:2 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге суырылып шықты. Ал 2 жыл қатарынан Еуропа лигасында доп теуіп, биыл ғана ширек финалға дейін жеткен «Барселона» бірінші матчта қарсылас алаңы «Парк де Пренсте» ПСЖ-ны 3:2 есебімен жеңген еді, екінші ойында париждіктер күтпеген жерден камбэк жасап, 1:4 есебімен айласын асырып кетті. Бұны 2017 жылы өткен 1/8 финал ойындарының қарымтасына баладық. «Арсенал» болса алғашқы ойында мюнхендік «Баварияға» біршама сес көрсетіп, тең есеп ұстап еді, Германияда оларды бавариялықтар басқаша күтіп алды. Лондондағы тартысты ойын 2:2 болса, қарымта матчта «Бавария» минималды 1:0 есебімен жеңісті жұлып әкетті. Чемпиондар лигасының ¼ ойындарының орталық матчы саналған «Реал Мадрид» пен манчестерлік «Ситидің» арасындағы текетірісте бірінші команда басымырақ болды. Бұл екі клуб турнирдің плей-офф кезеңдерінде бір-біріне қарсы түсіп, арпалысып жүргелі – 3 жыл. Былтыр «Ситидің» бағы жанса, биыл «Реалдың» мерейі үстемірек болды. «Сантьяго Бернабеу» алаңындағы бәсекелі матч 3:3 есебімен тең аяқталса, екінші ойында да қос клуб 90 минутта жеңімпазды анықтай алмай, пенальти сериясына жүгінді. Сәттілік сынға түскен тұста мадридтік «Реалға» ешкім тең келмейтінін білеміз. Биыл да «Сити» екі матчта да үстемдік көрсеткенімен, келесі кезеңге «Реал» аттанды.

МАРКО  РОЙС ЕУРОКУБОКТАН  ҮМІТТІ

Жеребе сәтінде «Атлетико Мадрид» пен «Боруссия Дортмунд» бір-біріне қарсылас атанып, күш сынасатыны анық болғаннан-ақ футбол жанкүйерлерінің ойы екі жақты болды. Өз лигаларын қашан­да 2-3-орындарда аяқтап, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында тұрақтай алмай жүрген екі клубтың ойы­ны көпшіліктің қызығушылығын тудырды.  Әртүрлі пікір айтылды. Бірінші матч «Атлетико Мадридтің» алаңында, яғни «Ванда Метрополитано» стадионында ойнатылды. Алаң иелері шабуылда белсен­дірек көрінгенімен, «Боруссия» да шабуылда қалыс қалған жоқ. Ойынның 4-минутында мадридтіктер есеп ашты. Гол авторы – аргентиналық орталық   жартылай  қорғаушы  Родриго Де Пауль. Неміс  клубының қорғаушыларының өрескел қателігін Де Пауль оңды пайдалана білді. Бертін келе шамамен жарты сағат өткен соң француз ойын­шысы Антуан Гризманның берген пасынан мүлт кетпеген Самуэль Лино есепті  2:0-ге жеткізді. Екінші голдан кейін «Боруссия» ойыншылары есін жиды. Қапталдан Джейдон  Санчо, Юлиан Брандт секілді шабуылшылар Облактың біраз мазасын алды. Ақыр аяғында қосалқы құрамнан қосылған Себастьен Алле ойынның бітуіне санау­лы уақыт қалғанда гол соғып, есеп арасын жақындатты. Осылайша төреші ысқырық шалып, алғашқы ойынның қорытындысымен «Атлетико Мадрид» жеңіс  тұғырынан  көрінді.

Дортмундта өткен екінші матч біріншіге қарағанда әлдеқайда қызығырақ болды десек, артық айтпағанымыз болар. Дортмундтық жігіттер қарымта ойында нағыз немістің қанына біткен мінезін көрсете білді. Матчтың бірінші кезеңінен-ақ «Атлетико» қорғаушыла­рын төмпеш­теп, ары-бері жүгіртті. Нәтижесінде, алдыңғы ойында да белсенділігімен ерекше көзге түскен Юлиан Брандт  – есеп ашып, арада 5 минут өткен соң сол жақ қорғаушы Йен Матсен тағы бір гол салды. Екінші тайм одан әрі қыза түсті. 49-минутта неміс қорғау­шысы Матс Хуммельс өз қақпасына гол соғып алды. 64-минутта шабуылшы Анхель Корреа айып алаңының ішінде болған қарбаласты ұтымды пайдаланып, есепті теңестірді. 70-минуттың шама­сында орталық жартылай қорғаушы Забитцердің сол жақтан әуелете көтерген добына Никлас Фюллькруг бірінші ұмтылып, есепті 3:2 қылды. Небәрі 3 минут өткен соң, ассист берген Марсель Забитцер өзіне келген тамаша мүмкіндіктен мүлт кетпей, ойынның нүктесін қойды. «Атле­тико» жігіттері қанша тырыс­са да, тіпті есеп айырмасын қысқарта алмады. «Боруссия Дортмунд» – жартылай  финал­да.

7 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ КАРМА немесе БАСЫНА БАҚ ҚОНБАҒАН «БАРСА»

«Барселона» мен «ПСЖ»-ның қақты­ғысы нақты фаворит пен аутсайдердің белгісіздігімен ерекшеленді. Ерекшеленді дейміз-ау, биылғы ширек финалдың бәрінде осылай секілді. Алғашқы матч Парижде болғанына байланысты көп футбол эксперті мен аналитигі, букмекерлік кеңселер ПСЖ-ның жеңісіне сенімдірек болды. Бірақ, «Барселонаны» түбегейлі есептен шығармау  керектігін де сезді. Себебі, «Барса» бұл ойынға дейін 6 ойын қатарынан жеңіліссіз келе жатқан-тұғын. Ойын бастала салысымен «ПСЖ» шабуылдар ұйымдастырып, белсендірек көрінді. «Барса» да қалыс қалған жоқ. Өзінің фирмалық доп ұстау үлгісін көрсетті, пас алмасты. Солай қос клуб жарты сағаттай арпалысты. Ақыр соңында ойынның 37-минутында бразилиялық вингер Рафинья Левандовскидің бастаған шабуылын голмен тамамдады. Бірінші тайм бітті, Луис Энрике киіну бөлмесінде ойыншыларын біраз сөзбен шымшыған болу керек, «ПСЖ» тайм бастала салысымен қарсылас қақпаға ұмтылды. 48-минутта Усман Дембеле қорғаныс шебінің қате пас алмасуын ұтымды пайдаланып есепті теңестірді. Үш минуттан кейін тағы бір шабуыл голмен аяқталды. Бұл жолы гол авторы – Витинья. «ПСЖ» екі голға қанағаттанбай­тын секілді. Тер Штеген торуылдаған қақпа мен қорғаныс шебінің айналасынан шықпай қойды. «Барселона» бас бапкері Хави мұнымен болмайтындығын түсінгендей, 62-минутта алаңға жарақатынан енді айық­қан жас жартылай қорғаушы Педри­ді шығарды. Педри шыға салысымен шабуыл түрленіп сала берді. Тура бір минуттан кейін Рафиньяның аяғына допты дөп түсіріп, бразилиялық вингер тура келген мүмкіндікті қақпа торына кіргізді. Есеп – 2:2. Бірінші таймнан кейінгі аш «ПСЖ-ның» кейпінде – енді «Барса». 70-минутта бұрыштама добынан Илкай Гюндоган әуелете асырған доп Кристенсеннің басына бірінші жетті. Осылайша «Барселона» жеңіске жетіп, камбэк жасаған болатын. «Барселона» жанкүйерлерінің қуанышында шек жоқ. Бұл тек қарымта матчқа дейін созылатынын кім білсін…

Каталониядағы қарымта ойынның басын «Барселона» сәтті бастады. Алғашқы болып гол да соқты. 16 жастағы Ямал оң қапталмен жүйткіп келіп, Ра­финьяға доп асырды. Екі матч қорытындысы бойынша, бұл – бразилиялық ойыншының үшінші голы. Деген­мен, сәлден кейін матч­тың 29-мину­тында орталық қорғаушы Рональд Араухо Бар­коланың шабуылын тоқтатамын деп ойын ережесін бұзып, қызыл қағаз алып қалды. Бұл жағдай «Барселонаның» ойынын түбегейлі өзгертті десек болады. Бір ойын­шыға кеміп қалған команда доп ұстау­да қатты қиналды. «ПСЖ» бұл жайтты жөнді пайдаланып, «Барса» қақпасына 4 гол тоғытты. Гол авторлары – Дембеле,  Витинья  және дубль иесі Килиан Мбаппе. Мбаппенің қарымта ойынға тыңғылықты дайын­далғаны жайлы БАҚ жарыса жазып еді, жалған ақпарат емес екен. Қоры­тынды есеп – 6:4. «Барселона» Хави бапкерлік еткен соңғы маусымын сәтсіз аяқтады. Кезінде Еуропаның қай клубын да үркіт­кен «Барса» қазір жоқ… Кезекті мәрте Еурокубокпен  қош  айтысты.

«АРСЕНАЛ» «БАВАРИЯҒА» ЕСЕ ЖІБЕРДІ

«Арсенал» және «Бавария» – байыр­ғыдан бір-бірімен жау клубтар. «Бавария» осыдан шамамен 6-7 жыл бұрын екі ойынның қорытындысы бойынша Арсен Венгердің «Арсеналын» 10:2 қылып жеңіп, масқарасын шығарып еді. Бұл жолы ойсырата жеңбегенімен, минималды есеппен қапы қалдырып, келесі кезеңге жолдама алды. «Эмирейтсте» өткен ойында жеңімпаз анықталмады. Таблоны лондондық клуб ойыншысы Букайо Сака ашқанымен, мюнхендік «Бавария» бұл голға 2 доппен жауап қайтарды. Дәлірек айтқанда, бірінші таймның 18-ші және 32-минутында экс-кононир Серж Гнабри мен «Арсеналмен» етене таныс Харри Кейн гол соқты. Екінші таймда «Арсенал» допқа иелік етіп, ақыр соңында Леандро Троссард ойынның 72-минутында есепті теңестірді. Қорытынды  есеп – 2:2.

Бір аптадан кейін матч Мюнхенде, «Allianz Arena» алаңында өтті. Ойын­ның басынан қос команда қатар-қатар шабуыл жасап, тең ойын көрсетті. Тек матчтың 66-минутында Йозуа Киммих есеп ашып, ойынды қорытындылады. «Бавария» жартылай финалда өнер көрсетеді. Харри Кейн бастаған жігіттер Бундеслигадан құр қалса да, Чемпиондар  лигасынан  дәмелі.

«СІЗДЕР МАТЧ БОЙЫ ДОПҚА ИЕЛІК ЕТІҢІЗДЕР, БІЗ  ТРОФЕЙГЕ ИЕЛІК ЕТЕМІЗ» – РЕАЛ  МАДРИД

Бұл сөздің авторы – Жозе Мауриньо. «Портумен» ЧЛ жеңген, бір уақыттары «Реалды» баптап, Ла Лиганы ұтып алған бапкер. «Сити» мен «Реал» арасындағы ойын тура осы фразаның дәлелі болды. Манчестерлік клуб екі ойында да «Реал­ды» әбден сергелдеңге салды. Допқа иелік ету жағынан да, шабуыл жасаудан да басымырақ болғанын футболсүйер есті қауым жақсы біледі. Бірақ, футболда жеңіске жету үшін іскерлік пен таланттан тыс түкті жүрек пен қайтпас қайсарлық керек. Бұл тұста корольдік клубқа тең келер команда жоқ. Алғашқы ойын әдемі голдарға толы болды. Бернарду Силваның да, Эдуардо Камавинганың да, Федерико Вальверденің, Фил Фоденнің де голы бір-бір «Пушкашты» еншілейтіндей. Алғашқы матчтың нәтижесі – 3:3. Сұрмерген Холланд пен әмбебап Беллингем өздерін жақсы қырынан көрсете алмады. Дегенмен, Родриго, Фоден сынды жас ойыншылардың шеберлігіне куә болдық. Қарымта матч бастала салысымен Родриго есеп ашты. «Сити» қанша шабуыл шебінде үстемдік көрсеткенімен, «Реалдың» Рюдигер бастаған мығым қорғанысын бұза алмады. Пеп екінші тайм­ның орта тұсын­да Джереми Докуды шығарып еді, ойынға кірісе салысы­мен Карвахальдың әбден ығырын шығарды. 76-минутта сол қапталдан жүйткіп келіп, Де Брюйненің гол салуына себепкер болды. Есеп – 1:1. 90 минутта қос команда тең тарқасып, бірауыздан қосымша уақытқа келісті. Қосымша уақытта да «Сити» қақпа торын қанша көздегенмен, Луниннің кілтін таба алмады. Осы тұста жас украин қақпашысы Луниннің шеберлігін ерекше атап өтуіміз қажет. Клубтың үшінші қақпашысынан қосалқы қақпашысы дәрежесіне  дейін  көтеріліп, Кепаның орнын тартып алды. Онымен қоймай, Куртуаның жарақатын жоқтатпай, маңызды ойындарда біраз ерлік көрсетті. Матч пенальти сериясына дейін ұласты. Лотореяда әдеттегідей «Реалдың»  бәсі  басым болды.

Осылайша Чемпиондар лигасының жартылай финалистері анықталды. ½ финалдың алғашқы ойыны «Бавария» мен «Реал» арасында болмақ. Букмекерлік кеңселер мен аналитиктер неміс клубының жеңісіне сенімді болып отыр. Ал «ПСЖ» мен «Боруссия Дортмунд» арасындағы ойында «ПСЖ» жеңіске жетеді дейді. Десе де, бұл – футбол. Бұл ойында бәрі мүмкін. Бұған сенсацияға толы 2018/19 бен 2021/22 маусымдары дәлел. Жартылай финалда басым түскен клубтар өзара 2 маусым күні Лондондағы «Уэмбли» стадионында сынға түспек. Жеңімпаз клуб Чемпиондар лигасының  2023/24  маусымының «қалқанқұлақ» кубо­гын  басына  көтереді.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: