Әлеуметтік желілерде қазақстандық олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың кешегі жексенбіде Алматыдағы наразылық білдірушілерге қарсы әрекет еткені жайлы фотосуреттер тарады. Осы тұрғыда, біз боксшының өзімен хабарласып, оқиғаның мән-жайын білмек болдық.
– Ермахан Сағиұлы, фотодағы адам шынымен сіз бе?
– Иә, мен сол жерде болдым, өйткені мен қаланың орталығында тұрамын. Жанболат Мамай мен оның жақтастары: «Президент – кет! Нұр Отан – кет!» деген секілді плакаттармен тұрды. Яғни, бұл адамдар отыз жыл бойы қалыптасқан біздің қоғамға және оның бірлігіне қол сұғуды көздеді. Жанболат Мамай деген кім?! Ол өмірінде әлі ештеңеге қол жеткізбеген отыз жастағы босбелбеу. Ал мен өз елім үшін күресіп, мемлекетімнің абыройын асқақтатып, Олимпиада чемпионы болған адаммын. Түрлі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғадым. Сондықтан кейбір адамдар осындай ұрандар айта бастаған кезде жай қарап отыра алмаймын.
– Сіз белсенділерге не айтқыңыз немесе жеткізгіңіз келді?
– Мен олардың проблемаларын біліп, мәнін тыңдап, түсінгім келді. Олар маған ауыр сөздер айта бастады. Сол үшін мен олардың біреуінен қағаз плакатты тартып алдым.
– Жалпы, халықтың еркін көзқарасын білдіруіне қалай қарайсыз?
– Бәрін заңды түрде жасау керек – келіссөздер үстеліне отырып, мәселенің мәнін ұғыну керек. Мұны тек демократиялық жолмен жасаған дұрыс.
prosports.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!