Министр Асхат Оралов қанша жерден сұхбат беріп, жұрт көңілін аулап қойғанымен, шайбалы хоккейіміздегі дау-дамай әлі басылмай тұр. Латвия мен Финляндияда өткен әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған жас таланттарымызға «Барыс» клубының сапынан орын табылмай, жан-жаққа кетуде.
«Шайба.кз» порталының мәліметіне сүйенсек, «Барыс» басшылары талантты жас хоккейшілеріміздің кейбіреулеріне шамамен, айлықтары 250-300 мың теңге келісімшарт ұсынған. Бұл – шайбалы хоккей үшін өте төмен жалақы. «Барыс» басшылары хоккейшілерге әдейі аз жалақы ұсыну арқылы жастарымызды командадан кетіріп, олардың орнына ақша жеу үшін шет елден қымбат легионер әкелмекші. Мәселен, хоккейімізді де, футболымызды да «сүліктей» сорып жүрген Шуми Бабаев деген агенттің клиенттері ақшаны күреп тұрып алады. Мәселен, маусым бойы бірде-бір гол соқпаған шабуылшы К.Максимов 75 миллион теңге, үш ай «Барыс» сапында «сайран салып» кеткен К.Биграс 122 миллион теңге жалақы алып келген. Осыған қарап-ақ министр Асхат Ораловтың: «жергілікті әкімдік болсын, министрлік болсын, кәсіби спорт клубтарына 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бөле алмайды», деген сөзі айдалада қалғанын көруге болады.
Қазірдің өзінде команда сапынан Максим Павленко, Данил Бутенко, Артём Королёв, Максим Мұхамедов сынды дарынды жігіттеріміз бен тәжірибелі Никита Михайлис кетіп қалған.
Көзіқарақты хоккей жанкүйерлері Ресей чемпионатына ауысқан хоккейшілеріміздің ұлттық құрамаға шақырту кезінде көптеген қиындықтарға тап болатынын айтуда. Мысалы, тәжірибелі деген Панюков пен Метальников құрамаға шақырту кезінде түрлі сылтаумен бас тартып жүр.
Ал қазақ балаларының кейбіреулері «Барыс» сапында қалатын секілді. Олар бас бапкер А.Скабелка болып қалатын болса, біздің жігіттерді айдынға шығармайды. Ол былтырғы маусымда қақпашы А.Шутовты командадан кетіріп тынған. Ал оның әлем чемпионатында тым жақсы өнер көрсеткенін көзбен көрдік. Бас бапкер Б.Мұратов, М.Мұхамедов, М.Диханбек сынды әлеуеттері зор жастарымызды маусым бойы тұсаулап, бақтарын байлап келген.
Есесіне, клуб басшылары Даррен Диц секілді келімсектерді қатарына қосып, КХЛ-дың үздік клубтарына дайындап берумен айналысып келеді.
Қорыта айтқанда, «Барысты» Борис Иванищев басқарып, бас бапкерлік тізгінді А.Скабелка уысында ұстап, Ш.Бабаев деген агенті үстемдік құрып тұған шақта қазақстандық хоккейшілердің бағы ашылмайды.
Жасұлан Наурызәлі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!