Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болгарлық бапкердің басынғаны ма?

02.11.2020, 17:55 416

«Қайсар» клубының айналасындағы жанжал азаймай тұр. Дәлірек айтсақ, бұл – қызылордалық клубтың бас бапкеріне қатысты дау-дамайлар. Өткен санда біз Стойчо Младеновтың Қызылордадағы «бизнесі» жайлы сөз қозғаған болатынбыз. Клубтың төрінен орын алған болгарлық төңірегіне түкіре бастаған секілді. Бас бапкердің бұл жолғы дауы ойыншылардың бірімен жанжалы еді. Бұл жайлы ең бірінші Kozhakhmet_inside телеграм арнасы хабарлаған болатын.

«Каспий» мен «Қайсар» арасындағы матчтан кейін қасқырлардың бас бапкері мен ойыншысы арасында текетірес болып, төбелеске ұласуға сәл қалған. Бұл келіспеушілікке не себеп болғанын білмеймін, бірақ куәгерлердің айтуынша, бапкерге футболшының киім ауыстыратын бөлмедегі тәртібі ұнамаған.

Қосалқы құрамның ойыншысы командаға көңілі толмайтынын қазақ тілінде білдірген екен. Содан кейін, Младенов футболшының мінезіне шағым айтып, бұдан кейін өзінің алдында казақ тілінде сөйлеуге тыйым салған. Бұл сөзге одан сайын ашуланған қызу қанды ойыншы: «Сен мені алаңға шығармайтының аздай, енді өзімнің ана тілімде сөйлеуге шектеу қойғалы тұрсың ба?» деп бапкерге айғайлай бастаған. Куәгерлердің айтуынша, бұл жанжал төбелеске айналуы әбден мүмкін еді. Дегенмен, оларды ажыратып үлгерген. Өз кезегінде, Младенов ойыншының алаңға енді мүлдем шықпайтынын жеткізген,- деп хабарлады Kozhakhmet_inside телеграм арнасы.

Басында бұл жай ғана қауесет болып көрінген. Дегенмен, бұл ақпаратты «Қайсар» футбол клубы ресми растады. Олардың айтуынша, түсініспеушілік расында болған, бірақ барлығы оңалып, бас бапкер мен ойыншы тіл табысыпты. Дегенмен, бас бапкердің бұл қылығы жанкүйерлердің шамына тиді. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр бойында болгардың бұлайша билеп-төстеуі көпке жақпады. Футбол жанкүйерлері арасында үлкен резонанс тудырған мәселенің арты жақсылыққа апармайтынын сезді ме, әйтеуір еліміздің спорт сайттарының біріне Стоичо Младенов осы мәселе бойынша сұхбат берді. Іс насырға шапқанда, адам өзінің есегін де жамандамайды. Бұнда да сондай жағдай. Бас бапкердің айтуынша, ол жай ғана футболшының өз ойын орыс тілінде жеткізуін сұраған. Себебі, команда мүшелерінің барлығы бірдей қазақ тілін білмейді екен. Күллі қазақты аузына қаратқан даудың бар шындығы осы ғана дейді. Әрине, өңіріміздегі бас клубтың ішкі атмосферасы жақсы болғанын біз де қалаймыз. Дегенмен, бұл жай ғана кезекті түсініспеушілік болса, көпшілікке жайылмас еді. Жалпы, болгарлық маманға қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Алайда тағылған айыптардың ешбіріне қатысым жоқ деп ақталады. «Қасқырлардың» «рөлінде» отырған Стоичо Младеновтің бұл сөздеріне сенесіз бе, әлде сенбейсіз бе, ол өз еркіңізде. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды». Бұндай қауесеттің таралуының өзі біздің қазақшылдығымызға сын емес пе?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: