Қазіргі жаһандық технологиялардың қарыштап дамуы күнделікті өмір ырғағын, адамдардың физикалық белсенділігін төмендетіп, денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Мұндай кезде спорттың пайдасы ұшан-теңіз.
Спорттың Кёкушин Будокай каратэ деп аталатын түрі Қызылорда облысында да жақсы дамып келеді. Бұл – толық контактты жекпе-жекке негізделген каратэ стилі. Ол қатал жаттығулармен, күшті соққылармен және шынайы жекпе-жек техникасымен танымал.

Елімізде Кёкушин Будокай каратэні дамытатын негізгі ұйым – Kazakhstan Fullcontact Karate Organization (KFKO). 2013 жылы құрылған. Халықаралық WKB ұйымының ресми өкілі. Қазіргі күні 16 өңірде бөлімшелері, 90-нан астам клубы жұмыс істейді. Оларда тәрбиеленіп жатқан спортшылар жыл сайын өңірлік жарыстарға, республикалық чемпионаттарға және халықаралық турнирлерге қатысып отырады. Мысалы, биыл Астанада өткен Astana Open турниріне 600-ге жуық спортшы еліміздің 15 өңірінен қатысқан. Бұл жарыстар жастар арасында спортты дамытуға және елдік деңгейдегі, халықаралық чемпионаттарға дайындыққа мүмкіндік береді. Кёкушин Будокай каратэмен 4 жастағы балдырғаннан бастап, 18-ден жоғарғы жастар мен ересектер де айналыса алады.


Жуырда KFKO-ның ұйымдастыруымен Алматы қаласында «кумитэ» тәртібі бойынша балалар, жасөспірімдер және қыздар арасында SENTOKI CUP – 2026 чемпионаты өтті. Оған 200-ге жуық бала қатысты. Солардың ішінде Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының Бөген ауылынан барған бес бала да жүлдемен оралды. Атап айтсақ, 50+ салмақ дәрежесінде Мадияр Шәки ІІ орынға шықты. Ал қыздар арасындағы 40+ салмақ дәрежесінде Гүлбаршын Аралбай – І орын (кубок), Көркем Жаңаберген – ІІ орын, Зарина Сәтенова ІІІ орын иеленді. -30 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Раяна Амандыққызы да намысты қолдан бермей, кеудесіне ІІІ орынның медалін тағып қайтты.

– Осы чемпионттың алдында ғана мен №20 Бөген орта мектебінде ашылған «Кёкушин Будокай каратэ» үйірмесінің жұмысымен танысып қайтқан болатынмын. Үйірменің ашылғанына көп бола қоймаса да, балалардың жаттығу кезіндегі қабілет-қарымын, талпынысын байқап, алдағы уақытты жеңіс тұғырынан көрінетіндіктеріне сенген болатынмын. Енді, міне, сенім ақталды. Біздің мақсат – Сыр өңіріндегі спортты сүйетін балалардың басын біріктіру, жаттықтыру, үлкен жарыстарға дайындау, спортты, салауатты өмір салтын насихаттау, — дейді «Kazakhstan Fullcontact Karate Organization (KFKO)» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық федерациясының жетекшісі Шахмардан Файзуллаев.

Шалғайдағы ауыл балаларын спортқа баулып жүрген жаттықтырушы Мейрам Әлішев – Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген кәсіби маман. Бүгінде осы Кёкушин Будокай каратэ спорты бойынша ашқан үйірменің құрамында 20 бала бар.
– Қазір, жасыратыны жоқ, үлкен-кіші түгел телефонға тәуелдіміз. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін осы «Кёкушин Будокай каратэ» үйірмесін ашқан болатынмын. Қолдау білдірген мектеп директоры Марат Андызбаевқа алғыс білдіремін. Спорт – тек дене жаттығулары ғана емес, ол адам өмірін тәртіпке келтіретін, ерік-жігерді күшейтетін, жауапкершілік сезімін арттыратын өмір салты. Спортпен айналысатын жастар зиянды әдеттерден аулақ болады деп ойлаймын. Кішкентай спортшыларым Алматыда өткен SENTOKI CUP – 2026 чемпионатынан үлкен жеңіспен оралды, қуаныштымын! — дейді №20 Бөген орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, «Кёкушин Будокай каратэ» үйірмесінің жетекшісі Мейрам Әлішев.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!