Қазақстанның кәсіпқой боксшысы, WBA және IBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды. Құқықтық статистика және арнай есепке алу органы порталында боксшыны іздестіру ісі 22 шілдеде басталған.
Бейбіт Шүменовтің Астанадағы ойын-сауық кешендерінің бірінде қолында баласы бар ер адамды ұрған видеосы тараған кезде ІІМ вице-министрі Қайрат Сөнтаев бокшыға қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.
«Тексеру жүріп жатыр, ол қатаң жазаланады, күні кеше ғана министр бұл мәселені көтерді. Бала зардап шеккен жоқ, бірақ жәбірленуші қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр», – деп жауап берген еді журналистерге.
Жаңалықты естіген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Ішкі істер министрлігінен Шүменовті ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы, яғни қорқыту ісі бойынша жауапкершілікке тартуды сұраған. Балалар омбудсмені сонымен қатар алдағы уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша заңға ұсыныс енгізетінін жеткізген.
Бейбіт Шүменов бұл оқиға бойынша пікір білдіріп, ұлы шағым айтып келген соң тиісті әрекетке бардым деді. Айтуынша, ұлы АҚШ азаматы екен, оны отанына қыдыртуға әкелген.
– Балам ойнауға кеткен, аздан соң біреу ұрғанын айтып шағымданып келді. Ол мұндайды Америкада көрмеген. Онымен дос секілді сөйлесеміз, ешқашан дауыс көтермегенбіз. Әлгі кісіге барып, сенің балаң ба, ұрған деп сұрадым. «Иә, не істей аласың» деді ол. Оған жақындап, «не айтып тұрғаныңды білесің бе», дегенде, ол қолына ілінген затпен ұмтылды. Пышақ емес екенін ұғып, қайта ауыстырып ұруға тырысты. Ол кішкентай баланы қолынан тастамай, қалқан ретінде пайдаланды. Қандай әке мұндай қадамға барады? Егер менің отбасымда сондай жағдай болса, онда оларды қорғаған болар едім. Видеода бәрі көрініп тұр. Қолынан пышақты алып тастауға тырыстым. Полиция келіп, сосын бөлімшеге бардық, – деді спортшы.
Боксшы полиция бөлімшесінде ұлын ұрған балалардың анасы кешірім сұрғанын, олардың аутизммен ауырғанын жеткізді. Балалардың әкесі басқа екенін, полиция бөлімшесінде балалардың анасымен бейбіт күйде тарқанын айтты.
Адвокат Қанат Тілеужанның айтуынша, қорғауындағы жәбірленуші мен Бейбіт Шүменовтың арасындағы оқиға 18 маусымда болған. Тергеу ісі алға бапағаннан кейін ғана видеоны жария етуге мәжбүр болған.
– Бастапқыда шабуыл жасаушының әрекетіне тиісті құқықтық баға берілмеді. Әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралып, тергеу амалдары жүргізілмеді. Видео жарияланбай тұрып-ақ құқық органдарына өтінішпен жүгіндім, бірақ полицейлер асықпай жүріп алды. Тек видео жария болғаннан кейін 11 шілдеде ғана соталды тергеу амалдары жүргізілді. Менің қорғауымдағы адамды жәбірленуші ретінде анықтау үшін полицияға шақырды, – деді адвокат.
Адвокат жәбірленушінің Қырғызстан азаматы екенін, алайда оның бұл елде тұруға рұқсаты барын айтты. Сонымен қатар ол балаға екі соққы тигенін, алдағы уақытта психикасына әсер етуі мүмкін дейді.
– Сондай-ақ, шабуылдаушының соққысы тиген кішкентай бала аутист деген сөздер тарады. Менде ондай ақпарат жоқ, бұл соталды тергеу барысында анықталады. Алайда шабуылдаушы мұндай ақпаратты қайдан және не үшін алғаны белгісіз. Ата-аналар мұндай ақпаратты жария етуге келісім бермеген, бұл медициналық құпия, – деді адвокат.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін 13 шілдеде жәбірленуші К.А. Қазақстандағы Қырғыз Республикасының елшілігіне шақырылған. Ол елші Дюшекеевпен кездесіп, қырғыз азаматына кеңес пен құқықтық көмек көрсетілген.
Байқағанымыздай, атақты спортшы өзінің беделінің арқасында бұл оқиғаны ың-шыңсыз жауып тастауға әркеттенгені көрініп тұр. Адвокат Қанат Тілеужан видеоны жариялған соң ғана іс алдыға жүре бастаған еді, боксшы қашып кетті. Оның Қазақстанда емес, АҚШ-та тұратынын бәрі біледі. Осыны ескерген жұрт көкейінде тиісті органдар боксшыны таба ала ма, таппай ма деген сұрақ тұр. Спортшының не өзі қашқаны, не біреудің қашырғаны тағы белгісіз…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!