Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баталы ел арымас

22.02.2022, 10:45 480

HALYQLINE.KZ Соңғы уақытта аудан орталығында бұқаралық спортты дамыту мақсатында арнайы спорт клубтары көптеп ашылуда. Жақында кезекті рет «Syrdarya» спорттық-зияткерлік орталығының ашылу салтанатына куә болдық. Жаңадан ашылған ғимарат базасын­да халықаралық «қазақ тілі қоғамы» қб сырдария аудандық филиа­лының ұйымдастыруымен «ел намысын қорғаушылар отан қор­ғаушыдан бата алады» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ҰОС-ның ардагері Яхия Тасыров, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, №11 Сырдария ауданының олим­пиадалық резервтің мамандандырылған ба­лалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Бағдат Есенов, еңбек ардагері Мектепхан Елеусінов, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиа­лының төрғасы Шаһарбек Нұрсейітов, тоғыз­құмалақтан облыс құрамасының бас жаттық­тырушысы Хәкімжан Елеусінов, ауданның бас жаттықтырушысы Білімжан Елеусінов және спортшылар қатысты. Кездесу кешін ашқан аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев орта­лықтың ашылуымен құттықтап, спорт­шыларға сәттілік тіледі.

– Әр жылдары аудан спортын жетілдіруге көңіл бөлінуде. Біз тоғызқұмалақ және шахмат үйірмесіне тұрақты түрде қатысатын жаңа орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Спорт­шыларымыз ыңғайлы ғимаратта алаң­сыз дайындық жүргізе алады. Сонымен бір­ге жақсы істі бастамас бұрын қазақ халқы үлкеннен бата алған. Міне,  спорт саңлақтары батагөй қария Яхия Тасыровтың батасын алып, ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуда. Жыл көлемінде Сыр мақтаныштары жоғарғы жетістікке жетуіне тілектеспін, – деді Талғат Мейрамханұлы.

Өз кезегінде Ұлы отан соғысының ардагері Яхия Тасыров майдан даласында  көрген қиын­дықтарын жас ұрпаққа айтып берді. Ал­дағы байрақты бәсекелерден топ жаруы үшін спортшыларға ақ батасын берді.

– Сырдың мерейін тасытып жүрген  спортшы балаларыма сәттілік тілеймін! Біздің ке­зімізде нағыз қиын-қыстау күндер туды. Елі­мізден жырақта жүрсек те Отанды қорғауға барымызды салдық. Қан майданды көзімізбен көріп, ауыртпалықты сезіндік. От пен оқтың арасында жүріп, ел үшін жаумен күрестік. Ол уақытта оқуға түсу қиындық соқтыратын. Ешбірімізге мұндай бейбіт күндегідей барлық мүмкіндік жасалған емес. Өткеннен сабақ алып, жақсылыққа ұмтылған абзал. Спортшыларымыз табысты бола берсін, – деді батагөй ақсақал.

Іс-шара барысында №11 Сырдария ау­данының олим­пиадалық резервтің мамандан­дырылған ба­лалар мен жасөспірімдер мек­тебінің директоры Б.Есенов, тоғыз­құмалақтан облыс құрамасының бас жаттық­тырушысы Х.Елеусінов сөз сөйлеп, спортшыларға ақ­жарма тілегін жеткізді. Сырдариялық спорт­шылардың қатарында Бексұлтан Бостан­дықов, Жантөре Аманқос, Дамир Ахметов, Ерасыл Пернебаев, Айым Ақылбек, Нұ­рай Мектепхан, Нұрила Мектепхан, Әсем Дәуренбек секілді мықты спортшылар бар. Кент мәде­ниет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ербол Сағымбайұлы жиналғандарға домбырамен күй тартып берді. Спортшылар мен қонақтарға  халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалы атынан арнайы сыйлық тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: