Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақтияр Артаев: Жергілікті ойыншыларға неге сенім артып көрмеске?

06.02.2025, 9:10 76

HALYQLINE.KZ

«Қайсардың» биыл легионерсіз ойнайтыны отандық БАҚ-та жазылды. Оның алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте бұл жайттың шет-жағасын айтып өткен еді. Күні кеше қызылордалық журналистермен кездескен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев «Қайсарға» қатысты бірқатар жаңалығымен бөлісіп, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.

Негізінен, облыс спортында жаңалық көп. Спорт нысандарының көптеп бой көтеруі қуантады. Қызылорданың басты футбол клубы биылғы чемпионатта жергілікті ойыншыларға сенім артатыны да тың ақпарат болды. Облыс басшылығы олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруді де бастапты.

– «Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлеріне қаншалықты назар аударылып жатыр?» деген сұрақ туындайды. Біз олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруіміз керек. Қай жерде бокс жақсы дамыған, қай жерде ауыр атлетика мықты? Біз өзіміздің өрендерді сол жақта жаттығу өткізуіне жағдай жасауымыз керек. Сол жақтағы мықтылармен тәжірибе алмасу керек. Бәсекелестік бар жерде нәтиже болады.

Биыл футболдан «Қайсар» командасы жергілік ойыншылармен ойнайтын болады. Чемпионат басталуына да аз уақыт қалды. Бірден жеңіске жетеміз деп те айта алмаймыз. Себебі, команданың ішінде дебютанттар көп. Алғашқы турларда есе жіберуіміз мүмкін. Бірақ көш жүре түзеледі. Неге сенім артып көрмеске? Сонда ғана футболшыларымыз намысты қолдан бермей нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.

Брифинг барысында «Қайсар» футбол клубына 2025 жылға 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінгені сөз болды. Десе де, бұл қаражаттың жартысы команданың осыған дейінгі қарыздарына да жұмсалмақ. Айта кетейік, клуб басшылығы шетелдік және отандық футболшылардың соңғы алты айдағы жалақысын толықтай өтей алмаған. Бірақ, осы күні демеушілер тарту арқылы қарыздың 50 пайызын жабуды жоспарлап отыр.

– Клубтың Қазақстан премьер-лигасында легионерсіз өнер көрсетуі қиынға соғатыны анық. Бұл – үлкен тәуекел. Алғашқыда бәріне оңай болмайтынын біз түсініп тұрмыз. Бірақ осы әрекетіміздің арқасында 2-3 жылда мықты қазақстандық ойыншылардан құралған команданы жасап шығарамыз деп ойлаймын. Ал клубтың биылғы жылға қойған мақсаты – жоғары дивизонда қалу. Себебі, біздің командада өзге клубтар секілді 5-6 миллиард бюджет жоқ, – деді Бақтияр Ғарифоллаұлы.

Брифингте сала басшысы алдағы жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, мансабын аяқтаған спортшыларға барынша жағдай жасайтынын, өңір спортын дамыту үшін мүмкіндік беретінін жеткізді.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: