Биыл хоккейден Әлем чемпионаты Финляндия мен Латвияда өтетіндігі белгілі.
Қазақстан құрамасы «В» тобында түскендіктен, топтық кезеңдегі ойындарын Ригада өткізеді. Екі ел – финндер де, латыштар да өз елдеріне Ресей мен Беларусь азаматтарын өткізбейтіні белгілі. Сол себепті біздің құрама Әлем чемпионатына баратын Ұлттық құрама бапкерлерін қайта жасақтады. Андрей Скабелка Беларусь азаматы болғандықтан, Ригаға хоккейшілерімізді Ғалым Мәмбетәлиев бастап баратын болды. Оған Ерлан Сағымбаев, Александр Шимин, В.Высоцкий және А.Березенский көмектеседі.
«Шайба.кз» таратқан мәліметтерге сүйенсек, бірнеше хоккейшілеріміз Қазақстан құрамасының намысын қорғаудан бас тартып жатқан көрінеді.
Қазақ елінің көк түсті төлқұжатынан бас тартып, Ресей азаматтығын таңдағандар – Алексей Маклюков, Егор Петухов, Дмитрий Шевченко, Павел Акользин (отбасылық жағдайы да көлденең тартылған). Қазақстанда туған өз азаматымыз Антон Сағадиев те жеме-жемге келгенде Ресей азаматтығын таңдап, құрамадан бас тартты. Сөйтіп Асқар Мамин бастаған Хоккей федерациясының «асырандылары» жарыс алдында құраманың жағдайын қиындатып кетті.
Мұндайда дана халқымыздың «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген тәмсілі еске түседі екен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!