«Ақтөбе» ФК бас бапкер қызметіне словакиялық Штефан Тарковичтің тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп жазады penalty.kz.
ТІЗГІНДІ СЛОВАКИЯЛЫҚ МАМАН ҰСТАДЫ
Клубтың баспасөз қызметі жаңа жаттықтырушыны әлеуметтік желіде ерекше форматта таныстырды. Instagram парақшасында жарияланған видеода Таркович «Ақтөбе» логотипі бейнеленген спорттық киіммен футболшылар жаттығуы аясында қиялдағы экранға қолтаңба қалдырады. Артынша экранда жаңа бас бапкерге арналған құттықтау жазуы пайда болады.
Жарияланым астына:
«Ақтөбеге қош келдіңіз, Штефан Таркович!» деп жазылған.
БАПКЕРЛІК ЖОЛЫ
Штефан Тарковичтің футболдағы тәжірибесі мол. Ол 2013-2018 жылдар аралығында Словакия құрамасында бапкердің көмекшісі қызметін атқарды. Сонымен бірге Словакия футбол одағында техникалық директор лауазымында жұмыс істеген.
Маманның мансабындағы ең үлкен жетістіктердің бірі – 2020 жылы Словакия ұлттық құрамасын Еуропа чемпионатына шығару.
Таркович «Ақтөбеге» дейін 2023-2024 жылдары Қырғызстан ұлттық құрамасын жаттықтырды. Оның жетекшілігімен қырғыз құрамасы тарихта алғаш рет Азия кубогының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Словакиялық бапкер «Ақтөбе» клубының бас бапкері қызметінде бұған дейін команданы жаттықтырған болгариялық Николай Костовтың орнын басты.
Нұрдаулет КЕҢЕС,
сарапшы, спорт журналисі
Фото: aladop.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!