Әмин Елемесұлы Тұяқов – жеңіл атлетикадан КСРО-ның 6 дүркін жеңімпазы, Еуропа кубогының иегері және Еуропа чемпионы. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1965 ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1997), Маңғыстау және Атырау облыстарының құрметті азаматы.
КСРО-ның жеңіл атлетикадан ұлттық құрама мүшесі болған Әмин Тұяқов 1964 жылы Жапонияның астанасы Токиода өткен ХVIII жазғы олимпиада ойындарының 200 және 4х100 метрлік эстафетасына қатысуы керек еді. Өкінішке қарай, Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Леонид Бартенев Ә.Тұяқовтың орнына немере інісі Борис Савчукті олимпиадаға қатыстырады. 200 метрге жүгіруде Б.Савчук іріктеу кезеңінен аса алмады.
Командалық 4х100 метрлік эстафеталық сайысында Борис Савчук, Эдвин Озолин, Ғұсман Қосанов және Борис Зубов финалға дейін жетіп, шешуші кезеңінде бесінші орынға ие болды. Сол кезде КСРО жеңіл атлетика құрамасының бас бапкері Гавриил Витальевич Коробков шәкірттері – 5 алтын, 2 күміс және 11 қола медаль еншілеп, командалық есепте екінші орын алды.
Талантты қазақ баласы Ә.Тұяқов осылай Токио олимпиадасына бара алмай қалды. Бір жылдан кейін «АҚШ-СССР» және «Франция-СССР» 4х100 метр эстафеталық матчында жеңіске жетіп, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағы беріледі.
Әлі күнге дейін Әмин Тұяқовтың туған жері Маңғыстау облысында жеңіл атлетика клубы жоқ. Облыс әкімі және спорт басқармасының басшысы қашан клуб ашады? Қазіргі кезде жеңіл атлетиканың олимпиада бағдарламасында 48 комплект медаль бар. Оның жартысы ерлерге, жартысы әйелдерге тиесілі. Жүлденің ең көбі жеңіл атлетикада екенін аймақ басшысы білсе ғой. Мысалы, облысымызда аралас жекпе-жек клубы ашылды. Мемлекеттен млн ақша бөлінеді. Бірақ олимпиада бағдарламасында жоқ. Оны не үшін ашты? Кім ашты? Қаншалықты қажет?
Спорт басқармасының басшысы – еліміздің мақтанышы, желаяқ Әмин Тұяқовтай азаматтарды дайындай алмай келеді. Отыз екі жылда жеңіл атлетикадан бір спортшы Маңғыстаудан олимпиадаға қатысты дегенді естімедік.
Биыл Франция астанасы Париж олимпиадасына Маңғыстаудан ешкім бармайды. Жыл сайын бюджеттен 8 млд теңге бөлінеді. Одан да көп бөлінуі мүмкін. Желаяқтарымыз желге ұшып жатқан ақшаны қуып жете алар ма екен?
Айбек Мұханов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!