Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аяқдоп аламанындағы Адиевтың адымы

21.09.2023, 10:20 477

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Германияда өтетін «EURO-2024» турнирі іріктеу кезеңінің 6 тур қорытындысы бойынша Финляндия құрама командасымен теңдей ұпай бөлісіп, 4-орында келеді. «H» тобына орналасқан отандастарымыз  10 қыркүйек күні «Астана Аренада» Солтүстік Ирландия ұлттық құрамасын қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Ойынның 27-минутында шабуылшы Максим Самородовтың айып алаңының сыртынан соққан добы Адиев бастаған жігіттерге кезекті мәрте жеңіс алып келді. Ұлттық құраманың жақсы ойын көрсетуі, Дания сынды қарқынды командалардан басым түсіп, алты матчтың төртеуінде жеңіс тұғырынан көрінуі, расымен жанкүйер қауым үшін таңсық жағдай екені белгілі.

Ұлт спортының ауқымды мәселесіне айналған футболшыларымыз бүгінде Еуропаның адуынды командаларына есе жіберер емес. Қандастарымыздың кенеттен қарқын алуы су жаңа бапкердің келуімен тығыз байланыс­ты дейді спорт сарапшылары. Құрама командаға дейін ресейлік «Ахмат» футбол клубының бас бапкері болып, сондай-ақ «Анжи» клубының бапкерлік құрамында қыз­мет еткен Магом­ед Адиев «Ұлттар лигасының» іріктеу кезеңі­нің аясын­да болған Молдова құрамасымен ойыннан кейін тізгін­ді қолға алған болатын. Бұл маманның бас бапкер атануы­ның да өзіндік  себебі   бар.  Бұған дейін Талғат Байсу­финовтың басшылығымен  Ұлттық  құрама  сәтсіздікке ұшыра­ды. Катарда өткен Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 8 ойынның қорытындысы бойынша небәрі 3 ұпаймен, соңғы орынды еншілеп, турнирді тамамдаған бола­тынбыз. Украина­мен болған қос тең нәтижеден басқа футбол­шыларымыз мардымды ештеңе көрсете алмады. Фран­циядан ойсырай жеңілгеніміз – жөні бөлек әңгіме. БАҚ-да аяқдопшы­ларымыз сынға қалып, жанкүйерлер тарапынан біршама наразылыққа тап болды. Тәжікстанға қарсы өткен жолдастық кездесуден соң Талғат Байсу­финов өз қызметі­нен кетті. Бірталай жыл құрамада бас бапкер қыз­метін атқарған бұл маманға аса реніш жоқ. Бақтиор Зайнутдинов, Ян Вороговский сынды жас таланттардың бағын ашқан дәл осы  Байсуфинов  екенін  естен  шығармағанымыз   абзал.

Араға уақыт салып ұлттық құраманың бас бапкері болып Андрей Карпович тағайындалды. Алайда Карпович бұл қызметте ұзақ тұрақтай қоймады. Ұлттар лигасында бір саты жоғары көтерілуімізге себепкер болғаны әрқашан жадымызда. Бұл маманмен де қош айтыстық. Алда Ұлттар лигасының С деңгейінің топтық кезеңінің ойындары тұрды. Аталған турнир – біз секілді ортаңқол құрамалар үшін таптырмас мүмкіндік. Қалайда болсын жауапкершілігі мол, көшбасшылық қабілеті бар, жастармен жақсы жұмыс істей білетін маманға құрама ойыншыларын тапсыру қажет. Бағымызға орай шетелдік клубтарда бірқатар жыл қыз­мет атқарған, оған қоса қазақ футболымен етене таныс, қарағандылық «Шахтер» клубымен Еурокубоктың іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, кішігірім сенсация жасаған маман кезікті. Бұл орайда федерация басшылығының қырағылығын атап өтпесек болмайды. Бертін келе Ұлттар лигасы бастау алды. Турнирдің алғашқы турынан бастап аяқдопшыларымыз әзірбайжандықтарды тізе бүктіріп, ел мерейін үстем етті. Осы матчтан кейін-ақ әлеуметтік желіде Адиевтың құрамаға тың серпіліс әкелгені жөнінде жарыса жазылып, халық арасында талқыға түсті. Осы орайда Абат Айымбетовтың сұрмергендігін ерекше атап өткен жөн. Турнир барысында Словакияны қапы қалдырып, беларусьтықтармен сырт алаңда тең тарқасып, словакиялықтарды  қарымта  ойында  тағы  жеңдік.

2022 жылдың көктемі мен жаз мезгілі құрама ойыншылары үшін сәтті болды. Футболшылардың физикалық тұрғыда күшейе түскені шыдамдылықтарынан-ақ айқын байқалады. Бас бапкер Адиев ойынға Оразов, Самородов, Астанов, Ворого­вский сынды жас ойыншыларды жиі шығарып, командаға тың өзгерістер енгізді. Қарқынды жастардың ептілігі мен креативі Ұлттар лигасының қалған турларын сәтті аяқтап, В тобында Англия, Норвегия, Уэльс секілді елеулі құрамалармен ойнау мүмкіндігін тарту етті. Форвард Абат Айымбетов 3 голмен бомбардирлер тізімінен көрініп, халық  арасында «қазақтың Бенземасы» атанып кетті. Араға сәл үзіліс салып, зор сенімділікпен «EURO-2024» турнирінің  іріктеу  кезеңіне де  қадам бастық. Қарсыластар осал емес. Фаворит – Францияны тізе бүктірген Дания. Қалғаны – бір сарынды Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия ұлттық құрамалары. Алғашқы тур сәтсіздеу басталды. Словения құрамасына 1:2 есебімен есе жібер­дік. Үш күннен кейін Дания құрамасын өз алаңымыз­да, яғни «Астана Аренада» қабылдадық. Стадион лық толы. Қазақ футболында алтын әріппен жазылуға тиіс тари­хи матч болды. Құрамында Эриксен, Хайлунд, Кьер, Хейберг  сынды  Еуропаның белді  клубтарының  «мен»  деген ойын­шылары бар, атышулы даттықтардан 3:2 есебімен басым түстік. Бірінші таймда соққан Хайлундтың дублі біздің жігіттердің сағын сындырмады. Алдымен Бақтиор Зайнутдинов 11 метрлік айып добынан мүлт кетпей, есеп ашса, ойын­ның бітуіне аз уақыт қалғанда ордабасылық Асхат Тағыберген өз стилінде  айып  алаңының сыртынан шірене теуіп, есепті 2:2-ге жеткізді. Ойын соңына таман, төреші қосқан санаулы минутта Ян Вороговскийдің сол қапталдан әуелете асыр­ған добына Абат Айымбетов бірінші жетіп, әйгі­лі қақпашы Каспер Шмейхельді сан соқтырды. Жанкүйер­лердің қуанышын­да  шек  жоқ. Даниялықтар не болғанын түсіне алмай дал. Ел арасында Магомед Адиев­тың абыройы асқақтай түсті. Одан кейінгі тек Финляндия­мен өткен матч­та жеңіліс тауып, қалған Солтүстік Ирландияға қарсы екі матчта  да  үш  ұпаймен  қоржынымызды  толтырдық.

Магомед Адиевтың құраманың бас бапкері болуы еліміздің басына біткен бақ дерсің. Ұлт спортының жан­дануына, әсіресе осы күнге дейін ең осал тұсымыз болып келген футболдың жақсы жаққа қарай өзгеруіне оның қосқан үлесі мол. Дегенмен, құраманың жеткен жетістіктеріне тек қана бапкерді мадақтап, аяқдопшыларымыз жөнінде айтпай қалуға болмайды. Жігіттердің жауапкерші­лікті сезініп, ел мүддесі үшін барын салып жүргені ойын­дарынан көрініп-ақ тұр. Бірақ, босаңсуға болмайды. Алда құрама ойыншыларын және бапкерлік құрамды үлкен сынақ күтіп тұр. Германияға барып мықтылармен тайта­ласамыз десек, қалған іріктеу ойын­дарын жеңіліссіз аяқтап, намысты қолдан бермеуіміз қажет. Біздің жанкүйер­лік міндетіміз – қандастарымызды қандай  жағдай  болсын қолдап, қолпаштау, желеп-жебеу.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: