Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемдік рекордты жаңарта аласыз ба?

04.02.2021, 12:00 433

Кез  келген  спортшыны  биік  мақсаттарға  шабыттандырудың  бір  құралы – әлемдік рекорд. Бір қарағанда ғасырлар бойы жаңарып отырған үздік нәтижелерді  қайталамақ  түгілі, маңына жақындаудың өзі мүмкін еместей көрінеді. Алайда ерік пен күш-қуаттың арқасында мүмкін емес дүниенің жоқ екенін дәлелдеп жүрген батырлар да аз емес. Осы тұрғыда, спортпен тұрақты айналыспаса да, дене шынықтыруды жанына серік еткен азаматтардың үйреншікті жаттығуларынан жасалған әлемдік рекордты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

1. Серіппе. Серіппе немесе жерден көтерілу – жер бетіндегі жаттығулардың арасындағы ең танымал түрлерінің бірі. Орысшалап «отжимания» деп жүрген жаттығудың әлемдік рекорды өзгермегеніне көп болған. Себебі, серіппенің шебері болып алған жапондық азамат Минору Йосида сонау 1980 жылы тоқтаусыз 10 507 рет жерден көтеріліп, бүкіл әлемді аузына қаратқан екен. Содан бері қаншама адам тырысса да, бұл рекордты жаңарту мүмкін болмай тұр. Алайда «батырды батыр жығады» демекші, бұл рекордты бұзу қолынан келетін кандидаттар да шыққан. 2019 жылы ингуштық Жаңа Редан ауылының тұрғыны Ибрагим Льянов серіппеден балалар арасындағы рекордты жаңартып, көпшілікке танылды. Ол бір мезетте тоқтаусыз 4445 рет жерден көтерілген. Айта кететін жайт, ол бұл кезде бар-жоғы 6 жаста болған екен. Ибрагим мен оның бапкері жақын арада ересектер арасындағы әлемдік рекордты бұзуға ниетті екенін де жеткізген.

Бұл жаттығу арқылы жасалған қызықты рекордтар да кездеседі. Мәселен, 2011  жылдың  желтоқсанында  Қытай  азаматы  Чи Гуйджон  1 саусақпен 41 рет жерден көтерілген. Бір қызығы, мұның барлығы бар болғаны  30  секундтың ішінде жүзеге асқан.

2. Белтемірге тартылу. Статистикаға сүйенсек, ер адам орта есеппен белтемірге 10-15 рет тартыла алады. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз таңғаларлық ерлік істеген. Бұл жаттығудан әлемдік рекорд 2011 жылы қойылған. Оны  американдық  Джейсон  Петцольд орнатқан екен.   Джейсон 1 минутта 60 рет белтемірден мойынын асырып, рекордтық деңгейді өз ырқына бағындырыпты. Ал бұл жаттығудан әйелдер арасындағы рекорд 1 минутта 37 рет тартылған Элиция Уэберге тиесілі.

Әлемдік  рекорд  қатарынан  көршілеріміз де қалыс қалмаған екен. 2016 жылы ресейлік Николай Каклимов белтемірге 12 сағат бойы 5825 рет тартылып, жоқтан бар жасады. Краснадорлық азамат осылайша, бұған дейін 5742 рет тартылған чехиялық спортшы Эндрю Шапироның рекордын бұза  алды.

3. Штанганы жатып көтеру. Америкалық пауэрлифт Райан Кеннели штанганы жатып көтеруден әлемдік рекорд орнатты. Оның нәтижесі қол жетпестей көрінеді. Себебі, 2008 жылы ол 486 кг-ды бағындырған. Ал өзінің салмағы ол уақытта 140 кг-ды ғана құраған екен. Ал арнайы қорғаныш жабдықтарсыз штанга көтергендер арасындағы рекорд Джулиус Мэддокске тиесілі. Ол 349 килограмды бойынан асырған.

Мүгедек спортшылар арасындағы рекорд Иран елінің азаматы  Рахман  Сиамандқа  тиесілі. Ол  жатып  көтеруден 310 килограмды  бағындырған.

Міне, спортты жаны қалайтын жандардың ермегіне айналған жаттығулар арқылы әлемдік рекордты бұзып, шартарапқа әйгілі болғандар бар екен. Және бұларды жаңартуға талпынып жүрген спортшылар да жетерлік. Көптеген мамандардың пікірінше, бұл рекордтар көп ұзамай жаңарады. Ал сіздің ойыңызша бұларды жаңарту мүмкін бе?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: