2019 жылдың 8 наурызында аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінде Сербияның Сомбер қаласындағы халықаралық жарыстың жеңімпазы болып оралған Гүлсая Ержан туралы «Гүлсаяның гүрзідей жұдырығы» атты мақалам жарияланған болатын. Сол кезде газеттің бас редакторы, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы-публицист Әлішев Әлмамбет ағам: «Бақытжан, сен енді бұл қыздың бапкері туралы жаз. Қазалыдан Марина Вольнованың олимпиада жүлдегері атануы бүкіл Қазақстанда әйелдер боксына дүмпу әкелді. Қазір қазақтың боксшы қыздары халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Бақытбек – әлемдік деңгейдегі бокс бапкері» деген болатын.
Сонымен, Марина Вольнованың жеңісінің әсерінен Қазақстанда әйелдер боксының әлемге танылуындағы басты тұлға Бақытбек Жұмабекұлы Құлыбаев туралы жазудың сәтті түсті.

Себебі, 2025 жылдың 25 қазанында, Республика күніне орай Бақытбек Құлыбаевқа «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Осыған орай бокс бапкері Бақытбек Жұмабекұлын оқырмандарға тағы бір таныстыру керек-ау деп ойлаймын. Шәкірттері халықаралық жарыстарда Қазақстанның атын шығарып жүр, ал бапкері тасада қалып қоя береді.
Бақытбек Құлыбаев 1980 жылы Москва олимпиадасының күміс жүлдегері, атақты боксшы Серік Қонақбаев сияқты қазан айында дүниеге келді. Әкесі Жұмабек Құлыбаев облыстағы күрестің төрт түрінен күрескен жалғыз балуан, қазақша күрестен ҚР спорт шебері, республиканың екі дүркін чемпионы, Қызылорда облысының төрт рет түйе балуаны болды. Қазалы аудандық спорт комитетін басқарған кезде ауданда алғаш рет қазақша күрес, самбо мен дзюдодан, бокс пен штангадан секцияны ашқан белгілі тұлға. Бақытбек он жасынан бастап бокспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы әкесі Жұмабек Құлыбаев болды. Кейінгі жаттықтырушысы марқұм Тарғын Нұралиев болды, осы кезде Бақытбек облыстық және республикалық турнирлерде топ жарып жүрді.
1995 жылы Кеңес Одағының батыры В.М.Счастнов атындағы №16 орыс мектебінің 9-сыныбын бітірген соң, Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық үміткерлерді дайындайтын мектеп-интернатқа қабылданды. Осы мектеп қабырғасында жүргенде жасөспірімдер арасында өтіп тұратын Алматы қалалық және облыстық, республикалық және халықаралық бокс жарыстарына, біріншіліктер мен турнирлеріне қатысып, жеңімпаз атанып, бокстан спорт шеберлігіне үміткер болды.

Бақытбектің бапкерлері де оң және сол қолымен бірдей соққы беретін техникасын көріп, болашағынан көп үміт күткен еді. Әттең, жаттығу үстінде сол қолын сындырып, бапкерлері бокстан КСРО спорт шебері Сайлаубек Өтегенов пен ҚР-не еңбегі сіңген жаттықтырушы Алтынбек Бердибековке де, Бақытбектің өзіне де ауыр болды. Дәрігерлер емдеп болған соң, бокспен айналысуына тыйым салды, бұл 17-дегі жасөспірім үшін сөзбен жеткізе алмайтындай ауыр болды.
1997 жылы арнаулы мектеп-интернатты бітірген соң, Қызылорда қаласына келіп, Қорқыт ата атындағы университеттің эколог инженерлерін дайындайтын факультетке оқуға түсті. Университет қабырғасында оқып жүргенде, студенттер арасында болатын футбол, валейбол, баскетбол, жүгіру, т.б. сайыстарда оқу орнының намысын қорғап жүрді. Алайда, боксты есінен шығарып көрген жоқ.
2001 жылы диплом алған соң Қазалыдағы спорт мектебіне бокс жатықтарушысы болып қызметке тұрды. Мамандығына сәйкес диплом керек болғаннан кейін Ақтөбе қаласы Қ.Жұбанов атындағы университетіне сырттай оқуға түсіп, дене тәрбиесі және физкультура факультетін бітіріп алды.

Бокспен айналыса бастағандағы ішкі арманы қазақ халқының атын әлемге танытсам деген өз арманына шәкірттерді тәрбилеу арқылы жетуге болатынын 21 жастағы жігіт Бақытбек түсініп, өз ісіне кірісіп кетті. Өзім бағындыра алмаған олимп шыңын шәкірттерім бағындырсын деп, уақытпен санаспай күнделікті жұмысын істеп жүре берді. «Балапанды күзде санайды» дегендей, төккен тер өз нәтижесін бере бастады. 2012 жылы Лондондағы олимпиадада Марина Вольнова қола медальды жеңіп алды. Бұның алдында 2010 жылы Азия чемпионатында күміс медальға ие болған еді. Сондай-ақ, Марина Вольнова республика чемпионатында 4 рет чемпион атанды. 2010 жылы отыз жастағы Бақытбек Құлыбаевқа «ҚР еңбегі сіңген бокс жатықтырушысы» атағы берілді. Марина Вольнова «ҚР еңбегі сіңген спортшы», «Бокстан халықаралық спорт шебері» атағына да ие болды. Марина Бақытбек Жұмабекұлының алғашқы шәкірті болды.
Енді одан кейінгі шәкірттеріне тоқталып өтейін. Гүлсая Ержан – ҚР спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы. Ақерке Бақытжан – ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Дәметкен Келімбет – ҚР спорт шебері, республика чемпионатының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Таңшолпан Әлиева – ҚР спорт шебері, республика спартакиадасының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жүлдегері. Арайлым Бақытжанқызы – ҚР спорт шебері, жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Ақбота Болат – ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Еркін Дүйсенбиев – ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының чемпионы.

«Бақытжан аға, «генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес». Өзім армандаған биіктерді шәкірттерім бағындырып жатыр. Шәкірттерім олимпиадан бастап әлемде бокстан өтетін барлық жарысқа қатысып жүр. Олармен бірге мен де дүниежүзі елдерінде болдым. Қандай жетістіктерге жетсем де, ең алдымен әкем Жұмабекке қарыздармын, менің ең бірінші жатықтырушым болды. Жатықтырушым әрі әкем ретінде ақыл-кеңесін әлі күнге дейін айтып отырады. Шәкіртерімнің алды Маринаны Әлем және Азия чемпионатына апарар кезде қаражат жағынан қатты қиналғанда, таныстары мен беделін салып демеуші тауып берді. Алғашқы кезде сондай қиыншылықтар болған, қазіргі кезде қаражат мәселесі шешілген» деп Бақытбек ағынан жарылып еді.
Бақытбек Жұмабекұлы 23 жылдан бері Олимпиадалық резерьвтік мамандандырылаған №17 мектепте жатықтырушы болып қызмет істеп келеді. Отбасында келіншегі Анар екеуі Айбар, Досым, Айдын Жұмабековтерді тәрбиелеп отыр.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан және Халықаралық Журналистер одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!