Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес, аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиында 2 мәселе қаралған болатын. Аталған жиыннан кейін аудан әкімі А.Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті.
Жиында ең алдымен жолдағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Осы жылдың 6 айында Арал ауданы аумағында 11 жол-көлік оқиғасы орын алған. Өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 8,3%-ға азайғанымен, қайтыс болғандар саны 66,7% артқан.
Жол бойында қозғалыс көп болғасын қателіктердің де болып тұратыны заңдылық. Алайда кешкілік уақыттарда қала ішінде автокөлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамайтыны жиі байқалады. Олардың басым бөлігі жас жүргізушілер. Аудан басшысы осы мәселеге жауапты сала басшылығына орын алып жатқан келеңсіздіктерге сай заң аясында қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ бейнебақылау камераларының жұмысын да сынға алды аудан әкімі.
Мұнан бөлек Республикалық маңызы бар жолдарда жол белгілерінің болмауы немесе тозуы жол-көлік оқиғасының орын алуына әкеп соғатынын айтты. Және де күрежолдың бойына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының көп жағдайда жануарларды бақылаусыз жіберуі салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алып жататынын жеткізді. Осы мәселелерге қатысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте көтерілген екінші мәселе өрт шығу қауіпі кезеңінің барысы туралы болды. Қазіргі таңда ауданда 1 өрт сөндіру бөлімі мен 1 кент және 4 ауылдық округте өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді. Алайда тілсіз жаудың қай уақытта тұтанарын ешкім болжай алмайды. Сәйкесінше ауданда жыл басынан бері 16 өрт оқиғасы тіркелген. Оның басым көпшілігі – тұрғын үйлерде болған өрт оқиғалары.
Аудан басшысы осы мәселеге қатысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып, жауапты мекеме басшылары мен бөлімдерге қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуді тапсырды.
Жиын барысында аудан әкімі жылу беру маусымына дайындық шараларын да пысықтады. Бұл мәселеге қатысты барлық әлеуметтік нысандар мен білім беру ұйымдарында жылу беру маусымына дайындық шаралары қазірден бастап қолға алынуы керектігін айтты.
Сонымен қатар «Отбасының цифрлық картасы» өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде іске қосылып, бүгінгі күнге дейін өзектендіру жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімі А.Оңғарбаев осы мәселеге қатысты мәліметтерді саралап, түрлі салалар бойынша өзектендіру жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!