Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол апатын қалай азайтамыз?

21.11.2024, 12:40 44

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жүргізушілерді даярлау  деңгейінің  төмендегенін  айтып, жол-көлік оқиғасының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Расында, жыл сайын жолда болатын төтенше жағдайлардан 2 мыңнан астам адам көз жұмады екен. Келеңсіз жағдайлардың негізгі себебі неде, қалай алдын алуға болады? Бұл сұрақтың  жауабын  арнайы  мамандардан  білдік.

ЖОЛ  АПАТЫНА НЕ  СЕБЕП?

Шыны керек, жол-көлік оқиғасы қоғамның зор алаңдау­шылығын туғызып отыр. Мәселен, 2022 жылы ел бойынша 14,8 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2425 адам қайтыс болса, 2023 жылы 15,9 мың жол апаты болып, одан 2,5 мың адам көз жұмды. Дерекке қарағанда, жыл өткен  сайын жол-көлік оқиғасы саны артып, бақилық болатын адамдар  көбейіп келеді. Мәселен, 2024 жылдың  8 айында 15,8 мың жол-көлік оқиғасы болып, 1,4 мың адам зардап шекті. Астанада да бір-біріне соғысқан көліктерді жиі көреміз. 2022 жылы елордада жол-көлік оқиғасының салдарынан 750 адам дене жарақатын алса, 28 адам қаза тапты. 2023 жылы жол бойында 35 адам қаза тапты. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр әрі жол апатының 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады. Жол үстінде төтенше жағдайға тап болғандар арасында тұтас отбасылар опат болуда. Мемлекеттің негізгі ресурсы адам десек, мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу маңызды екенін  түсінеміз.

Жол апатының негізгі себебі – жылдамдықты арттыру, мас күйінде және ережені сақтамай көлік жүргізу. Яғни көлік рөлін игергендер арасында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамайтындар бар. Бұған әсер ететін факті көп. Соның бірі – куәлік беретін орындардағы  сыбайлас  жемқорлық.

Әрине, бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алынғалы мониторингтік бақылау тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Халыққа қызмет көрсететін орталықтарда сынақ тапсыра алады. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Осыған ұқсас фактілер Көкшетау, Өскемен қаласында анықталып, жауапты мамандар жазаланғанын жақсы білеміз. Ел аузында жүрген сөздерге сенсек, қазір Астанада жүргізуші куәлігінің бағасы 280 мың теңгенің айналасында. Осыдан 4-5 жыл бұрын 60-80 мың теңгенің аралығында болған-ды. Бұл көлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жағдайды реттеуге  қабілетінің  жетпей  жатқанын  көрсетеді.

– 2022 жылғы 10 наурыздан бастап жүргізуші куәлігін алатындардан теориялық емтихан қабылдау бәсекелі ортаға берілді. Алайда теориялық емтихан қабылдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекел­дері болып, 2023 жылдың қазан айында келісім тоқ­тады. 16 қазаннан Мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлықты болдырмау және қатаң тәртіпті сақтау мақсатында теориялық емтиханды «ЖЖЕ 3.0» бағдарламасымен тапсырады, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Ростислав Коняшкин.

Бірақ мәселе мұнымен шешілген жоқ. Бағдарламамен емтихан тапсыру басталғалы түрлі айла-шарғы қолданған 222  факті  анықталды.

ӘЛЕМ  ЕЛДЕРІНІҢ  ТӘЖІРИБЕСІ

Жыл сайын дүниежүзінде жол-көлік оқиғасының салдарынан миллионнан астам адам көлік апатынан қайтыс болады. Бұл – күніне 3,2 мың,  минутына 2  адам  өледі  деген  сөз. 10 өлімнің 9-ы табысы  төмен  және орта­ша елдерде болады. Алайда кедей елдерде әлемдегі көліктердің небәрі 1 пайызы ғана бар. Жол-көлік оқиғасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде көп тір­келеді. Статистика бойынша мұнда қаза болғандар 28 пайызды құрайды. Батыс Тынық мұхиты айма­ғында – 25 пайыз, Африкада – 19 па­йыз, Латын Америкасында – 12 пайыз  деңгейін­де. Ең  төмен  көрсеткіш Еуропада – 5 пайыз. Канадада, Жаңа Зеландияда және Жапонияда жазатайым оқиғадағы өлім-жітім  ең төмен. Қауіпсіз көлік қозғалысы бойынша Швеция жетекші саналады. Онда 100 мың адамға шаққанда 3 өлім шамасында. БҰҰ жолдағы өлімді  азай­туда жүргізушілерді жауапкершілікке тарту жеткіліксіз екенін, жолдың сапасын және инфрақұрылымды жетілдіру маңызды деп санайды. Сарапшылар жүргізушісі жоқ көліктерді тездетіп іске қоспаса, жолдағы өлім-жітімді азайту қиын екенін мойындайды.

Әлем елдері жол апатын азайтумен әртүрлі күресуде. Жүйелі істі көлік жүргізуші куәлігін беруден де көруге болады. Мәселен, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Жапония, Финляндия, Италия, Швеция, сондай-ақ Германияда жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Бұл елдердің кез келгенінде автомектептер жүргізушіге жоғары талап қояды. Мәселен, рейтингте бірінші орында тұрған Австралия­да жүргізуші  куәлігін алу үшін кемінде 4 жыл керек. Осы уақытта көлік жүргізуші екі рет тео­риялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді. Ал Финляндияда медициналық тексерістен өткендер үш кезең – тұрақты курс, қысқы және экстремалды (төрт сағат теориялық сабақ және төрт сағат қауіпті жағдайда көлік жүргізу) жағдайда көлік жүргізуі тиіс. Жапонияда жүргізуші куәлігін алатындар алдымен көру және есту қабілетін тексереді. Содан кейін үміткер автомектепте екі айлық курстан өтіп, емтихан тапсырады. Ал Ұлыбританияда алдымен уақытша куәлік алады. Айтқандай, 1926 жылы Парижде, 1949 жылы Женевада, 1968 жылы Венада өткен халықаралық конвенциямен реттелетін халықаралық жүргізуші куәлігі бар. А6 форматтағы төлқұжатты барлық ел мойындай бермейді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның жүргізуші куәлігі Жол қозғалысы туралы конвенцияға (Вена, 1968 ж.) қол қойған елдерде жарамды. Қазіргі уақытта бұл қатарда 80-нен аса мемлекет бар. Бізге де әлем елдері­нің үздік тәжірибесін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңда­татын  заң  нормаларын  қабылдау  керек  сынды.

ТЫҒЫРЫҚТАН  ШЫҒАР  ЖОЛ  БАР  МА?

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы – 115 мың, 2021 жылы – 135 мың, 2022 жылы – 105 мың, 2023 жылы – 184 мың, 2024 жылдың 9 айында 102 мың адам жүргізуші куәлігін алды. 2020-2024 жылдары теориялық емтихан тапсыру барысында 1050 рет рұқсат етілмеген заттарды қолдану фактісі анықталды. Ал практикалық емтиханды ә дегеннен тапсыру мүлде қиын екен. Солай бола тұра, жыл сайын жүргізуші куәлігін алатын адамдар саны артып келеді. Бұл сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жауап берді.

Біріншіден, Ішкі істер министрлігі автомектептердегі оқыту курсын қайта қарап, мемлекеттік бақылау функциясын қайта алудың оңтайлы жолын  қарастыру  керек.

Екіншіден, автомектептерді ашу тәртібін күшейтіп, оқу ұйымдарының материалдық-техника талаптары ескерілуі тиіс.

Үшіншіден, жүргізуші куәлігін алуға дайындайтын автомектептерді  автоматтандырылған ақпарат жүйесіне қосып, емтихан алу процесін YouTube-те онлайн көрсетуді жолға қойып, ашықтық пен  жариялықты  қамтамасыз  ету  маңызды.

Сарапшылар арасында білім беру жүйесі мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлікті жүргізу негіздерін үйрететін арнайы факультативті курс ашқан артық емес дейді. Мектепте оқыған кезде біздің буын мұндай игілікті көргенімізді  айту  керек-ақ.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков көлік жүргізу­шілерін даярлайтын  автомектептердің  жауапкершілігін  арттыру  маңызды  екенін  атады.

– Автомектептерді қайта лицензиялап, орталық­тардың жауапкершілігін арттырған дұрыс. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер жолда жүру ережесін көп бұзса, ондай мектептің лицензиясын кері алу керек. Сонда шәкірттер дайындап, қаржы тауып отырған орталықтар лицензиясынан айырылып қалмау үшін сапалы жұмыс істеуге тырысады. Мұндай тәжірибе Еуро­па елдерінде сәтті қолданылып отыр­ғанын  айту  керек, – деді.

Жол-көлік оқиғасын азайтуда жол инфрақұрылымын жетілдіру керек. Асфальт­тың сапасын арттырумен бірге жол бойына цифрлы технологиялар – бақылаушы камераларды орнатудың артықшылығы көп. Қысқасы, жол қозғалысы бағытында төтенше жағдайды азайту кешенді жұмыс­ты  талап  етеді.

– Жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жол желілеріне 847 тексеру жүргізі­ліп, 1596 ұйғарым шығарылды. Атап айтқанда, нұсқаулық аясында 3 аумаққа оңай жиналатын құрылымнан жасалған жаяу жүргіншіге арналған шлагбаумдар орнатылды. Бұл қоршаулар рұқсат етілмеген жерлерден жолды кесіп өтуді болдырмауға мүмкіндік береді. Басқарылатын 59 жаяу жүргіншілер өтке­лінде қосымша жарықтандыру, 17 учаскеде бағдаршам орнатылды. 8 учаскеде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі реттелетін жолға ауыстырылды. А.Байтұрсынов және Ж.Нәжімеденов көшесінде жолақ саны 6-дан 7-ге ұлғайса, Шарль де Голль көшесінде 4-тен 5-ке, Сығанақ көшесінде 8-ден 10-ға көбейді.  15 жол  қиылысында солға  және  кері  бұрылу  алынып  тасталды  (барлығы  54-і  жойылды).

2024 жылдың 9 айында Полиция департаментінің қызметкерлері  3 миллиард 613 миллион теңгенің 214,8 мың жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады. Ал жаяу жүргіншілер тарапынан 169,8 миллион теңге құрайтын 22,7 мың құқықбұзушылық тіркелді. «Ekin Patrol G2» мобильді жүйесінің 5 бірлігі «Сергек» камералары жоқ аймақтағы жол қозғалысын бақылайды. Осы жүйенің көмегімен 9 айда 47,5 мың бұзушылық белгілі болды, – деді Астана қаласы Полиция департаменті бас­тығының  бірінші  орынбасары  Эльдар  Данияров.

2025 жылдан бастап жылдамдықты асырғандар айыппұлды екі есе артық төлейді. Дұрысы, жылдамдықты 60-тан асырғанда салынатын айыппұл 157 мың теңгеден асады. Бұл елді мекенде немесе қалада жылдамдықты шамадан тыс арттыратын жүргізушілердің екпінін басатын тетік бола ала ма?

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2030 жылға қарай әлем бойынша жол-көлік апатынан қаза болатындар санын екі есе азайтуды мақсат етті. Бұл бағыттағы бастамаларды жүйелеуде құқық қорғау мен денсаулық сақтау, білім беру мен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Тиімді шараларға қауіпсіз инфрақұрылымды жобалау және көлік құралының қауіпсіздік жүйесін, заңнаманы жетілдіру керек. Бастысы, жүргізушілерді даярлайтын орталықтардың жауапкершілігін арттыру маңызды. Біздің ел бұл бағыттағы жұмыстарды қандай деңгейде жүргізеді, нәтиже де соған сай өзгереді.

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

Инфографиканы жасаған Е.Қалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: