Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жигули жілікті қойып, тақпен ойнауға шықты ма?

11.05.2023, 12:40 468

Ауылды көркейтемін деп жүрген депутат Жигули Дайрабаевтың басы дауға қалғанына біраз болды. Халық оны темекі шекпейтін, арақ ішпейтін, жастармен иық тіресе сынға түсетін адам ретінде таниды. Енді саясаткерден бөлек, екі ұлы да жұрт аузында жүр. Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық есімді ұлдары қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. Ұлдарымен бірге, «Жамбыл облы­сы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселеле­рі жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, сондай-ақ кәсіпкер Елжан Елібай да бар. Оларға ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы және 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы бо­йынша қылмыстық іс Тараз  қаласының №2 сотында 19 қыркүйекте басталған. Желіде желдей ескен ақпарат саясаткердің шамына тиді. Десе де, ұлдарының ақ екенін алға тартып, «ат төбеліндей адамның талабы үшін мандатымды тапсырмаймын» деп мінберде сөйледі. Депутаттың қалтасы көтермеді ме, бұл жолы заң бәріне  ортақ  болыпты.

– Сыбайластар субсидия­лау қағидаларын бұза отырып, сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін мемлекеттік субсидиялау алған. Олардың бір бөлігі алаяқтық жолмен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.  Осылайша,  мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірілген, – деді Тараз қаласы №2 сотының  баспасөз  қызметі.

Тәбетін тыя алмағандарға жаза қандай болады? Пайдасын ойлаған әлгі төртеудің ісі нақты айғақтармен дәлелденген. Яғни экс-шенеунік 6 жылға, іске қатысы бар кәсіпкер 5 жылға, ал депутаттың балаларының мүлкі тәркіленіп, 5 жылға шартты мерзімге сотталды. «Жигули Дайрабаевтың ұлдарына жаза неге жеңіл?» деген сауал туындаса, сот былай жауап қатыпты. Өйт­кені екеуі бұрын істі болмаған және кішкентай балалары бары ескерілген екен. Алайда ешқайсысы қылмысын мойындамаған. Егер мойындаса, тағы да жаза жеңілдетілуі мүмкін еді. Дегенмен, жілік сындырып жүрген Жигулидың халық алдындағы имиджін екі ұлы «сындырғаны» сөзсіз. Бірақ депутат-әке тақтан кетер ойы жоқ. Оны жібермейтін де  секілді.

– Дайрабаевқа келер болсақ, оның депутаттығына яки тікелей өзіне қатыс­ты заңды мәселе туындап тұрған жоқ қой!? Балаларына қатысты мәселе. Сондықтан, ел аузында жүрген депутаттардың балалары, туыстары ашық кеңістікте. Барлығын микроскоппен қарап  отырады. Сондықтан әрбір шалт басқан қадамы жария  болады, – деді мәжіліс төрағасы  Ерлан  Қошанов.

Сондай-ақ, егер заңбұзу­шылық мәжілісменнің та­ра­пы­нан болса, бірінші кезекте «Ауыл» партиясы өз шешімін қабылдау керек­ті­гін айтып қана қоймай, репутациясына еш зияны келмейтінін жеткізді. «Бұл – Қазақстан»  деген  сарказм   сөз  бар  ғой. Шыны ке­рек, халық алдын­да жүрген сая­саткер, әнші, танымал тұлғаның іс-әрекеті мен айт­қан сөзі біздің елде уақыт өте келе ұмытылып кетеді. Көп болса, құр кешіріммен аяқталады. Жалпы, ТМД елдерінің бәрінде де осы үрдіс болып қалыптасқан. Негізінде танымал тұлға сөзі мен ісіне сақ болуы керек. Егер менмендік танытып, есерсоқтыққа барса, сол үшін қатаң жазалануы тиіс. Қиыр шығыстағы корей мемлекетінде танымал адамның бір қателігі көп уақытта кешірілмей, сахнадан кетуге мәжбүр болады. Мәселен, ішімдікке то­йып алып көлік тізгіндесе, тыйым салынған заттарды қолданса, расизмдік т.т. көзқараста әдепсіз сөйлесе, заң аясындағы жазадан бөлек, сүйікті ісінен де бас тартуына мәжбүр. Жигули Дайрабаевтың екі ұлының қылмыстық ісінен басқа, жамбылдықтардың жайы­лымдық жерін тартып алды деген дау-жанжалы да барын еске сала кетейік.

Баласының іс-әрекетінен депутаттың имиджіне нұқсан келетін жағдайлар жетерлік. Соның бірі 2019 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Игорь Лебедевтің қызы жол ереже­сін бұзып, полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін ұсталған. Бұл қоғамда резонанс туғызды. Дәл осындай оқиға РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Бурматовтың қызына да қатысты. Ол жол-көлік оқиғасы кезінде адамды өлтірген. Бұл оқиға саясаткердің беделіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, бұқаралық ақпарат құрал­дарында кеңінен талқыланды. Екі жағдайда да депутаттар балаларының әрекеті үшін жауап беруге мәжбүр болып, саяси мансаптарына кері әсерін берді. Дей тұрғанымен, ұл-қыздарының қисынсыз іс-әрекетінен кейін депутаттардың бәрі бірдей қызметінен кете бермейді. Көрші Ресейді тағы әурелесек. РФ Мемлекеттік Думасы­ның депут­аты Сергей Железняктың қызы жаза­тайым оқиғада адам өлтіргені үшін ұсталды, бірақ ол парламентте жұмысын жалғас­тырды. Жигули Дайра­баевтың тақтан кете­тін ойы жоқ. «Елге пайдам көп тиеді» дейді ол. Әзірге ұлдары елге тек шығын әкелді. Ал, әкесінің қаншалықты пайда әкелеті­нін  уақыт  көрсетер.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: