Жалағаш ауданының тұрғындары 100% орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл Аққұм, Мәдениет ауылының ауызсу жүйесін кеңейту мен «Ақтерек» учаскесінің сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде берілген брифингте аудан әкімі Асқарбек Есжанов осындай мәлімет таратты.
Асқарбек Есжанов өткен жылы ауданның барлық елді мекендерін аралап, халықтың талап-тілегін тыңдаған. Нәтижесінде, ауданды дамытудың 2023-25 жылдарға арналған құны 11,4 млрд теңге болатын 137 жоба жасалған. Биыл осы жобаның 34-ін іске асыруға 5,1 млрд теңге бөлінген.
Қазір Жалағаш ауданының бюджеті – 10,3 млрд теңге. Оның ішінде жергілікті кіріс 2,0 млрд, субвенция көлемі – 3,8 млрд, жоғары тұрған бюджеттен берілген трансферттер – 4,1 млрд және бюджеттік кредиттер –139,7 млн теңге.
Аудан әкімінің айтуынша, Жалағаш ауданының жер көлемі – 2 873 640 гектар. Оның ішінде:
– ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 284 752 га;
– елді мекен жері – 42 760 га;
– ерекше қорғалатын табиғи аумақ – 4 га;
– орман қоры – 769 482 га;
– су қоры – 14 902 га;
– басқа жерлер – 1 745 884 га.
Биыл Жалағашта 19800 гектар жерге күріш, 750 гектарға бидай, 70 гектарға қант құмайы, 64 гектарға соя, 520 гектарға мақсары, 700 гектарға сүрлемді жүгері, 5 гектарға сұлы, 4850 гектарға жаңа жоңышқа, 7200 гектарға ескі жоңышқа, 646 гектарға картоп, 1108 гектарға көкөніс және 1296 гектарға басқа да бақша өнімдері егілген. Қазір аудандағы 331 шаруашылықтың 195-і егінмен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысуда екен.
– Аудан көлемінде барлығы 40918 бас мүйізді ірі қара, 45759 уақ мал, 24953 бас жылқы, 801 бас түйе, 11348 бас құс өсірілуде. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бақша дақылдарын өсіруге 500 гектар жер дайындалып, 921 отбасыға үлестірілді. «Ер-Әлі» шаруа қожалғы егінді әртараптандыру бағытында 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, 2,5 гектар жерге бақша дақылдарын екті, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Аудан әкімі автомобиль жолдарын жөндеу, газдандыру, электр желілерін жаңғырту жұмысының нәтижелі жүріп жатқандығына тоқталып, жоспарымен бөлісті. Мысалы, 5 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғыртуға ұсынылған жобалар қолдау тауып, Ақсу мен Қаракеткенде республикалық бюджеттен бөлінген 270,3 млн теңгеге құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда аудандағы электр желілерінің тозу деңгейі 45,2%-дан 32,9%-ға дейін азаяды. Сондай-ақ, Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғыртуға Индустрия және инфрақұрылым даму министрлігіне 915,0 млн теңге өтінім ұсынылған.
Асқарбек Есжанов әкім болып тағайындалғанда адалдық, ашықтық, жариялылық және тазалық принциптерін ұстанатынын айтқан болатын. Брифингте БАҚ өкілдерінің түрлі сауалына жауап берді. Оның ішінде жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті болдырмау үшін жасалып жатқан шараларға тоқталып, осы бағыттағы жұмысқа барлық тұрғынның атсалысуы маңызды екенін атап өтті.
Есеп беру жиынының соңында аудан әкімі мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Қыркүйек айында бабамыздың туған жері Т.Жүргенов ауылында «этноауыл» көрінісі ұйымдастырылып, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, түйе балуандар сайысы және бабамыздың атындағы бюсті қойылған құны 67 млн теңгелік жаңа саябақтың ашылу рәсімі өткізіледі, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!