Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһандық сауда соғысы: Кім ұтады, кім ұтылады?

20.02.2025, 12:00 161

2025 жылы АҚШ-Қытай арасындағы экономикалық қайшылық күшейе түсті. Трамп 2018 жылы бастап кеткен сауда соғысын жалғастырып, АҚШ-ты өз биігіне шығаруға дәмелі. Бұған әлемнің өзге алпауыттары қарап қалмайтыны белгілі.

САУДА  СОҒЫСЫ  ҚАЛАЙ  БАСТАЛДЫ?

2017-2021 жылдары АҚШ-тың 45-ші прези­денті болған Дональд Трамп Қытайға қарсы тарифтер мен басқа да сауда кедергісін енгізіп, сауда  соғысын  қарқынды  жүргізді.

2018 жылдың наурызында АҚШ Қытайдан импортталатын тауар түрлеріне, оның ішінде, болатқа 25 пайыз, алюминийге 10 пайыз баж салығын енгізді. Бір ай өткенде Қытай билігі АҚШ-қа жауап ретінде америка тауарына баж салығын салды. Маусым айында ресми Вашингтон 50 миллиард долларлық қытайлық тауарларға баж салығын қойды. Тағы бір ай өткенде ресми Пекин АҚШ тауарына баж салығы­мен  жауап  берді.

Бұдан кейін екі алпауыт ел бір-біріне дүркін-дүркін сауда-экономикалық қысым жасап, 2019 жылдың қыркүйек айында екі тарап бір-бірінің тауарына тарифтің көтерілетінін жария­лайды. Бұл үдеріс әлем экономикасын шайқалтып, Екінші дүниежүзілік  соғысқа  дейін болған Ұлы депрессияға түсіруі мүмкін еді. Сондықтан екі елдің басшылары диплома­тияны таңдап, 2020 жылдың қаңтар айында АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімінің бірінші кезеңі басталды. Ал, ақпан айында АҚШ  келісімнің  бір  бөлігі  ретінде кейбір Қытай  импортына  баж  салығын  төмендетті.

2021 жылдың қаңтарында Байден президент қызметіне кірісіп, қазан айында Сауда даулары мен экономикалық мәселені шешу үшін АҚШ-Қытай келіссөзі қайта жалғасты. Сөйтіп, екі ел арасындағы сауда келісімі қайта жандана  бастады.

2022 жылдың наурызында АҚШ Қытайдан келетін 350-ден астам тауарға тарифтік жеңілдікті қалпына келтірді. Қарашада Индонезиядағы G20 саммиті барысында Төраға Си Цзиньпин мен Президент Джо Байден кезде­сіп, экономикалық қарым-қатынас негіздерін талқылады.

Жылымық кезең басталғанымен, АҚШ билігі Қытайдың айылын басуды тоқтатпады.

2025 жылы Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралып, сауда соғысындағы шиеленісті жаңа деңгейге көтерді. 2 ақпанда Трамп заңсыз көші-қон мен фентанил контрабандасымен күресу қажеттілігін алға тартып, Қытай, Канада және Мексикадан келетін тауарға жоғары баж салығын енгізді.

Жарлық бойынша Мексика мен Канададан келетін импортқа 25 пайыз, Қытайға қосымша 10 пайыздық баж төлеуді міндеттеді.

Трамп бұл әрекет американдықтарды қорғауға және сауда тапшылығын азайтуға бағытталғанын алға тартты.

ТРАМПТЫҢ  ТАУАР  СОҒЫСЫНА  ДЕЙІН

ХХ ғасырдың 70-жылдары Қытайда экономикалық реформа қарқынды жүріп, АҚШ пен Қытай арасындағы тауар саудасының көлемі өсті. 2001 жылы Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіргеннен кейін, екі ел арасындағы сауда жедел өсіп, бір-бірінің маңызды сауда серіктестеріне айналды.

АҚШ Қытайға экспорттан гөрі көптеп импорттады. 2009 жылы АҚШ-тың  Қытаймен тауардағы екі жақты сауда дефициті 227 миллиард долларды құраса, 2013 жылы 318 миллиард долларға, 2018 жылы 420 миллиард долларға жетті.

2010 жылдан бастап АҚШ пен Қытай ЖІӨ бойынша әлемдегі ең ірі экономикаға ие болып, АҚШ әлемдегі ең ірі импорттаушыға, Қытай әлемдегі ең ірі экспорттаушыға айналды.

2001-2018 жылдары Қытайдың ЖІӨ бес есе өсті. Бұл негізінен АҚШ-тан келетін импорт және экспорт есебінен болды.

2018 жылы Америка Құрама Штаттары 3,2 триллион доллар тауар мен қызметті импорттады. Бұл жеткізілімдердегі Қытайдың үлесі 17 пайызды құрады. Ал, Американың Қытайға экспорты сол жылы 2,5 триллион долларды құрады.

2024 жылдың қараша айындағы жағдай бойынша Қытай АҚШ-тың сыртқы саудасының 11,3 пайызын құрайды. Бұл – Мексика мен Канададан кейінгі АҚШ-тың үшінші ірі сауда серіктесі деген сөз.

ХХІ ғасырда әлем елдерінің экономикалық ықпалдастығы тереңдеп, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын деңгейге жетті. Әрі мұндай экономикалық байланыстар ондаған жылдар бойы қалыптасқандықтан, оны бір күнде үзу қиынға соғады. АҚШ-Қытай сауда соғысы – соның айқын дәлелі.

ЖАҺАНДЫҚ  ЭКОНОМИКАҒА  ӘСЕРІ  ҚАНДАЙ?

АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық қақтығыс сауда ағындары, жеткізу тізбегі, инвестициялық үлгілер және нарықтық қатынастар сынды түрлі аспектіге ықпал етіп, жаһандық экономикаға теріс әсер етті.

Біріншіден, халықаралық саудаға әсер етті.

Қытайдағы өндірістік компаниялар жаңа нарық іздеуге мәжбүр болды. АҚШ кәсіпорындары өндіріс шығынының өсуімен бетпе-бет келді.

Компаниялар тарифтік шығынды жабу үшін тауар және қызмет құнын қымбаттатты. Соның салдарынан халықаралық сауда көлемі қысқарды.

Екіншіден, экономикалық құлдырауға әкеледі.

Әлемнің ең ірі екі экономикасы арасындағы сауда қатынасына қатысты бәсекелестік жаһандық экономикалық өсімді баяулатты. Сауда көлемінің азаюы және шығындардың өсуі бүкіл әлемдегі бизнес пен тұтынушыларға әсер етіп, экономикалық белсенділіктің баяулауына ықпал етті.

Үшіншіден, кәсіпкерлік инвестицияға әсер етеді.

Сауда соғысы инвесторлардың сенімсіздігін тудырып, қор нарығындағы құлдырауға себеп болды. Бұл үдеріс экономикалық өсімге және жұмыс орнын құруға  кедергі  келтірді. Көптеген  ірі компания  Қытайдағы өндірісін  Вьетнам, Үндістан,  Мексика  сияқты  елдерге  көшіруге мәжбүр  болды.

Төртіншіден, сауда үлгілеріндегі өзгеріс болады.

Сауда  шиеленісінің  нәтижесінде  әлем елдері  балама  сауда  серіктесі  мен  жаңа нарықты  іздеп, басқа  елдермен  сауданы ұлғайтты.

Бесіншіден, инфляция күшейе береді.

Кәсіпорындар тұтынушыларға ұлғайған шығынды жүктеп, адамдардың сатып алу қабілеті төмендеп, инфляциялық қысым пайда болды.

Алтыншыдан, технология секторына әсер етті.

Сауда соғысы технология мен зияткерлік меншік құқықтарына қатысты болды. АҚШ Қытайдың технологиялық компанияларына (мысалы, Huawei) шектеулер енгізіп, екі ел арасында технологиялық жарыс басталды.

Жетіншіден, геосаяси шиеленіс күшейе түсті.

АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысы геосаяси шиеленісті күшейтіп, дипломатиялық қатынастарға және саудадан тыс әртүрлі жаһандық мәселелер бойынша ынтымақтастыққа әсер етті.

Бұл сауда соғысы екі державаға ғана емес, бүкіл әлем экономикасының тұрақтылығына әсер еткен жаһандық құбылыс болды.

БҰҒАН  ДЕЙІН  ТАУАР  СОҒЫСЫ  БОЛҒАН

ХVІІ ғасырда Англия, Франция және Голландия бір-бірімен үздіксіз сауда соғысын жүргізді, ол мезгіл-мезгіл қанды қарулы қақтығыстарға ұласты.

ХІХ ғасырдың 60-жылдары Италия мен Франция арасында сауда соғысы болды. Осы кезеңде Шығыс Еуропада Ресей мен Германия арасында «тарифтік соғыс» жүріп, арты сауда соғысына ұласты.

ХХ ғасырдың 20-жылдары ресми Берлин мен Варшава арасындағы тарифтік соғыс жүрді.

Бұл сауда соғыстары аумақтық деңгейді қамтыса, екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі сауда соғысы ауқымды болып, АҚШ пен Еуропаны қамтыды.

1930 жылы 17 маусымда АҚШ Президенті Герберт Гувер «Смут-Хоули» актісіне қол қойды. Бұл құжат 20 мыңнан астам тауарға баж салығын көтеруге негіз болды. Сөйтіп, АҚШ пен Еуропа елдерінің арасындағы сауда-саттықта келіспеушілік болды. Бұған дейін Америкаға темір бажсыз әкелінетін болса, енді тоннасына 75 цент төлеу керек болды. Франция қарымта ретінде автокөлікке тарифті көтерді. Нәтижесінде 1933 жылға қарай американдық экспорт 61 пайызға төмендеді. 1929-1934 жылдар аралығында әлемдік сауда көлемі 66 пайызға қысқарды. Ақыры Америкада Ұлы депрессия болды. Дүниежүзілік сауданың күйреуі милитаристердің позициясын нығайта түсіп, Екінші дүниежүзілік соғысты тездетті.

1944 жылдың 1-22 шілдесінде АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатында Бреттон-Вудс конференциясы өтіп, оған антигитлерлік коалицияға кіретін 44 мемлекеттен 730 делегат қатысты. Мақсат – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін халықаралық валюталық және қаржылық қатынасты ілгерілетуді қарастыру. Жиында Халықаралық валюта қоры мен Халықаралық қайта құру және даму банкін құру туралы шешім қабылданды. Кедендік кедергілерді азайтуға және сауда дауын реттейтін Дүниежүзілік сауда ұйымын (ДСҰ) құру жоспарланды.

1947 жылы 23 мемлекет Тарифтер мен сауда бойынша бас келісімге (ГАТТ) қол қойды. Халықаралық ұйымның жұмысы нәтижелі болды да. БҰҰ мәліметі  бойынша 1950  жылы  әлемдік  экспорт  көлемі  60,9  миллиард  доллар  болса,  1960  жылы  127,3  миллиард  долларға  жетті.

Төмен тарифтік кедергілер жаһандық экономиканы депрессиядан және екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіруге көмектесті.

Бірақ сауда даулары сақталды. 1962 жылы Еуропалық экономикалық қоғамдастық елдері бір мезгілде американдық тауық етіне баж салығын көтерді. Сөйтіп, АҚШ-тың тауық экспорты Еуропаға 67 пайызға төмендеді. Ресми Вашингтон ГАТТ-ке шағымданды. Алайда Еуропа елдері бұл шешімді елемеді. Америкалықтар еуропалық бірқатар тауарға баж салығын көтерді. 1970 жылы дамыған елдерде  кедендік  тариф 8-12  пайызға  дейін белгіленді.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жаһандық картаны өзгертуі ықтимал. Өндірісі дамымаған бәсекеге қабілетсіз елдер инфляция құрығына тұтылып, тыныс тарыла береді. Осындай қиын сәтте бізге жол табу керек.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: