Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаһандағы жағдай: соғыс оты қашан өшеді?

29.09.2022, 12:40 944

Жұмыр жердегі геосаяси жағдай күрделене түсіп, әлем елдері геосаяси, геоэкономикалық топтарға бөлініп, санкциялық қысым арқылы бір-бірінің тынысын тарылтып, саяси ғана емес, әскери блоктор да пайда болып, жаһан жұртының түн ұйқысы бұзылып, тынышы қашты. 

Шығыс Еуропада басталған әскери текетірес әлемді шарпитын түрі бар. Сербия президенті Александр Вучич «Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа көшті» деп мәлімдеді. Құдай сақтасын!

Ресей басшысы Владимир Путин тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жартылай мобилизация жариялады. Мұның астарында әскерін жаңа адамдармен толықтыру ниеті тұрғаны анық. Қытай төрағасы Си Цзиньпин әскерін ұрысқа дайындалуға шақырды. Еуропа мен АҚШ тарапы Украинаны қаржылай қолдап, қарумен қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыруға ниетті.

Украина  халқының басына түс­кен ауыр күндер ешқандай халықта болмасын. Бұл соғысты бастағандарды ешкім ақтап алмауы да тиіс. Бұл бір елге ғана емес, жалпы адамзатқа қарсы бағытталған соғыс деп қабылдаймыз.

Алайда Шығыс Еуропадағы жағ­дайды тереңірек талдайтын болсақ, Батыс пен Ресей бұл соғыстың бола­тынын кеше-бүгін немесе бірнеше жыл бұрын ғана білген жоқ, онда­ған жылдар бойы зерттеліп, зерделе­ніп, тіпті соғыс болған жағдайда бір-біріне жіптей байланған әлемдік қауымдастыққа қалай әсер ететінін бағамдағаны  анық.

ХХ ғасырдың басында ағылшын саясаткері Хэлфорд Маккиндер «Әлемдік саясаттың аймақтық кіндігі» идеясын ұсынып, онда әлемнің геосаяси кіндігі – Еуразия екенін атап, бұл құрлықты «Хартлэндке» балайды. Сөйтіп Шығыс Еуропаны кім билесе – Хартлэндті сол билейді, ал  оны  игерген – әлемді  билейді  деген  қорытынды  шығарады.

АҚШ  саясатшылары  әлемнің кіндігі – Еуразия, Еуразияның  жүрегі – Еуропа дегенді ұстанып, кәрі құрлықта бүлік салудың түрлі айла-ама­лын қарастырады. Югосла­вияның ыдырауы – соның нақты дәлелі. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қарулы қақтығыстың бәрінде Американың қолтаңбасы бар. Мәселен, Корея, Вьетнам, Ауғанстандағы қырғиқабақ соғыс­тар, одан кейінгі Араб елдері – Сирия, Ливан, Ирак, Египет, Тунис, Алжир, Мароккода тұтанған ұлт-азатт­ық көте­рілістерден ресми Вашингтонның мүдде-мұратын  тануға  болады.

Енді Американың ықпал аймағы Еуропаға ығысып, кәрі құрлықта түрлі соғыс алаңдары тұтана бастады. Бұл ойымызға америкалық жазушы Брукс Адамстың «Американың империялық мүддесі Еуразияның саяси кеңестігін жаулап алуға итермелейді» деген сөзі дәлел. Оған Хальфорд Маккиндердің «Еуразияны билесең – әлемді  билейсің»  дегенін қосыңыз.

Қысқасы, Украинада тұтанған соғыста АҚШ-тың да үлесі бар, мүддесі мол. Себебі Американың Еуропаны ашса алақанында, жұмса жұды­рығында ұстайтын амбициясында Украина маңызды рөл атқарады. Екінші жағы, Украина мен Ресей арасындағы экономикалық, саяси шиеленіс шегіне жеткен-ді.

Кәрі құрлық Ресейге мұнай-газ секторына тәуелділіктен құтылуда Украинадағы жерасты ресурсын пайдалану арқылы шешуге таласып бағуда…

Зерттеулер көрсеткендей, Украи­на жерінің астында игерілмеген сланц газының бай қоры бар. Украи­на билігі АҚШ-тың компанияларына газды өндіріп, кәдеге жаратуда серіктес болуға шақырады. Өйткені газдың бұл түрін барлау мен өндірудің жоғары технологиясына америкалықтар иелік етіп отыр. Екіжақты келісім жасалған соң америкалық компаниялар барлау нәтижесі негізінде Украинаның бірнеше өңірінде зауыт салуды жобалауды бастайды.

Сәйкесінше, бұл шешім Ресейге ұнамайды. Себебі аймақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын негізгі басымдығынан айыр­ылады.

Ресейдің Украинадағы агрессиясы осылай басталып, алдымен, Қырымға көз салды. Неге десеңіз, Қара теңіздің жағалауында энергияның тағы бір көзі анықталды. Ол – газогидраттың (газ кристалдары) үлкен көлемдегі қоры еді.

Қырымдағы тұрақсыздықтан кейін шетелдік компаниялар бас­тапқы келісімнен бас тартып, зауыт салып, газ өндіру идеясына тоқтады. Осылайша, Ресей экономикалық мүддесімен қатар, Еуропа елдеріне газ тасымалдау арқылы ықпал ететін саяси басымдығын да сақтап қалды. Бұл – әлеуметтанушы ғалым Талғат Жақияновтың  пайымы.

Одан бөлек, Украинаның дәнді дақылдары мен картоп және т.б. ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі мол. Әлемде ірі бес астық экспорттаушы елдердің қатарына кіреді. Соғыс жағдайы болып жатқанның өзінде Украина диқандары 14 миллион тонна дәнді дақыл өндіруді жоспарласа, Қазақстанның мүмкіндігі 5 миллион тонна екенін айтуымыз керек. Бұл ел марганец кені, темір рудасы, кокс көмірінің бай  қорымен  ерекшеленеді.

Мұның өзі Шығыс Еуропа қақпасындағы елдің экономикалық потенциалын  көрсетпей  ме?

АҚШ бастаған Еуропа елдері экономикалық қысымды күшейтіп, санкциялық блоктар арқылы Ресейді экономикалық тұрғыда күйрете түсті. Экономикалық дефолттық жағдай әлеуметтік наразылықты асқындырды. Тар қапасқа тығылған жаралы жыртқыш соңғы рет серпі­ліп, күш-қайратын  сынауға  мүдде­лік  танытатыны  анық.

Сөйтіп, «арнайы операция» деген  желеумен Киевке қарсы соғысты ашып жіберді. Жарты жылдан асты. Бұл уақыт ішінде сыртқы күштерден қыруар әскери және қаржылай көмек алған Украина екпінін үдетіп, тіпті Ресейдің территориялық айма­ғына, яғни шекарасына жақындай түсті.

Путинді қолдап, құдайындай сенген қарапайым халықтың көзқарасы өзгеріп, «арнайы операциясын» тоқтатуды ішінара талап ете бастады. Енді Ресей «екі жеп биге шығудың» жолын қарастыруы керек болды.

Шешімін тапты да. Ол – 23-27 қыркүйекте Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облысында референдум өткізу. Енді өзінің әкімшілік аумағына енгізген облыстарды қорғау үшін «жартылай мобилизация» жүргізіп, әскер қатарына жаңа адамдар қосып, «арнайы операция» «отанды қорғау» түріне айналады. Сербия президенті Александр Вучич «Әлем үшінші дүниежүзілік соғысқа көшті» деп секемденіп отырғанының себебі  осы  болса  керек.

Өткен ғасырда Хэлфорд Маккиндердің «Шығыс Еуропаға иелік ету – әлемнің кілті» деуінің түпкі ойы Украинаны меңзейтіні анық. Демек бұл соғыс кеше-бүгін басталған жоқ. Ұзақ жылдық жоспардың  нәтижесі.

Қалай болғанда да, Ресей басшысының қарекетін сынға алып, жерден алып, жерге салып жатқандар көп. «Америка дауысы» (voanews.com) радиосының қытай тіліндегі нұсқасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путин мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди кездескені туралы ақпарат шықты. Онда Нарендра Модидің мына сөзі жазылды: «Қазір соғысатын уақыт емес. Бұл туралы телефонмен сөйлескен кезімде де айттым».

Қазір Ресей билігі соғыстан бас тарта алмайды. Жеңілгенін мойын­даса, әлемдегі ықпал-беделінен айырылатыны ақиқат. Сондықтан солтүстіктегі көрші әскери қуатын арттыруды көздейді. Алайда мобилизацияға қарсы жер-жерде ереуілдер өрбіп, халық қалыс қалатынын білдіріп, жан сауғалау үшін шекара асуға ниетті. Азаттық радиосы мә­лімдегендей, 24 ақпаннан бері елге 1,6 миллион ресейлік келсе, енді тіпті көштің қарқыны артайын деп тұр. Қазір солтүстіктегі көршімен шектесетін облыстардың шекаралық пунктерінде ұзын-сонар кезек қалып­тасты. Мұны әлеуметтік желіден көріп, біліп отырмыз. ҰҚК Шекара қызметі де бұл туралы ресми мәлімдеп, төрт автомобильдік өткізу пунк­тінде кептеліс байқала­тынын рас­тады. Елдің қауіпсіздігі үшін шека­раны шегендеп, қатандату керек. Басқа жол жоқ! Экономикалық бір одаққа біріккен біздің елдің басшылары  не  шешеді  екен,  ә?!

ЖАҺАНДАНУ  СЦЕНАРИЙІ  ҚАЛАЙ  ЖҮРУДЕ?

Жаһандану! Бұл сөзді алғаш амери­калық экономист Стивен Леви­тт енгізді. Дәлірек айтқанда, 1983 жылы жаһанда саяси, экономикалық, мәдени, ақпараттық тұтасу үрдісі жүретінін болжаған еді. Содан бері жаһандануға үрке қарайтындар да, қолдайтындар  да  бар.

Негізі «глобализация» сөзінің қолданысқа енгеніне 30-40 жылдай болса да, жер-жаһанға әмірін жүргізуге деген құлық-құлшыныс ерте замандардан байқалады. Батыстан шығысқа жорық жасаған Македонский, шы­ғыстан батысқа атойлаған Шыңғысханның түпкі мақсаты тұтас құрлыққа билігін жүргізіп, үстемдік ету болды. Яғни жаһандану – атақты жаһан­құмарлардың  заманауи  жетілген  түрі.

Жалпы ғаламдануға кімдер мүдделі,  кімдерге  қолайлы?

Батыстың  статистикасына сү­йен­сек, әлем  экономикасына  ірі  500 концерн күшті  ықпал  етеді.  200-ге енетін ірі концерн әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен біріне ие. Бұл деге­ніңіз, өнеркәсіптік компаниялар, банк пен басқа да қаржы мекем­есін біріктіретін қаржылық бірлестіктер жаһанданудың қарқынды  жүргенін  қалайды.

Енді 500 концерннің елдердегі ара салмағын саралайтын болсақ, АҚШ – 55, Еуропа елдерінде 38 монополистік қаржылық бірлестік бар екен. Яғни ғаламдық экономикада АҚШ алпауыттарының салмағы басым. Ресми Вашингтонның дауысы өктем  естілуінің  сыры  осында.

Профессор Төлеуғали Қайыржанұлы: «Жаһанданудың сценарийі американдық үлгіде жүруде. Жаhанданудың мәдени динамикасы «орта­лық-шет» диллемасы контексінде жүріп жатқаны белгілі. Егер де осы диллема шеңберінде жаһандық мәдениет пен ұлттық мәдениеттің сұхбаттық қатынастарын қарайтын болсақ, одан біз міндетті түрде біржақтылық пен үстемдік үлгісінің бар екенін және бұл сұхбаттық қатынастар­дың біртекті емес екендігін көреміз. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық, аймақтық, мәдениеттердің әзірге, жоғарыда аталған объективтік жағдайларға байланысты жаһандану үрдісінің басты субъектісі бола алмайтындығына  сөзім  жетеді» деуі­нің  мәні – осында.

БҰҰ дерегінше, 1960 жылы дамы­ған елдер мен кедей елдер байлығының арасалмағы 13:1 болса, арада жарты ғасыр өтпей, 2001 жылы бұл көрсеткіш – 74:1 құрады.

Сарапшылар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері – Алжир, Ливия, Йемен, Мысыр, Марокко, Бахрейн, Оман, Судан және Кувейтті қамтыған «Араб көктемі», Сирия­дағы азаматтық соғыстың артында осы мүдделі топтардың тұрғанын айта­ды.

Мәселен, ресейлік саясаттанушы Анатолий Уткин АҚШ-тың Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы соңғы соғыстары, посткеңестік кеңістіктегі «барқыт» және «қызғылт сары» төңкерістердің бір бөлігі екенін алға тартып, АҚШ-тың «жаңа әлемдік тәртіпті» орнату стратегиясы дегенді айтады.

Мұның артында байыған үстіне байығысы келетін алпауыттардың мүддесі тұрғаны анық. Оның ішінде, Ресейдің импершіл-шовинистік саясатының астарында КСРО-ны қайта қалпына келтіру идеясы жатқаны анық. Қысқасы, АҚШ-тың да, Ресей­дің де өктем, Қытайдың дос­пейіл саясатының ығына жығылудың арты елдіктен айырудың жолы екенін  түсінуіміз  керек-ақ…

P.S. Батыстың теоретиктері жаһандану арқылы әлемнің тең дамуын қамтамасыз ету, ортақ саяси және экономикалық құрылым орнату сынды ұрандарды алға тартады. Әрі «Еуропалану – дамушы елдерде өркениетті өмір салтын орнықтырады»  дегенді  жақтайды.

Алайда  жаһандану  өріс алған сайын аштық, кедейшілік, ауру-сыр­қау, зорлық-зомбылық, соғыс басты орынға шығатынын біліп отырмыз. Өйткені алпауыт елдердің мүддесі басым, мұраты айқын, ол – әлемді уысында ұстау, жеке-дара билік ету.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: