Адамзат тарихында қомақты қаржы айналымға түскен кезеңнен бастап, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес үнемі күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі болып келеді. Бұл бағытта елімізде мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға бағытталған кешенді әрі жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Аталған саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Өйткені жемқорлық жайлаған елдің өркендеудің өрісіне шығуы қиын. Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімі ең алдымен адалдық пен заңдылық қағидаттарының сақталуына байланысты. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы орайда біздің редакция ұжымының да жүйелі де нәтижелі қызметі, бұл кеселге қарсы жүргізіп отырған табанды күресі қоғамның сенімін нығайтуда айрықша маңызға ие. Иә, бұл кеселмен күресу тек құзырлы орынының емес, барлық қоғам өкілінің басты міндеті болуы қажет.
Осы мақсатта Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында өңірде құқықтық сананы арттыруға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – өткен аптада А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Адалдық пен заңдылық: қоғамның сенімді кепілі» атты кең ауқымды форумы.
Форумның негізгі мақсаты – елдегі заң үстемдігін нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов, ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мира Бейбітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің комплаенс офицері Әлібек Жаппасбаев, сондай-ақ жастар ұйымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Форум барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары, адалдық қағидаттарын қоғам санасына сіңіру, жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері бойынша өзара пікір алмасты. Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен жауапкершіліктің маңызына ерекше назар аударылды. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, адалдық пен заңдылық қағидаттарын берік ұстанудың маңызын атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік іс-шара емес, бұл күнделікті жүргізілетін жүйелі жұмыс. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігі – қоғам сенімінің басты тірегі. Сондықтан әрбір азамат, әрбір жас заң талаптарын сақтап, адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыруы қажет. Тек мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана біз бұл індеттің алдын ала аламыз, — деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, жыл бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта белсенді жұмыс атқарған бірқатар маман түрлі аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында «Халық» газетінің тілшісі Оразкүл Бақытжанқызы да бар. Бұл – адал еңбекті бағалау мен қоғамда әділдік қағидаттарын дәріптеудің нақты көрінісі.
Форумда айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлер азаматтық белсенділікті арттыруға, жастар бастамаларын қолдауға және әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болары сөзсіз.
Жиында мазмұнды ой қозғаған спикерлердің бірі – ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мира Бейбітова. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ең алдымен мемлекеттік қызметтің сапасын арттырумен және ашықтық қағидаттарын берік ұстанумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек бақылау мен жазалау іс-шараларымен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – алдын алу, яғни адалдық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бағытта мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасы, ашық шешім қабылдау, халықпен кері байланысты күшейту аса маңызды. Әрбір мемлекеттік қызметші қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінгенде ғана әділетті және сенімді мемлекеттік жүйе қалыптасады, — деді Мира Бейбітова.
Сондай-ақ ол құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар арасында адалдық құндылықтарын дәріптеу және мемлекеттік қызметке деген сенімді нығайту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Осылайша, адалдық пен заңдылықты қоғам өмірінің басты құндылығы ретінде орнықтырудың маңызы кеңінен тарқатылған тағылымды форум өз мәресіне жетіп, көпшілікті ортақ жауапкершілікке үндеген мазмұнды ойлармен түйінделе отырып, рухани әсерге толы концерттік бағдарламаға ұласып, тағдырлы мәселелерге бейжай қарамау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!