Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заңды мақұлдау – қабылдау емес

13.11.2025, 6:00 109

HALYQLINE.KZ

Жақында Парламент Мәжілісінде «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы қызу талқыланды. Бұл тақырыпқа барынша назар аударуымыз заңның халықтың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайына тікелей әсер ететінімен байланысты. Алайда кейбір БАҚ өкілдері мен блогерлер асығыстық танытып, «заң қабылданды» деген ақпарат таратты. Шын мәнінде, заң жобасы қабылданған жоқ, ол тек бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Сондықтан мәселені басынан түсіндіріп өткен жөн сынды.

Қазақстанда заң жобасын ұсынудың екі тетігі бар.

Біріншісі – Үкіметтің бастамасы арқылы енгізіледі.

Екіншісі – Мәжіліс депутаттарының заң шығару бастамасы ретінде қаралады.

Парламент Мәжілісіне заң жобасы келіп түскен соң, оны қарауға жауапты салалық комитет айқындалады. Сол комитеттің шешімімен жұмыс тобы құрылады. Оның құрамына депутаттармен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар және сала мамандары кіреді. Осылайша заң жобасын жан-жақты талқылау және пысықтау процесі басталады.

Комитеттің жұмысы барысында дөңгелек үстелдер, тыңдаулар, көшпелі отырыстар ұйымдастырылады. Кейде бір заң жобасын талқылау 40-50 отырысқа дейін жалғасып, оның пысықталуы бір жылдан астам уақытты қамтуы мүмкін. Тіпті кейбір заң бірнеше шақырылым бойы қаралып, жетілдіріліп отырады. Бұл да – заң шығару тәжірибесінде кездесетін қалыпты құбылыс.

Заң жобасы толық пысықталғаннан кейін Мәжілістің пленарлық отырысына бірінші оқылымда қарауға шығарылады. Мұнда депутаттар өз көзқарастарын білдіріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Егер көпшілік қолдаса, заң жобасы екінші оқылымға өткізіледі.

Бірінші оқылымнан кейін жұмыс тобы өз жұмысын қайта жалғастырып, депутаттар мен Үкіметтің барлық ескертуі мен ұсыныстарын саралап, түпкілікті редакциясын дайындайды.

Екінші оқылымда құжат егжей-тегжейлі талқыланып, Мәжіліс мақұлдаған соң заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.

Сенат депутаттары да заң жобасын мұқият қарап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізеді немесе оны Мәжіліске қайтарады. Егер Сенат құжатты мақұлдаса, заң жобасы Президентке қол қоюға жолданады.

Президент қол қойған күннен бастап заң қабылданды деп саналады.

Алайда бұл – оның бірден күшіне енді деген сөз емес. Көп жағдайда заңда «күшіне ену мерзімі» нақты көрсетіледі. Яғни, кейбір заң ресми жарияланған соң он күннен кейін, ал кейбірі белгілі бір күннен бастап ғана күшіне енеді.

Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі пайдаланушылары заң жобаларына қатысты хабар таратқанда аса мұқият болуы тиіс.

«Заң қабылданды» немесе «күшіне енді» деп жазбас бұрын, оның қай инстанцияда екенін, яғни Мәжілісте ме, Сенатта ма, әлде Президенттің қол қою кезеңінде ме – соны нақтылап алған жөн.

Бұл – ақпараттың дәлдігі мен қоғамның құқықтық мәдениеті үшін маңызды.

Заң шығару процесінің әр сатысы – мемлекеттің саяси жауапкершілігі мен демократиялық ашықтығын айқындайтын тетік екенін ұмытпайық!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: