Әне-міне дегенше, тышқан жылының 3 айға жуық уақытын «жеп» қойдық. Жыл басында қағазға қатталған жоспарларды жүйелеп, іске асыратын уақыт та жетті. Анығын айтсақ, жергілікті билікте бұрқ-сарқ қайнаған тірліктің қызған шағы. Шаруа шаш етектен. Әйтсе де, облыста ең маңызды салаларды тізгіндейтін басшылар табылмай тұр. Біршама уақыттан бері облыстық білім, ауыл шаруашылығы, спорт басқармасындағы «кресло» өз иесін күтуде. Өңір басшысы Қуанышбек Ысқақов кадр мәселесін қалай шешпек?
Мелдебекова – министрлікте
Облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Майра Тұрғанбайқызын Қырымбек Көшербаев облысқа әкім боп тұрған тұста аттай қалап алдырған. Ол оған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінде әжептәуір қызметті атқарған еді. 2018 жылдан бері облыстың бас ұстазы болған ол Қуанышбек Ысқақов ел алдында есепті жиын өткізген күні қызметінен кетті. Шамасы, жылды қорытындылап барып, жаңа қызметке кірісуді жөн көрсе керек. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы болып тағайындалды. 20 ақпаннан бері бас педагогтің орны бос тұр. Алдағы үш айда оқу жылы тамамдалатынын ескерсек, білім басқармасында атқарылуға тиісті жұмыстың көп екенін байқаймыз. Ал оны аймақ басшысы кімге жүктейді? Сұрақ сол…
Азатұлы да ауысты
Көшербаев алдырған кадрдың бірі – Олжас Акимов. Ол облыстық спорт басқармасы басшысы қызметін 2017 жылдың тамыз айынан бастап 2020 жылдың 19 ақпанына дейін атқарды. Акимовтың қызметі көтерілмесе, түскен жоқ. Облыстық басқармадан ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне барды. Айтпақшы, биыл Токио төрінде Олимпиада ойындары өтеді. Одан бөлек, ірілі-ұсақты қаншама халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде спорттық шараларды ұйымдастыру қажет. Бұдан бөлек, футболдан ҚР Премьер-лига ойындары басталды. Қысқасы, спорт басқармасына келетін басшыны қыруар шаруа күтіп тұр.
Амангелдіұлы Шиеліге аттанды
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын небәрі 5 айдай басқарған Қамбарбек Мүбараков Шиелі ауданына әкім боп тағайындалды. Дәл қазір күрішті өңірде көктемгі дала жұмыстары басталып та кетті. Биыл сырбойылық диқандар 183,1 мың гектар жерге егiс егуді жоспарлап отыр. Оның 88,2 мың гектарына Сыр маржанын сеппек. Жалпы, асырушы салаға артылған сенім жоғары. Сол сенімге селкеу түсірмейтін кадрды облыс әкімі қайдан таппақ?
Екі-үш аптадан бері бос тұрған басшылық қызметке кімдер алынады? Қадіріңді өсіретін қарамағыңндағы кадр екенін ескерсек, Қуанышбек Ысқақов соның ыңғайын таба ала ма? Айтпақшы, «Президенттік жастар кадр резерві» қатарына қызылордалық 11 жас өткен еді. Мүмкін солардың бірі келіп қалар…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!