Өздеріңізге белгілі, ҚР Премьер министрінің орынбасары Е.Тоғжанов жұмыс сапарымен Сыр өңірінде болды. Вице-министрдің төрағалығымен өткен жиында аймақ басшысы Қ.Ысқақов қытайлық мамандарға байланысты өз пікірін білдірді.
Нақты айтатын болсақ, облыс әкімі бұл жиналыста қазіргі коронавирус дертінен және мұнай бағасының құлдырауынан аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетін жайттарға тоқталып өтті. Яғни, экономикалық мәселелерге мән берілді. Мысалы, өткен жылы өңірімізге 400 млрд. теңге инвестиция тартылды. Соның есебінен облыс көлемінде қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Биылғы жылға да аса мол көлемдегі инвестиция тарту межеленген болатын. Облыс әкімі Қ.Ысқақов ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа осы қаржының әлемдік қиындықтарға орай келмей қалу қаупін жеткізді. Бұл жиналыстың мақсаты мұнай және осы салаға қызмет көрсету компанияларындағы жұмыс орындарын қысқартпау, жаңа жұмыс орындарын ашу болды.
Жиналыс барысында 300 маман туралы әңгіме мүлдем көтерілген жоқ. Бұл – қате ақпарат. Себебі, бүгінгі таңда шыны зауытының жұмысын аяқтау үшін қажетті 160 инженер-маман рұқсат алғанымен, коронавирусқа байланысты шекарадан өткізілмеуде. Қазақстанда, оның ішінде ТМД елдерінде мұндай зауыт құрылысы бұған дейін болмағандықтан шетелдік мамандардың күшіне жүгінбеу мүмкін емес. Ал «Чайна триумф интернейшнел» компаниясы – шыны индустрия саласындағы әлемдегі озық компаниялардың бірі. Қазіргі таңда құрылыс алаңында инвестициялық келісімшарт бойынша сол компанияның 121 қызметкері жұмыс істеп жатыр.
Цемент зауытында ҚХР-ның 35 азаматы жұмыс істейді. Солардың 27-сі желтоқсан айында өз елдеріне еңбек демалысына кеткен. Енді шекараның жабық болуына байланысты зауыт басшылығы өндірістік процесті бейнебайланыс арқылы ұйымдастыру шараларын қабылдауда. Бұл жұмыстар үшін Қазақстан аумағындағы қосымша мердігер компаниямен келісімшарт жасау жоспарланып отыр.
Жалпы, екі өндіріс ошағының іске қосылып, жұмыс істеуі – облыс үшін аса маңызды шаруа. Сол арқылы аймақта экономикалық тұрақтылық орнайды, жергілікті мыңдаған тұрғын еңбекпен қамтылады. Ал шыны зауытының болашақта шығаратын өнімдері елімізде, тіпті шетелде де үлкен сұранысқа ие болады. Тұрақты жұмыс істеп тұрған цемент зауытының да мүмкіндіктері мол. Облыс әкімі осы өндірістердің ошақтарының маңыздылығын ескеріп, мәселені Үкімет деңгейінде көтерді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!