Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Уәж орынды ма, айып негізсіз бе?

03.09.2020, 10:40 1243

ФАКТІСІ   ЖОҚ   «ҚАРЖЫ   ЖЫМҚЫРУ»

Елге елеулі еңбек ететін де, жұ­мыс­тың жүйелі түрде атқарылуына жауап беретін де – мемлекеттік қызметкерлер. Ал олардың заңға бағына отырып, қызмет жасауы – ең басты міндет. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалап отыраты­н ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда об­лысы бойынша департаменті Әдеп кеңесі­нің отырысы өтті. Оған 7 мәселе ар­қау  болды.

Жиында Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, авто­мобиль жолдары және тұрғын үй инспек­циясы бөлімі басшысының орынбасары А.Рысбектің тәртіптік ісі қаралды. Оған себеп –Қызылорда қаласының прокуратурасымен «Жұ­мыспен қамтудың 2020-2021 жылдар­ға арналған жол картасының» іске асырылуы барысында заңдылықтың сақталуына қала прокурорының өкімімен құрылған мониторингтік топпен қарсы тексерулер арқылы монито­рингтің жүргізілуі. Прокуратура өкілдерінің уәжіне сүйенсек, мердігерлермен ұсынылған атқарылған жұмыстар актісіне сәйкес нысандар бойынша жұмыстар толық атқарылмағаны, мүлдем атқарылмағаны және аяқталған нысандар тапсырыс берушімен қабылданбағаны анық­талған. Тапсырыс беруші бөліммен Қызылорда қаласы С.Бейбарыс көшесі бойындағы көлік айрығының суағарына күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге «СК Монтаж» ЖШС-мен №321 келісімшарты жасал­ған. Осы ретте келісімшартқа сай  30 пайыздық аванстық төлем сомасы 19,8 млн теңге аударылған. Бүгінгі күнге дейін мердігер мекемемен мүлдем жұмыстар атқарылмай, келісімшарттан бас тартылған. Одан өзге қалалық прокуратурамен қала аумағындағы 9 көше бойынша тро­туарлар, 30 ойын алаңдарын орнату және жолдар­ға орташа жөндеу жұ­мыстары бо­йынша мониторинг жүр­гізілген. Тексеру жұмыстары бойынша 7 нысанда талаптардың сақталмағаны кеңестің өзекті тақырыбына айналды. Өйткені, тәртіптік ісі қаралып жат­қан А.Рысбек мұндай қорытындымен мүлде  келіспейтінін  айтты.

– Біріншіден, бұл жүргізілген тексе­ру жұмыстарымен мүлде келіспеймін. Өйткені, дәл сол тексерістің құрамында мен болған жоқпын. Екін­шіден, көшелердің бастан-аяқ қаралғанына күмәнім бар. Бұл – енді басталған жұмыс. Ортасына да, аяғына да жеткен жоқ. Әлі игерілмеген қаржысы да бар. Ал аударылған қаржы – осы уақытқа дейін істелген жұмыстың ғана құны. Сондықтан тағыл­ған айыпты негізсіз деп есептеймін және қайта қарауды сұраймын, – деді.

Прокуратура өкілдерінің тағылған айыпты ашып, сараптауға дәлелдері жеткіліксіз екенін кеңеске қатыс­қандардың дені алға тартты. Оның үстіне аяқталмақ түгілі әлі ортасына жетпеген, аяқтауға уақыты бар, қаржы жымқыру фактісі жоқ істі тәртіптік кеңесте қарауға қарсылық білдіргендер де болды. Сөйтіп, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің бір­ауыздан шешім қабылдауымен тәр­тіптік  іс тоқтатылды.

Әдеп кеңесінде қаралған келесі мәселе тым күрделі. Бұған дейін дәл осы үстелде бірнеше мәрте қаралып, сотқа жолданып, тіпті соттың шешімі шыққан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бо­йынша департаментіне 2020 жылдың 13 наурызында «Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығ­ы» ШЖҚ МКК директоры К.Тлеули­евтің өтініші бойынша  ҚР  ҰЭМ Бәсекелестікті дамыту және қорғау комитетінің Қызылорда облысы­ бойынша департаменті басшысы Ерсін Орынбаевтың әрекетіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді. Онда департаменттің лауазым­ды тұлғалары тарапынан мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол берілгендігі айтылып, олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау сұралған. Атап айтқанда, департамент тарапынан кәсіпорыннан стоматологиялық қызметті жүзеге асыруды тоқтату талап етілген. Алайда Қызылорда облысының мамандандырылған аудан­аралық  экономикалық сотының  2020 жылғы 23 қаңтардағы №4360-19-00-2/3248 шешімімен аталған депар­таменттің 2019 жылғы 11 қа­зандағы №1 нұсқамасының күші жо­йылып, заңсыз деп танылған. Сондай-ақ, аталған сот шешімінде осы мәселе бойынша бұған дейін сот органдарымен қаралып анықталған мән-жайлар көрсетілген. Нақтысы, сот шешімінде кәсіпорынның стоматологиялық қызметпен айналысуына рұқсат берілген лицензияның қолданысы тоқтатылмаған және қолданыстағы құқықтық актілермен кәсіпорынға тыйым салынбағандығы дәлелденген. Департаменттің заңмен тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметпен айналысуды тоқтатуды талап ету құзыреті қарастырылмағандығы көрсетілген себептерге байланысты бұл істі де тоқтатып, күн тәртібінен алып тастауға шешім қабылданды.

КАРАНТИН   КЕЗІНДЕ  ТУҒАН   КҮН   ТОЙЛАП…

Келесі мәселеде бір емес, бірнеше мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі қаралды. Оған төрт мемлекеттік қызметшінің карантин кезінде туған күн кешіне барып, карантин талап­тарын бұзған әрекеттері жүк болды. Түсінікті болу үшін айта кетейік, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы Ғалымжан Күлбаев, Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеумет­тік  бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Жандос Әбенов, Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы Нұр­сұлтан Сейтхасимов, Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Дінмұхамед Марданаев Жуантөб­е  ауылдық  округіне  қарасты Алғабас ауылының тұрғыны Н.Сүлейменованың жеке үйінде бол­ған қуанышына ортақтасқан. Осы жайт туралы «Ағалық болашақ» қоғамдық қорының жетекшісі Әл­қожа Балқожаев «YouTube» каналына «Қызылорда облысы халықтың басына­ түскен ауыртпашылықты тойлауда ма?» деген тақырыппен жүктеген бейнежазба жариялаған. Осылайша аталған тұлғалар өздерінің іс-әрекеттерімен желі қолданушы­лары тарапынан сыни пікірлердің туынд­ауына себепкер болған. Тиісті тергеп-тексеру жұмыстары жүргізі­ліп, оқиғаның жай-жапсары толық анықталған. Тәртіптік ісі қаралып жатқан тұлғалардың түсінігі тыңдалып, Әдеп жөніндегі кеңес мүшеле­рінің шешімімен Ғ.Күлбаевқа «сөгіс», Ж.Әбенов, Н.Сейтхасимов, Д.Марданаевтарға «ескерту» түріндегі тәртіптік  жаза  қолдану  ұсынылды.

Ал Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінің әкімі Э.Бердалие­ваның ісін қарауға «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған жазба себеп болған. Желі пайдаланушысы С.Тұрлыбекова «Мемлекеттік қызметшілерге жаза жоқ па?» деген тақырыппен Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылдық округінің әкімі Э.Бердалие­ва карантин режиміне қарамастан табиғ­ат аясына демалыс орнына көпшілікпен барғаны, көпшілік шоғырла­нған жерде санитарлық бетпердесіз отырғандығын айтқан. Әлеу­меттік желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсіп, түрлі сыни пікірлер жазылған. Мемлекеттік қызметке келгеніне небәрі 9 ай ғана уақыт болған ауыл әкімі Э.Бердалиева  Әдеп жөніндегі кеңес хатшылы­ғына берген түсінігінде 2020 жылдың 8 тамызында Д.Бекболатованың ұйымдастыруымен туған күн кеші өткенін, сол отырысқа шақырғандықтан қатысқанын, үй иесі дастарқанға ішімдік қойғанын, алайда ол ішімдікті ешкім ішпегенін көрсеткен. Сонымен қатар, тамақ ішу үшін бетперделерін шешіп отырғанын айтқан. Карантин режимін бұзғанын білеті­нін және өкінетінін, алдағы уақытта қайталамауға уәде еткен. Осы және өзге де жайттар ескеріле отырып, Кеңес­ мүшелері Қандөз ауылдық округі­ әкімі Э.Дәрібайқызына «ескер­ту» түріндегі тәртіптік жаза  лайық деп шешті.

ТӘРТІПТІК   ЖАЗАЛАРЫ  ҚАЙТЫП   АЛЫНДЫ

Сонымен, Әдеп кеңесі мінберінде­ қаралған жеті мәселе «ескерту», «сөгіс» және «тоқтату» секілді шешім­дермен аяқталды. Ал бұған дейін дәл осы мінберден істеген ісін өкінішпен баяндаған тәртіптік жаза иеленушілер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, Қызылорда облысы денсау­лық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаковқа, Жаңақ­орған ауданы әкімі аппаратының басшысы Абибулла Абдуллаев­қа, Жаңақорған ауданы әкімі аппа­ратының мемлекеттік құқықтық жұмыс­тар бөлімінің бас инспекторы Жәнібек Асылбайұлына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілген еді. Әдеп жөніндегі кеңес­тің қарауына аталған тұлғаларға енгізілген тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныс түскен. Басым дауыс­ беру қорытындысымен ұсы­ныстар  толық  қанағаттанды­рылды.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Қармақшы ауданы әкімі Мұса Қалдарбековтың, Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі тәр­тіптік комиссиясының жартыжылдықта атқарған жұмыс есебі тыңдалды. Баяндама негізінде Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес­тің  төрағасы Н.Талқанбаев тиісті тапсырмалар  берді.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: