Мемлекет басшысы өткен жылы Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуы тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деп атап өткен болатын. Міне, көптен күткен Ұлттық құрылтай кеше Алаштың анасы – Сыр өңірінде өтті.
Тарих төңірегінде тізгін тартсақ, Ұлттық құрылтай Қызылорда жерінде екінші рет өтіп отыр. Алғашқысы осыдан тура бір ғасыр бұрын осы топырақта өткен. 1925-1929 жылдары Қызылорда ел астанасы болып, қазақ мемлекеті жаңа кезеңге аяқ басты. Сол жылдары қабылданған шешімдер ұлттың болашағына тікелей әсер етті. 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі өтіп, халқымызға тарихи «қазақ» атауы қайтарылды. Сондай-ақ Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданды. Алаш зиялылары Сыр бойына келіп, қысқа уақыттың ішінде ел үшін үлкен іс атқарды. Қызылордада Үкімет үйі салынды, алғашқы газет-журналдар жарық көрді, тұңғыш ұлттық театр ашылды.
Хош. Енді бір ғасыр өткен соң, Ұлттық құрылтайдың дәл осы тарихи өңірде қайта өтуі заңды әрі мәнді. Қызылордадағы бұл жиында да ел дамуына қатысты өзекті мәселелер қозғалды, мемлекет болашағына әсер ететін шешімдер сөз болды. Сыр бойы тағы да елдік әңгіменің ортасына айналды.
СЫР ЕЛІНДЕГІ ЖИЫННЫҢ ТАРИХИ МӘНІ БАР
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Ұлытау, Түркістан, Атырау, Көкшетау өңірлерінде өткен алдыңғы жиындарды еске салып, қасиетті Сыр елінде бас қосудың символикалық мәнін атап өтті.
«Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар», — деді Президент.
Расында, Сыр өңірі – қазақ халқының тарихи шешімдері қабылданған құтты мекендерінің бірі. Мұндағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент сынды көне қалалардың жұрнағы ежелден бұл аймақта өркениеттің дамығанын аңғартады. Қызылорда қаласының өзі – осы тарихи сабақтастықтың жалғасы.
Сыр елі, сондай-ақ, руханият пен еңбектің өрісі ретінде танымал. «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайтынын еске салған мемлекет басшысы бұл өлкенің Қорқыт атадан бастау алған жыраулық дәстүрі мен өнерін, Жиенбай, Нұртуған, Нартай сияқты даңғайыр жыршы-жырауларды тілге тиек етті. Кеңес дәуірінде осы аймақтан жүзге жуық Еңбек Ері шыққаны, атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың есімі халыққа еңбек символы болғаны атап өтілді. Бүгін де Сыр бойының өрендері аға буын даңқын жалғап, ел дамуына лайықты үлес қосып келеді. Президент Қызылорданың соңғы жылдары қарқынды өркендеп, аймақ экономикасының өсімі былтыр 6,5%-ға жеткенін, үш жыл ішінде өңірге 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылғанын айтты. Осылайша, тарихи һәм стратегиялық маңызы бар Сыр өңірінде Ұлттық құрылтай өткізу елдің өткені мен бүгіні арасындағы сабақтастықты паш етеді.
ЕЛІМІЗДЕ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫ ПАЙДА БОЛАДЫ
Құрылтай мінберінен Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды бастамасын жария етті. Соның ең бастысы – Қазақстан Республикасында вице-президент лауазымын енгізу ұсынысы. Президент Ұлттық құрылтайда елімізде вице-президент институтын қалыптастыру керектігін мәлімдеді. Вице-президентті Мемлекет басшысының өзі тағайындайды деп көзделуде. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл лауазымның ауқымын айқындап, оның функциялары Конституцияда көрсетілуі тиіс екенін айтты.
«Жоспар бойынша вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерін халықаралық форумдарда, мемлекетаралық келіссөздерде танытады, Президент атынан Парламентпен өзара іс-қимыл жүргізеді, сондай-ақ отандық және шетелдік ұйымдармен байланыс жасайды. Осы негізгі ережелер, яғни вице-президенттің қызметтік функционалы Конституция мәтінінде көрініс табуы тиіс», — деді Тоқаев.
Жаңа лауазым ел басқару жүйесін жетілдіріп, мемлекет жұмысының сабақтастығын қамтамасыз етуді көздейді.
Президент ұсынған келесі саяси жаңалық – мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жағдайында биліктің ауысу тәртібін нақтылау. Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға Президент өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтатса, екі ай ішінде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы норма енгізуді ұсынды.
«Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтуі тиіс деген норманы негізгі заңда нақты бекіту қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін өзгермейтін, маңызды ұстаным», — деп түсіндірді ол.
Осылайша, «билік сабақтастығы сайлау арқылы ғана қамтамасыз етілуі керек» деген принцип Конституциялық деңгейде бекітілмек. Мұны президент ел тұрақтылығы үшін өміршең қағида деп санайды.
Сонымен қатар, Құрылтайда цифрлық инфрақұрылым мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы ойлар айтылды. Президент цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негіздерін Ата заңда нығайтуды ұсынды. «Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заңмен қорғалатыны нақты айтылуы қажет деп санаймын» деді Тоқаев. Яғни, цифрлық заманда әр азаматтың жеке дерегі мемлекеттің қамқорлығында болып, заң жүзінде қорғалады. Сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жай айтылып ғана қоймай, бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктейтін стратегия екені баса атап өтілді. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр» деді Мемлекет басшысы. Мұндағы басты талап – цифрлық технологияларды мемлекеттік басқаруға батыл енгізіп, оның нақты нәтижелерін халық сезінуі тиіс. Президенттің айтуынша, цифрлық жаңашылдық шешім қабылдау мерзімін қысқартып, қызмет сапасын арттыруға бағытталуы керек.
Бұл бастамалардың барлығы саяси басқару жүйесін заман талабына сай бейімдеуге негізделген. Вице-президент институты билік тұрақтылығын арттыруға қызмет етсе, кезектен тыс сайлау тәртібін конституциялық бекіту елдегі легитимді мұрагерлікті қамтамасыз етпек. Ал цифрландыруды конституциялық деңгейде нығайту заманауи мемлекет құру жолындағы маңызды қадам, цифрлық технологиялар арқылы ашықтық пен тиімділікті арттыруға сеп болатыны сөзсіз.
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ, БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ, БІЛІМ және ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ХАҚЫНДА
Құрылтай отырысында қоғамды алаңдатқан әлеуметтік түйткілдер де назардан тыс қалмады. Соның ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен балалардың қауіпсіздігі тақырыбы өткір көтерілді. Президент жақында бүкіл елдің жағасын ұстатқан қайғылы оқиға бойжеткен Нұрайдың өліміне әкеп соқтырған қыз алып қашу фактісіне қатысты өз көзқарасын ашық білдірді. Мемлекет басшысы осы қылмысты жан-жақты тексеру үшін Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға тапсырма бергенін хабарлады.
«Қыз алып қашу, адам ұрлау деген – бұл ұлтымыздың мәнеріне нұқсан келтіретін, өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке ешқашан жол беруге болмайды», — деді Президент.
Құрылтайға жолданған 130-дан астам өтініштің осы мәселеге қатысты болуы да жұртшылықтың жанайқайын көрсетеді екен. Президенттің қатал позициясы қыз алып қашу сынды әрекеттерге құқықтық тосқауыл қойып, әйелдердің құқығын қорғауды күшейту қажеттігін аңғартты.
Жиында балалар құқығы мен қауіпсіздігі, білім беру жүйесі де басты назарда болды. Президент әйелдер құқығын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалғанын айтып өтті. Мәселен, соңғы уақытта «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама әзірленіп, бала құқықтарын қорғауға бағытталған барлық шара осы құжат аясында топтастырылғаны хабарланды. Мектептегі тәрбие бағдарламасы жетілдіріліп, өскелең ұрпақты зияткерлік әрі жан-жақты дамыту ісіне көңіл бөлінгенін атап өтті. Балалардың білім алу және қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені құрылтай талқылауларында бірнеше рет қозғалды. Президент сондай-ақ лудоманияға және нашақорлыққа қарсы күрестің басталғанын, ұрпақ болашағына зиян тигізетін кеселдерге тосқауыл қойылатынын айтты.
Әлеуметтік қорғау шаралары мен жалпы әлеуметтік саланың жайы да талданды. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарламалардың орындалуын жіті назарда ұстайтынын көрсетті. Ол денсаулық сақтау саласын мысалға келтіріп, мемлекет бөлген қомақты қаржының мақсатты жұмсалуына алаңдаушылық білдірді.
«2024-2025 жылдары тек денсаулық сақтау саласын дамытуға ғана мемлекет 7,8 триллион теңге бөлді. Бұл аз қаржы емес. Мұны қалай түсіну керек? Мемлекеттің білім мен денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындары, ең алдымен, азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс», — деп Президент әлеуметтік сектордағы қаражаттың талан-таражға түсуіне қынжылыс білдірді.
Яғни, бөлінген әр теңге халық игілігіне қызмет етуі керектігін қадап айтты. Сонымен бірге, мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, көпбалалы отбасыларды қорғау, жастарды жұмыспен қамту секілді бағыттарды да ұмытпайтыны Құрылтайда айтылған ұсыныстардан байқалды. Жалпы, қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты мемлекет саясатының өзегі болып қала береді және бұл бағытта қоғам талабына сай нақты шаралар жалғасын табады.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМЫТУ ҮШІН ИНФЛЯЦИЯНЫ ТҮСІРУ КЕРЕК
Ұлттық құрылтай отырысында елдің экономикалық даму мәселелері, әсіресе инфляцияны ауыздықтау, салық реформасы, инвестиция тарту және бизнес пен логистиканы дамыту жайы кеңінен талқыланды. Президент өз сөзінде экономикадағы басты міндет – сапалы әрі тұрақты өсімді қамтамасыз ету екенін атап көрсетті. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен инфляция деңгейін түсіру қажет. «Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – сапалы экономикалық өсімнен айырылып қалмау. Осы мақсатта инфляцияны төмендету бойынша жұмыс басталды» деді Тоқаев. Шынында, соңғы жылдары жаһандық дағдарыстар салдарынан азық-түлік пен тұтыну тауарлары қымбаттап, халықтың тұрмысына салмақ түскені мәлім. Президенттің инфляциямен күреске айрықша тоқталуы – баға тұрақтылығын орнатып, халықтың сатып алу қабілетін қорғауға деген саяси жігердің белгісі. Үкімет қазірдің өзінде инфляцияны белгілі межеге төмендету бағытында кешенді шараларды бастаған.
Салық жүйесін жетілдіру тақырыбы экономикалық күн тәртібіндегі маңызды дүние болды. Президент биыл күшіне енген жаңа Салық кодексіне қоғам тарапынан түскен орынды ұсыныстарды мұқият қарастырып, қажет болса өзгерістер енгізу керектігін ашып айтты. «Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан барлық орынды, конструктивті ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек» деді Мемлекет басшысы. Яғни, салық саясаты бизнес пен халық мүддесіне сай жетілдірілуі тиіс. Сондай-ақ Тоқаев экономикалық блок басшыларына сын айта отырып, кәсіби кадрларды жасақтау, экономистер мен қаржыгерлердің біліктілігін арттыру қажеттігін меңзеді. Салық саясатының әділ, болжамды болуы шағын және орта бизнестің дамуына жол ашатыны белгілі. Сондықтан құрылтай мінберінен салық жүйесін тұрақты түрде қоғам талқысынан өткізіп тұру ұсынысы – биліктің халық үнін ескеруге дайын екенінің көрінісі.
Жиында елге инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де талқыланды. Президент жаңа инвестициялық цикл басталғанын, экономиканы әртараптандыру үшін батыл шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан экономикасының көлемі алғаш рет 300 млрд доллардан асып, Ұлттық қордың валюталық активтері 5 млрд долларға көбейген. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға жуықтап отыр. Мұндай көрсеткіштер – іскерлік белсенділіктің айғағы. Құрылтай барысында кәсіпкерлер несиесіне қатысты, бизнесті қолдаудың тиімділігін арттыру жайлы ұсыныстар да айтылды. Мысалы, кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиемен қамту, мемлекет қолдауының қайтарымын жыл сайын цифрлы платформалар арқылы талдап отыру керектігі ұсынылды. Инвестиция мен бизнес климатын жақсартуға бағытталған бұл ұсыныстар биліктің құлағына жетіп, нақты шаралар жоспарына енетіні сөзсіз. Тоқаев сондай-ақ экономика мен бизнесті жаңа ережелерге көшіру жүріп жатқанын атап, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға фискалдық саясатта теңгерімді ұстаным қажеттігін ескертті.
Логистика және инфрақұрылым тақырыбы назар аудартады. Қазақстанның геостратегиялық орнына сай халықаралық транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейту мақсатында көлік инфрақұрылымын жаңғырту керектігі айтылды. «Автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жабдықтау – маңызды міндет. Бұл Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттік дәліз рөлін күшейтеді, облыстар арасындағы байланысын жақсартады» деді Президент. Мысал ретінде, ұзақтығы 400 шақырымға жуық «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталатыны да құрылтай мінберінен жария етілді. Сонымен бірге, әуе қатынасын дамыту бойынша да сындарлы пікір айтылды. Еліміз әлі күнге Еуразиядағы жүк авиациясының орталығына айнала алмады, бұл қателік екенін айтқан Тоқаев жүк авиатасымалы үшін нақты стратегия қажеттігін алға тартты. Қазіргі кезде жүк авиациясын дамыту міндеті теміржол компаниясына жүктелгенін сынға алып, егер Үкімет бұл шаруаны үйлестіре алмаса, оны жеке секторға беру керектігін ескертті. Яғни, логистика саласында батыл реформалар жасауға дайын болу қажеттігі байқалады.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Қызылорда-Ақтөбе» автожолы батыс пен оңтүстікті жалғайтын стратегиялық бағыт саналатынын, алайда жолдың тарлығы мен апат қаупі өңірлік байланысты әлсіретіп отырғанын тілге тиек етіп, осыған байланысты аталған бағытта төрт жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қызылордаға келіп тұрып, Арал теңізі мәселесін айналып өту мүмкін емес екенін атап өтті. Жылдар бойғы жүйелі жұмыстың нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалуға қол жеткізілгенімен, теңіздің болашағы көрші елдердің су саясатына да тәуелді екені айтылды. Осы орайда Президент су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі келісімдер мен су дипломатиясын күшейту Арал тағдырын шешудің негізгі тетігі екенін жеткізді.
Жалпы, экономикалық блогтағы шешімдердің түпкі мақсаты – тұрақты өсім, халықтың әл-ауқатын арттыру және Қазақстанды өңірдегі экономикалық жетекші күшке айналдыру.
БҰЛ ҚҰРЫЛТАЙ БҰРЫНҒЫ ҚҰРЫЛТАЙДАН ӨЗГЕРЕК
Ұлттық құрылтай биыл бесінші рет өтіп отыр және осы уақыт ішінде қоғамдық диалогтың ұтымды алаңы ретінде өзін танытып үлгерді. Президент Тоқаев құрылтай жұмысына жоғары баға беріп, оның ел өміріндегі реформалардың қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеді. «Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді» деді Мемлекет басшысы. Осының өзі – Құрылтайда туған идеялардың нақты іске асырылуына жол ашылғанының дәлелі. Мысалы, былтырғы құрылтай жиынында елдің ішкі саясатының тұғырын қалыптастыратын құжат қабылдау бастамасы көтеріліп, көп ұзамай Қазақстан Республикасының ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен құндылықтары бекітілді.
Айтпақшы, Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы басқару жүйесін жаңғыртуға қатысты тағы бір шешімді жариялады. Президенттің айтуынша, қазіргі Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымның бір бөлігімен қатар Мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылуы тиіс. Сонымен бірге, елде Халық кеңесін құру туралы бастама көтерілді. Бұл жаңа құрылым Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың тәжірибесін біріктіре отырып, қоғамдық диалогты жаңа деңгейге шығаруға бағытталмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай өзгерістер мемлекетті басқару жүйесін тұрақтандырып, билік институттары арасындағы айқындықты күшейтетінін атап өтті.
Құрылтай халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының нақты іске асу алаңына айналды деуге болады. Жыл сайын құрылтай отырысына қоғамның түрлі өкілі – зиялы қауым, ардагерлер, кәсіпкерлер, жастар, өңір активі қатысып, өз пікір-позицияларын ашық білдіреді. Қоғам өкілдері мен билік арасындағы ашық диалог дәстүрі қалыптасты. Бұған дейінгі жиындарда әлеуметтік саясат, өңірлердің дамуы, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау, білім беру саласының түйткілдері сияқты сан алуан мәселелер талқыланып, қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сол арқылы мемлекеттік органдармен тікелей әрі ашық диалог орнады. Құрылтай отырыстары тек пікір алмасу ғана емес, ел дамуына ықпал ететін нақты шешімдер пісіп-жетілетін қоғамдық институт ретінде орнығып келеді. Мысалы, өңірлік даму, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты жөніндегі көптеген бастама құрылтай талқысында шыңдалып, мемлекеттік бағдарламаға ұласты.
Құрылтайда ірі саяси реформалармен қатар, қоғамдық ойды қалыптастыратын кәсіби журналистердің мәселесі де көтерілді. Ақпарат тасқыны күшейген қазіргі кезеңде отандық медианың рөлі мен жауапкершілігі арта түскені атап өтілді. Осы орайда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова Мемлекет басшысына БАҚ-ты жүйелі қолдау туралы ұсыныс айтты. Ол сырттан келетін ақпарат көлемінің ұлғайып бара жатқанын, оқиғалардың мазмұнын өзіміз айқындап, түсіндіру логикасын сыртқа бермеу қажеттігін жеткізді. Сонымен бірге медиасауаттылықты күшейту қоғамды жалған ақпарат пен сыртқы манипуляциядан қорғаудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Қиындықтарға қарамастан, отандық БАҚ шынайы әрі сапалы ақпаратқа деген сұранысты қамтамасыз етіп отырғаны да айтылды.
Бұл жолғы Қызылордадағы құрылтай да кең қоғамдық резонанс туғызды. «Құрылтай – халық пен биліктің тікелей үнқатысу мінбері, бүкіл қоғамның мазмұнды диалогы» деген тұжырым бекіді десек қателеспейміз. Президент көтерген бастамалар мен құрылтайда айтылған ұсыныстар – халықтың талап-тілегінің бір парасы. Осы ұсыныстарды іске асыру үшін арнайы Конституциялық комиссия құрылатыны да хабарланды. Яғни, құрылтайда талқыланған әрбір идея жоғарғы деңгейде қолдау тауып, тетігі қарастырылмақ.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің айнымас бөлшегіне айналды. Сыр еліндегі V құрылтай да тарихи сабақтастығы мол өңірде өтіп, маңызды бастамалармен ел дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Алқалы жиында көтерілген мәселелер мен қабылданатын шешімдер алдағы уақытта Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының жолында мықты негіз болары анық. Көпті қобалжытып, уайымына айналған Құрылтай да өтті. Дауыл алдындағы тыныштықты байқадық. Енді дауылдан кейінгі өзгерісті көрейік.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ.
Суреттер Ақорда парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!