Жүз жырау шыққан Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе ауылында көпбалалы ана тұрады. Осы күні Еркін Раев пен Жанбота Өтебалиева – 8 баланың ата-анасы. Отағасы шаруашылықта қойма меңгерушісі болып қызмет етсе, отанасы бала күтімімен үй шаруасында.
– Өзім Арал қаласының тумасымын. Егіздер анам жағынан берілді. Менің бауырларымның арасында да егіз болды. Тоғыз баланы өмірге әкелдім, Алланың берген сегіз ұл-қызы бар. Меруертім – студент. Гүлжайнарым 9-сыныпта оқиды. Егіздердің үлкені – 2014 жылы туған Әсет пен Әсел. Олар – 3-сынып оқушысы. Екінші егізді 2016 жылы өмірге әкелдім. Есімдері – Ғазиза мен Фариза. Үшінші егізіміз өткен жылы дүниеге келді. Әлихан, Әлижан есімді батырлар көз қуанышымыз болып тұр, – деді көпбалалы ана.
Алтын құрсақты ана егіздердің бәрін облыстық «Ана мен бала» орталығында дүниеге әкелгенін айтады. Тіпті, ана жүрегі ұлдарының егіз болатынын да сезіпті.
– Отбасында енеммен бірге тұрамыз. Енем – өте жақсы кісі. Бала тәрбиесінде сол кісінің ықпалы, көмегі көп тиеді. Әр баланың өз ырыс-несібесі болады. Балаға дұрыс тәрбие беру керек. Тәрбие құрсақта жатқаннан басталады. Бала – әр үйдің қуанышы, бақыты. Сондықтан, жас отбасыларға көпбалалы болуға кеңес беремін. Әрқашан Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын, Ұлдарымның егіз болатынын да жүрегім сезді. УЗИ-ге түскенде ішкі сезімім алдамағанын түсіндім, – дейді Жанбота Өтебалиева.
Жүктілік кезінде алтын құрсақты ана Ақтөбе ауылындағы Бота дәрігер мен Гүлжайна акушердің ұдайы бақылауында болған. Оларға да алғысын аямады. Сегіз немере сыйлаған келініне дән риза енесі Бекзада Ниязова Алладан балалардың тіл-көзден аман болуын сұраудан жалыққан емес.
– Қарашаңырағымызды сәбиге толтырып, әулетке қуаныш сыйлап отырған келініме ризамын. Келінім үй шаруасына жайлы. Баламның да еңбегі бар. Екеуі бір-бірімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Шүкір, немерелерім тәрбиелі болып өсіп келеді. Балалардың бақыты – менің қуанышым. Алладан отбасымды тіл-көзден сақтасын деп тілеп отырамын, – дейді ол.
Рыскелді ЖАХМАН,
Ерсін Сәдуұлы (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!