«ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ КІМ БОЛАТЫНЫН ПРЕЗИДЕНТ ШЕШЕДІ»
«Қаңтар оқиғасынан» соң ҚР Премьер-министрі лауазымына тағайындалған Әлихан Смайлов сайлау күні Үкіметтің «отставкаға» кететінін мәлім етті. Шыны керек, ол басшылыққа келгенде қуанғандар саны аз болмады. «Бөкейхановтай атына зат сай болсын» деген жазбаларды уақытында әлеуметтік желі бетінен көп кездестірдік.
«…Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың тұрмысын жақсарту туралы тапсырмалар Үкімет үшін басым міндет болады» деген Смайловтың сөзі 1 жыл, 3 ай көлемінде қаншалықты орындалды?
– Парламент Мәжілісі қайта сайланғаннан кейін Үкімет «отставкаға» кетеді. Жаңа Үкімет қайта жасақталғанша біз өз қызметімізді атқара береміз. Жаңа премьер-министрдің кім болатынын президент шешеді. Біз кез келген жағдайға дайынбыз. Еліміз үшін әрқашан еңбек етуге әзірміз, – деген еді премьер-министр жексенбі күні сайлау учаскесінде.
САУАЛНАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫНА СЕНУГЕ БОЛА МА?
Ендеше келесі Үкімет басшысы кім болуы мүмкін? Осы сұрақтың төңірегінде жауап іздеген «Чиновник» телеграм арнасы көпшілікке сауалнама жолдады.
Ұсынылған тізімде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бар.
Үкімет басшысының «креслосына» лайық болар деген министрлер ішінде 29 пайызбен топ жарып тұрғаны Тамара Дүйсенова екен. Кейінгі орында 25 пайызбен Саясат Нұрбек тұр. 19 пайыз дауысты Ажар Ғиният жинаса, 12 пайызды Асхат Оралов алыпты. Ең соңғы орынға Дархан Қыдырәлі 10 пайызбен орналасыпты.
АЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ АТЫ ДА АТАЛАДЫ
Соңғы кездері елдің назары экс-минстр Асхат Аймағамбетовке бұрылғаны рас. Мықты менеджер ретінде өзін көрсете алған Аймағамбетовты премьер-министр болуға лайық көретіндер көп. «Қазақша кідірмей, қағазға қарамай сөйлейтін, халыққа жақын, жылы жүзді адам» деп бағалайды оны.
Өткен айдың басында ғана экс-министрдің Астана қаласындағы М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне оқытушы ретінде қабылданғаны туралы ақпарат шыққан еді.
– Түрлі ұсыныстар бар, тиісті жоспарларым бар екенін де жасырмаймын. Бірақ, оқытушылық жұмысты қандай қызмет болса да бірге алып жүруге болады, сондықтан ағартушылық еңбегімді осылай бірге алып жүріп жалғастырамын, – деді сол кезде Асхат Аймағамбетов.
Осылайша, Үкіметке үміттілердің аты да ара-тұра аталып жатыр. Дей тұрғанымен, президенттің назары кімге ауатыны белгісіз. Ең бастысы, елдің қамын ойлайтын адамның келгені жөн.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!