HALYQLINE.KZ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ғалым Махмұтбайұлы Ғ.Мұратбаев пен Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесуі барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Мәжіліс депутаты алдымен халықтың көкейінде жүрген азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қолға алынған шаралармен таныстырып, өзекті мәселені оңтайлы шешу үшін түрлі ұсыныстар қарастырылып жатқанын жеткізді.
Еркін форматта өткен жүздесуде тұрғындар көкейдегі ойларын іркіп қалған жоқ. Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде мәселелер ашық айтылды.
Шығыстың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев атындағы ауылда өткен кездесуде алдымен ардагерлер кеңесінің төрағасы Ідір Дәстен халық қалаулысына тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдауға арнайы келгені үшін алғысын айтты.
Мұнан соң Елеусіз Әбу Әйтеке би кентіндегі жаңадан ашылған емхана компьютерлің томография мен МРТ аппаратын алу, бюджет қаржысын тиімді пайдалану сынды ұсыныстарын айтты.
Ал, Серік Дәуітов еліміздегі жер дауын реттеуге байланысты Үкімет қабырғасында қандай заң жобалары қарастырылып жатқанын және «2 немесе 3 баласы бар отбасыларға неге жәрдемақы берілмейді?» деген сұрақтарын қойды.
Жанкент ауылында еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар «Қарлаң» көпірінің құрылысын жандандыру, әйелдердің зейнет жасын төмендету және қатты отынның сапасы жайлы мәселелерді көтерді.
Елді мекен тұрғындарымен кездесуден соң Ғалым Махмұтбайұлы азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
Қазалы ауданына жұмыс сапары кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев жақында ғана пайдалануға берілген емхана ғимаратында медицина қызметкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп, Қазалы қаласындағы 140 орындық «Өрімтал» балабақшасы, қала мен кенттің екі аралығындағы жолды кеңейту және Сырдария өзенінің «Қарлаң» учаскесінде салынып жатқан темір-бетон көпірінің құрылысымен танысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Махмұтбайұлының Қазалыға жұмыс сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев бірге жүрді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!