Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, оның ішінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуде айтулы леп бар. Мәселен, осыған дейін Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында 2 бөлмелі және 3 бөлмелі 20 үй бой көтерді. Одан бөлек Тереңөзек кентіне кіреберісте №3 және №4 көппәтерлі тұрғын үй салынып, кезекте тұрған сырдариялықтар қоныстойын тойлады. Осындай жүйелі жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда.
Ағымдағы жылы А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында тағы да қос тұрғын үй бой көтеруде. Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қатысуымен осы аумақтағы 42 пәтерлі №1 және №2 тұрғын үйдің алғашқы кірпішін қалау рәсімі өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров қатысты.
Шарада аудан басшысы бас мердігерлер жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін жүктеді.
– Халықты баспанамен қамту – өзекті мәселе. Осы бағыттағы жұмыстар ауданда қарқынды іске асырылып келеді. Бүгін алғашқы кірпіші қаланып жатқан қос үй сапалы салынып, уақытылы пайдалануға берілгенде үй кезегіндегі тұрғындар баспанамен қамтылады. Қазіргі таңда аудан бойынша 498 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы екі үй ел игілігіне берілсе, 42 сырдариялық қоныстойын тойлайтын болады, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы да құрылысшылар жұмысына сәттілік тіледі. Тұрғын үйдің алғашқы кірпіші қаланғаннан кейін соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров ақсақал ақ батасын берді.
Айта кетейік, тұрғын үйлер құрылысының бас мердігері – «НұрТалап және К» ЖШС. Ал жобалаушы мердігер «Қызылорда ЖобаҚұрылыс» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы «Қызылорда НұрСтрой Инженеринг» ЖШС көмегімен іске асырылуда. Тұрғын үйлер жобасына 466 млн 195 мың теңге қаржы бөлінген.
Құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Осы орайда, ауданда 116 адам жұмыспен қамтылып, оның 58-і жұмыспен қамту бөлімі арқылы алынуда. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 29 адам жұмыс істеп, кірпіш қалауға жұмылдырылған.
Жалпы, құрылыс 7 айға жоспарланып, биылғы жылдың соңына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!