Наурыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде республикада тағы үш облыс құрылатыны туралы бастама көтерген еді. 4 мамыр күні мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері жайлы Жарлыққа қол қойды. Құжат 8 маусымнан бастап күшіне енді. Семей аймағынан Абай облысы өз аумағын белгілеп, еншісін алды. Орталығы – Семей қаласы. Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болды. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы. Бұдан бөлек, ел президенті Алматы облысын екіге бөлуді ұсынған болатын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы – Қапшағай, ал енді Жетісу облысының орталығы Талдықорған болып саналады.
Өткен аптада жаңадан құрылған үш облыстың әкімі тағайындалды. Одан бөлек, бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, оған да басшы келді. Бұл ақпаратты Ақорда сайты хабарлады.
КІТАПХАНАДАН БАСТАЛҒАН ҚЫЗМЕТ
Қазақстанның орталығындағы жаңадан ашылған Ұлытау облысының әкімі қызметіне Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды. 50 жастағы Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылы қаңтардағы сайлау кезінде «Нұр Отан» партиясының («Аманат» партиясы – ред.) тізімімен мәжіліс депутаты болған. Ол өзі туып-өскен Ұлытау ауданының әкімі қызметін екі рет (2010 жылы және 2019-21 жылдары) атқарған.
Облыс әкімі дауыс беру арқылы сайланды. Президент бұл лауазымға екі кандидатты ұсынған: Берік Әбдіғалиұлы мен Серік Шайдаров. Мәслихат депутаттарының ашық дауыс беруі кезінде 64 депутаттың 51-і Берік Әбдіғалиұлына дауыс берген.
– Ұлытау облысының әкімі боп тағайындалған Берік Әбдіғалиұлының атына жылы лебіз айтылуда. Бұл – жұртшылыққа ұнайтын шешім қабылданды деген сөз. Берік – ұлт руханиятындағы танымал тұлға. Тарихты түгелдеді. Көнені қозғады. Көмбені қазды. Жадты жаңғыртты. Сананы сілкінтті. Басқару мектебінде шыңдалды. Енді міне, бұрын да өз қолтаңбасын қалдырған Ұлытау өңірінің әкімі… Ұлытауды ұлықтайтын ұлға сәттілік тілейік, – деп жазды журналист, әдебиеттанушы Бауыржан Омарұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылғы 18 қыркүйекте Қарағанды облысы, Жезқазған кентінде дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тамамдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1989 жылы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кітапханашы болып бастаған. Осы тағайындауға дейін Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды, ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығын басқарды.
Жалпы, 1997 жылға дейін Қазақстанда Жезқазған облысы болған. Сол жылы аумақтық реформадан кейін Қарағанды облысына қосылған еді.
ОБЛЫС ӘКІМІ БОЛҒАН ЕКІНШІ ЖУРНАЛИСТ
Ал, Жетісу облысының әкімі болып Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев тағайындалды. Бұған дейін ол сенат депутаты қызметін атқарған.
«Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Жетісу облысының әкімі болып тағайындалсын, оның Парламент Сенатының депутаты өкілеттігі тоқтатылсын» делінген мемлекет басшысының Жарлығында.
59 жастағы Исабаев – С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Аталған университетті журналистика мамандығы бойынша, сондай-ақ халықаралық қатынастар мамандығы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының құрылғанын еске салып, өңір жұртшылығын осынау тарихи оқиғамен құттықтады.
Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің Жетісу облысының әкімі лауазымына Бейбіт Исабаев пен Бағдат Қарасаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.
Әлихан Смайылов олардың әрқайсысының өңірді басқару үшін тәжірибесі мол және ұйымдастырушылық қабілеттері жеткілікті екенін атап өтті.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 141 депутаттың 106-сы Бейбіт Исабаевтың кандидатурасына, 35 депутат Бағдат Қарасаевқа дауыс берді.
Айтқандай, ол облысты басқарған екінші журналист болып отыр. Бұған дейін қаламгерлер арасынан шыққан тұңғыш әкім Мұхтар Құл-Мұхаммед еді.
Әлеуметтік желіде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жұмысқа кірісер алдында жиналыста әкімдік қызметкерлеріне ескерту жасағаны туралы мәлімет тарады. Онда облыс әкімі жергілікті шенеуніктерге мемлекеттік тілге құрметпен қарап, орысша емес, алдымен қазақша сөйлеуді ескерткені жазылған.
ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЗМЕТ ҚЫЛҒАН
Нұрлан Телманұлы Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Нұрлан Ұранхаев 1965 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1987 жылы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик, 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтын экономист-менеджер, 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1987 жылы слесарь-монтажшы болып бастады. Әр жылдары әртүрлі басшылық және жауапты қызметті атқарды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары да болды.
Ал, бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Семейде Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Абай облысының барлық деңгейдегі мәслихаттарының жиналысына қатысты.
Ол депутаттарға Абай облысының әкімі лауазымына үміткерлер Ұранхаев Нұрлан Телманұлы мен Смаилов Асхат Сайдахметұлын қарастыру жөніндегі Мемлекет басшысының хатын оқып берді.
Ашық дауыс беру нәтижесінде 25 депутат Асхат Смаиловты қолдады, 89 депутат Нұрлан Ұранхаевқа дауыс берген.
Айтпақшы, Даниал Ахметов пен Жеңіс Қасымбек орындарында қалып, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарын басқара береді. Атап өтерлігі, бұған дейін Алматы облысының әкімі болған Қанат Бозымбаев басқа қызметке ауысуына байланысты босатылғанымен, жаңа жұмыс орны әлі белгісіз. Ал Алматы облысын Марат Сұлтанғазиев басқарады, ол бұған дейін Қаржы министрінің бірінші орынбасары болған.
ЖАҢА МИНИСТРЛІК ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Жалпы, «Қазақстанда Білім және ғылым министрлігін бөлу керек» деген пікірдің айтылып, жазылып жүргеніне біраз уақыт болды. Десе де, әр салаға министрлік аша бергеннен де нәтиже жоқ секілді.
Сонымен, Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты болған. BTS Digital білім беру жобаларын басқарды және BTS Education бас директоры болды. 2016-2017 жылдары АХҚО басқарушы директоры, 2013-2015 жылдары «Нұр Отан» ХДП Қоғамдық саясат институтының директоры болды. 2010-2013 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ны басқарды.
Ал, Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.
«Асхат Қанатұлы Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалсын» делінген мемлекет басшысының Жарлығында.
Еске салсақ, Тоқаевтың бұйрығымен Қазақстанның білім және ғылым министрлігі екі департаментке бөлінді: Ғылым және жоғары білім министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі пайда болды.
Өткен аптадағы тарихи һәм тұңғыш тағайындаулар осы болды. Шынын айту керек, үш облыстың құрылғанын ел-жұрт жақсы қабылдады деуге болады. Облыс әкімдерін тағайындауға да көпшіліктің көңілі толатындай. Тек елдегі кадр тапшылығына алаңдайтындар бар екен. Өйткені, бізде сапалы кадрлар жоқ болса да, қызметті қолғапша ауыстыратындар мен ауыстыртатындар көп.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!